Өлең, жыр, ақындар

Мәшһүрдің қырық алты жасында сөйлегені

  • 11.08.2018
  • 0
  • 0
  • 4303
Мәшһүрден келе жатыр өнер қайнап,
Бұлбұлдай қапастағы тұрған сайрап.
Самарқан, Бұқар, Ташкент- бәрін кезген,
Жасында бір кем отыз Тәңірім айдап.
Жасында қойылған ат - Адам-Жүсіп,
Жұрт кеткен сүйгенінен: "Мәшһүр"- десіп.
Қолына қағаз, қалам алған шақта,
Кетеді қара сөзге желдей есіп.
Мереке - жүрген жері болған жиын,
Көп көрген жақсылардың құрмет сыйын.
Аққан су арнасынан асып кетіп,
Тұруы туған жерде болды қиын.
Сөйлеген қара сөзді жүндей түтіп,
Жібектен құны артылып, кеткен өтіп.
Дүниені биықтияр төгіп-шашып,
Біресе олай, біресе былай кетіп.
"Ешкімге жүрмейін - деп, көзім сүзіп",
Бір Құдайдан басқадан күдер үзіп.
Құстай боп қапастағы қалғаннан соң,
Шарыққа бір-ақ шығып, кеткен кезіп.
Белгісіз не болары ақыр соңы,
Осы боп ендігі арман, қайғы - мұңы.
Ағарып атқан таңдай түсер көзге,
Кез болса маңдайына жұлдыз оңы.
Алатау, Қаратау мен кездім Шуды,
Өз өнерім өзімді үйден қуды.
"Үйіңде сабыр қылып отырмастай, I
Басыңа дейсізлер ғой,- не күн туды?!"
Өзіме көрінемін өзім мінді,
Кісендеп, бекітпедім неге тілді?!
Жасырмай өз ойыма келген сөзді,
Айтайын әңгіме қып сіздерге енді.
Әңгіме естісеңіз, міне, бізден,
Адамға пәле-тілден, бейнет- көзден!
Адамның адамшылық, артықтығы-
Көрінер, түсіп көзге, сөйлер сөзден!
Кем де емес кейбір сөзім - жанған шоқтан,
Әркімге ауыр тиер қалақ оқтан!
Ұшқан құс, жүгірген аң, жануарлар,-
Атанды бәрі "хайуан"- тілі жоқтан.
Сөз осал бола қалды не қылғанда,
Шақпақтай от шығады шағылғанда!
Көңілдің дариясында – сөз - бір гауһар,
Кісісі танып алар табылғанда!
Болмайды соз болғанмен, бәрі тегіс,
Келтірер иесіне кей соз сөгіс!
Бас қосқан мерекеде жақсы-жаман,
Шешендер - мәуелі ағаш, сөз - бір жеміс!
Қылмасын бұған талас ешкім бізбен,
Әркім-ақ байқап тұр ғой, көріп көзбен!
Дүниенің дүние болып тұрғандығы-
Әр нәрсе тауып орнын сөйлер сөзден!
Құдайдан сөздің асылы – келген - аят,
Әуелден - ақырғаша бар хикаят:
"Бұ дүние - бір қараңғы тұман!"- дейді,
Сонда сөз тірілтетін абыхиат.
Бұ сөзде ойламаңыз: "Бар – деп - жалған!"
Аузыма сөздің шынын Аллам салған!
Дегендей: "Жан семірер - жақсы сөзге!"
- Көңілді — тірілтер сөз - өліп қалған!
Сөйлесең, шығанақтан топты жарып,
Түсерсің көзге шамдай тұрған жанып!
Қанғандай құлақ құршы, сөз сөйлесең,
Сүйсінер тыңдағандар мейірі қанып.
"Меруерт, маржан - бәрі тас - сөйлер сөзге-
Оның бар не керегі?!" — дейсің бізге.
Жай жатса, бір домалақ тас есепті,
Тізілсе қолға алынып, түсер көзге!
Қарайсың жақсы сөзге көзді сүзіп,
Кейбір сөз елжіретіп кетеді езіп!
Әр жерде бөлек-бөлек жүрген сөзді
Түсірер жұрт көзіне, өлең тізіп!
Болғанмен орнасы(урнасы) жоқ - кей сөз-жалған,
Ақындар өлең қылып, тіркеп алған.
Бірден кеп төрт аяғы үйлескен [сөз болған] соң,
Жақсылар жалған демей, құлақ салған.
Өлеңге мен жасымнан болдым ұста,
Аузымнан шыға қалды-ау асығыста!
Әркімдер әрбір түрлі өлең жазған:
"Мәшһүрден мен астым,- деп,- осы тұста!"
Базарға жақсы-жаман жатыр барып,
Ешкім жоқ - мәз-мейрам боп, жүрген жарып!
Жыр болған - жылқышыға, қойшыға - қор,
Бұл күнде кім бар дейсің бізден кәріп (ғаріб) ?!
Ешкімнен артық емен - менің өзім!
Аяқ-қол - жұртпен бірдей құлақ - көзім.
Қыдырдың қыдырғанда, басқанындай,
Шашылып жұрт көзіне түскен сөзім !
XXX
Жалғанда жеке қара озған жаман,
Екі ұшты, бәйге алуы, оның аман!
"Мен сонымен таласа шаптым!"-дейді-
Жете алмай жер түбінде қалған шабан.
XXX
Жүйрік ат мақтанады: "Бәйге алдым!" — деп,
"Алдымен қарақшыға мен бардым!"- деп.
Ел тарқап, ертең зорға келсе-дағы,
Есек айтпас: "Шаба алмай, мен қалдым!" — деп.
XXX
Аралап жүрген білер дүние жүзін,
"Жаман,- деп,- есептемес ешкім өзін!"
Күміс теңге - қалтада, көмір - қапта,
Біреудің - тоқтата алмас біреу сөзін!
XXX
Бір тамшы жаңбыр еді - әуел басы,
Садафтың дариядағы болды асы.
Көрінбей су түбінде жатуменен,
Басқадан құны артылған дүрдің тасы!
XXX
Құйынмен - жерде жатқан шөп-шар ұшты,
Әуелеп, аспанға ұшып, көзге түсті!
Желмен ұшып жүргені - есінде жоқ,
О да ойлар: "Ешкім жоқ,- деп,- менен күшті!"
Өзімді - артық, өңгені кем көрмейін,
Бір ат мініп, бір атты өңгермейін!
"Менен асқан кім бар? [жан жоқ!]"-деп,
Ақымақлықты семіртіп, жем бермейін!
XXX
Мен жүрмін дүние қуып, әлі жетпей,
Жас жетсе де, балалық ойдан кетпей!
Зер танитын зергердің жоқтығынан,
Алтын басым тот шалып, қалдым өтпей!
XXX
Алдандық: ататұғын аң жоқ, шаңға,
Кез болмай бір ағарып атқан таңға!
Бұрынғыдан ырымға дәнеңе жоқ,
Көз салсаң осы күнгі жүрген жанға!
Бірталай келіп қалдық біз де жасқа,
Әр түрлі күлкі болып замандасқа!
Ай мен күн, күндіз бен түн қалыбында,
Болғанмен бұрынғыдан заман басқа!
XXX
Жамандық- жақсылықтан- жоғары асып,
Сөз болып, шынға өтірік араласып.
" Уағдаға опа!" — деген бұл заманда
Ел-жұрттың ортасынан кеткен қашып!
Уағдаға опа жоқ боп, түгел бітті,
"Бүгінгі жан - демеңіз- уәде етті!"
Ол өзі кеткенімен, жалғыз кетпей,
Мүрууат, сахилықты ала кетті.
Үшеуі мүлде кетті басын қосып,
Ие боп тоқтата алмай, ешкім тосып.
Жан өткен құр алақан бос қалған соң:
Болад - деп - заман қандай?!" —тұрмын шошып.
Бұл күнде лаңке сиса - болды торғын,
Аз болды танитын жан сөздің формын!
Сараңдық, мұнафиқтық, күншілдік пен —
Бұлардың иеленді қалған орнын.
XXX
Бұрқылдап қаз орнына қонды қарға,
Жүйрік - жорға орнына - тақтақ арба.
Aй мен күннің орнына - бұлт жүрді,
Замана солай болды, шараң бар ма?!
XXX
Бетеге мен көделер сүнбіл болды,
Қарға - бұлбұл, есектер - дүлдүл болды.
Басты қанша қосқанмен, піскен сөз жоқ,
Бір қайнауы ішінде дүмбүл болды.
XXX
"Жұрт жақсысы"- атанды зорлықпенен,
" Ер" -атанды-жамандар-ұрлықпенен!
Қалған-құтқан өтірікке ие болып,
Есіл өмір, оттің ғой қорлықпенен!
He жақсымын дегендер арын сатып,
"Мал табам!"- деп, жамандар жарын сатып.
Бірін-бірі: "Жеймін- деп-қалайша алдап?"
Жақсы-жаман теп-тегіс жанын сатып.
Тірінің түгін қоймай, тегіс тонап,
Өліктен ұялмастан кебін сұрап.
Жанның бәрі өнерлі болып кетті,
Теп-тегіс қолға тұрмас болып сынап!
Шебер - қолын, шешендер сатып сөзін,
Ата-ана- құлын жастай сатып қызын,
Бардан-жоқтан қанағат тегіс қашып,
Тірілей жеп тауысып әркім өзін!
Риза[ырза] болған бір жан жоқ Иесіне,
Кіретұғын келмейді үй есіне!
Ишандығын ишандар айырбастап,
Ғауам халықтың ат пенен түйесіне!
Ғалымдар білген ғылымын пұлға сатып,
Оқу бар, ұғушы жоқ, Құдай атып!
Бұрқыраған тозаң-шаң - жүрген аң-таң,
Жас-кәрі - бәрі мең-зең басы қатып.
XXX
Былғарының орнына - көң мен сірі,
Теріс қарасар, ұнатпай бірін-бірі.
"Ал!","бер!"- деген сөз еді — екі ағайын,
"Ал!"- өліп,"бер!"- деген сөз қалды тірі!
XXX
Екі сөз: бірі айтылды, бірі-қалды,
Уақ [ұсақ] ақша таусылды, ірі қалды.
"Бар!"- деген сөз аты өшіп, тып-типыл боп,
Бұл күнде: "Жоқ!" — деген сөз тірі қалды.
XXX
Жұрт жайылып, ұйлыққан қойдай болып,
Иесіз (ессіз) жүрсе, күні айт пен тойдай болып.
Ел билеуші қасқырдай күнде талап,
Жүрген жері у мен шу, ойбай болып.
Екі даугер бір-бірін сөзбен ұрып,
Шарылдаған бақадай дымы құрып.
Етін шайнап, сүйегін күл-күл қылар,
Зәрін төгіп жыландай, билер сорып.
Айрылып жоқ-жанынан, бар-малынан,
Көне алмай ешкім хұзыр алғанынан.
Қан жұтып қайғыменен не шаһбаздар
Барады құтыла алмай ақ арманнан [арманынан]
Шұбыртып күнде малды санап жатыр,
Жайылтпай өрістетіп, қанап жатыр.
Қасқырдай кейбіреулер арсалақтап,
Жан-жағын бермей дамыл, талап жатыр.
XXX
Өтірік өрттей даулап жанып жатыр,
Ессіз жұрт көбелектей барып жатыр.
Бірін-торғай, біреуін бөдене қып, '
Өзімен-өзін жаулап алып жатыр.
Дүние үшін бірін-бірі көрмей безіп,
Ағайын - татулықтың жібін үзіп.
Арсалаң тазыға ұқсап [ұсап] жүрген жан көп,
Қанағат қашқандықтан, көзін сүзіп.
Көз жетті мына жұрттың оңбасына,
Не болды қожа менен молдасына!
Түлкідей тышқан аулап кейбіреу жүр
Қастық қып құдай дескен жолдасына!
Таусылмас жұрт мінезі сызуменен,
Іс бітпес [айғайлап құр] айғай-ұйғай қызуменен!
Маймылдай [маймұндай] кейбіреулер құбылады
Әуре боп өзін-өзі [бүруменен] бұзуменен!
Жыландай кейбіреудің сырты шұбар,
Көрген жан анадайдан оған [болып] құмар!
Бойына жуықтатып алғаннан [бір алған] соң,
Аямай құйрығымен бір-ақ соғар!
Жел сөзді сөйлеуші едім мен тарықпай,
Табылса тыңдайтұғын ер жалықпай.
Жылпылдап кейбіреулер қолға тұрмас
Жылмағай, қабыршағы жоқ балықтай.
Сақа шықты.өкпелеп жүрсек мұртқа,
Жатқан зардап іштегі шықты сыртқа!
Қызыл көрсе, шабады айлық жерден,
Үймелеген қарғадай көшкен жұртқа.
Өсек сөзге гулесіп, желдей есіп,
Кісі ақысын, адал ас, біліп несіп.
Сауысқанша шықылықтап жүрген жан көп,
Сау жылқының арқасын еріксіз тесіп.
Шыға боқтап есіктен, кіре күліп,
Түндік қоймай ашпаған, тегіс еніп.
Күйкентайдың орнында кейбіреу жүр,
Алары жоқ бір тышқан, текке төніп.
Бұ заманда көп қалды - аз орнында,
Қырық күн шілде, қыс қалды, жаз орнында.
Қоразының тауықтың қызылы бар,
Әркімдердің басында тәж орнында.
Қиқу дауыс - қораздың өңешінде,
Аят, хадис - саулаған кеңесінде.
Жұрттың тынышын алады:
"Тұршы, тұр!"- деп
Жейтін боғы өзінің жоқ есінде.
Бара жатыр айтылмай тау іс қалып,
Сөз аяғын ұзартпай, тауыспалық!
Иненің жасуындай қасиет жоқ,
Өзін-өзі көтеріп топқа салып.
XXX
Қарай қойшы - тырнаның сасқанына,
Ми қалмастан басынан, қашқанына!
Таудан, тастан- өз басын ауыр біліп:
"Жер ойылып кетер!"- деп, басқанына!
XXX
Жаза берсе, жоқ ғайып болады сөз,
Мұндайларды көп көрдік адамнан біз.
Ін түбіне тығады кей жан өзін,
Оқпақтай: "Күндіз ұшсам, тиед-деп-көз!"
XXX
Сұмырай құс су іше алмас дария көлден
Көл көрінсе, қызғанып тамам елден!
"Көл таусылып қалад!"- деп, су тата алмай
Өз-өзінен отырып, өлер шөлден!
XXX
Жаза берсем қағазға, кетер сыймай,
Өрнек болсын соңғыға - бұл бір шимай!
Ішпей-жемей дүниені текке жиып,
Кейбіреулер кетеді көзі қимай!
Көк кептер ұшып кетсе, қайда жетпес,
Ұшқыр боп қанатты құс онан өтпес.
Тамақ үшін құл болып көрінгенге
Таяқпенен үркітіп қуса, кетпес.
Бұл дүние қанша ойласаң, келмейді епке,
Жақпайсың - жалбақтаумен қауым көпке!
Сиырға қант пен тоқаш қанша төксең,
Жүгіріп кетіп қалар сабан шөпке!
XXX
Дүниенің көз салмаңдар бар-жоғына,
Бірдей бол, шамаң келсе, аш-тоғына!
Шыбынды, қазір көрсең, қантқа қонған,
Кетеді жерік асы - ат боғына!
XXX
Жылы жаздың соңында - бір қысы бар,
Өз басында әркімнің жұмысы бар.
"Жаз болса, үйрек - қазды қоймаймыз!" —деп,
Сақтап жүрген әркімнің бір құсы бар.
Деп айтады: "Иа, сұңқар, яки лашын,
Ауаланып ешкімге бұрмас басын!"
Алған, салған, көз көрген дәнеме жоқ,
Осыменен өткізер өмір жасын.
Тоқтай алмай көргенде жерік асын,
Жорғалар қайқаңдатып қарға басын.
Жұрт күлер алақанын шапалақтап:
"Не ғып көрмей жүрген- деп- аяқ басын?!"
Басында бар әркімнің дәулет құсы,
Дауа(дәуе) жоқ, ниет болып қалған заман
Жапалақ боп жалп етер тышқан көрсе,
Боямас, тозған соң, шығып мысы.
ХХХ
Үрген қуық - бүгінгі жұрттың басы,
Бас болса, болар еді көзде жасы.
Таққа мініп, басына тәж қойғанмен,
Иттің кетпес ойынан жерік асы.
XXX
Ешкіден туғанменен, лақ емес,
Сарқырап саулағанмен, бұлақ емес.
Екі ашпалы есіктің тұтқасы да
Қалқайып қарайғанмен, құлақ емес.
XXX
Қаңтар мен ақпан болды күз орнына,
Сылдырлап сырнай шықты - сөз орнына.
Жылтыраған екі тас орнатылды-
Бұрынғы қайран сәуле көз орнына!
XXX
Сеңгір-сеңгір таулар бар - бұлағы жоқ,
Қопалы көл - жекен менен құрағы жоқ .
Өңшең үрген қарынға душар болдық,
Барлап тұрсаң, еститін құлағы жоқ!
XXX
Көрінгеннің бәрі-жау: ел жоқ болды,
Айнала-сор: мал қонар көл жоқ болды.
Үңгіріндей аюдың - ауыз біткен,
Ауыз баста болғанмен, тіл жоқ болды.
Үй басына қаптаған өлең-жыршы,
Не дейді екен, тыңдайық, тұра тұршы!
Дыңғыр-дыңғыр құр дауыс, айқай-ұйқай,
Қанбаған соң не керек құлақ құршы?!
Әр төбеде оба боп үйілген тас,
Не баспана болмайды, не ішер ас!
Бұл заманда коп болып, бас қосқанмен,
Жан сүйсінер бір соз жоқ, бәрі бір бас.
Екі көзі қатынның балтасында,
Қожа, енді қол балтадан тартасың да.
Жұртқа көзін салатын жақсы қайда,
Есіл-дерті әркімнің қалтасында!
Қуанады - болғанға қарыны тоқ,
Жайнап тұрған - ол өзі - қып-қызыл шоқ!
Ай мен күндей - ғаламға бірдей болған –
Айтуға бар-жақсылар- көруге жоқ!
XXX
Болдық малай-қарынға - бір парамыз,
Жан пайдасын білмеген жүзқарамыз.
Он шынжырмен бір итті байлай алмай,
Өмір бойы әуре боп, біз барамыз!
XXX
Ақылсыз, болдым ақымақ, мен жасымда,
Ескі жолдас айырылмай жүр қасымда.
Жұрттың қандай екенін біле алмаймын,
Бастан-аяқ айтылған сөз басымда!
Үстін оқып әліфтің, астын білмей,
Үтіріне барады тілім келмей.
Ноқат деген немене, айыра алмай,
Қарап тұрып зорықтым шаппай-желмей!
Ой түбіне жете алмай, миым қатып,
Зорыққаннан, жүре алмай қалдым жатып.
Надандықтың мастығы - айыға алмай,
Жатырмын жоқты-барды сөйлеп шатып!
Он төрт жылда - болады қақ жарты жүз,
Білімі [мағлұмы] жоқ: көре ме, көрмейме кез?
Дарбаза [даруаза]- ауыз, сөз-самал:тоқтау бар
Көрінгенді көзіме- қыламын сөз!
XXX
Піскен егін сықылды- аспан-жасыл,
Қыс пен шілде, жаз боп күз - бар төрт фәсіл.
Ай- орағы егінді оратұғын,
Әбден білсе, сөз бар ма мұнан асыл?!
Жазғытұрым - емес біз, болдық қой-күз,
"Қыс боп қалдық!"- дегенше, күдерді үз!
Жалаңдатып орағын, алып тұрған,
Оратұғын сондағы егіні - біз!
Бізді бір күн кетеді еріксіз орып,
Қала алмаспыз қисайып, мойын бұрып!
Тәңірі алдына апарар түк таба алмай,
Ойлап тұрсаң, аңқиып, қалдық тұрып!
Естуге құлақ болса, мінеки, сөз,
Көрсейші, байқап көкті, бар болса көз?!
"Дүние-ақырет егіні-білгенге!" — деп,
Пайғамбар айтқан екен, білмеппіз біз.
Жер жыртып жазғытұрым, тұқым шашпай,
Күз болса, қаптың аузын қалдық ашпай!
Кім орғанын білмейміз, аңқиямыз,
Көрмеген ойын шығып, бір көз баспай.
XXX
Таң атса , жатамысың ұйықтап, бақытым?!
Менің де таянған-ды жүрер уақытым!
Қолымда аттанарда жоқ нәрсені
Барғанда тәңірі алдына, қайдан таптым?!
Не болды, бақытым, мұнша ұйықтап қалып,
Жалғанның азабына мені салып?!
Оянып, бір басыңды көтерсейші,
Шырадай бір ашылсын, көзім жанып!
Жер кезіп, салдым ғой шар мен қояндай,
Жанымды бір араға тыныш қоя алмай!
Басыңа жастады ма дию тақтайын,
Не болды саған, бақытым, мұнша оянбай?!
Бақытымның ұйқысы — ауыр, болдым кезбе,
Қайғы-ғам, ескі жолдас, менен безбе!
Құдайдың пендесіне рахматы мол,
Болғанмен қанша құр қол, күдер үзбе!
XXX
Қайғы-ғам: болдың үйір бала жастан,
Кешірдік- айтылған сөз, бәрін бастан!
Аспанға қанатсыз-ақ ұшқың келсе,
Дүниеден- өлмей тұрып- жалаңаштан!
Есі жоқ, есалаң бол, дүние жимай,
Қолға ұстаған дәнеңе жоқ, қалсын шимай!
Ішер ас, киер киім-ойға алмасаң,
Балқиды жер дүниеге нұрың сыймай!
Қызығын бұл жалғанның- білме- дәурен,
Аз емес, өлшеуге алсаң, бұрынғы әурең!
Ұйқы мен ең аяғы астан безсең,
Түседі аспандағы Күнге сәулең!
Аспанда: Күн күректеп, Ай айырлап,
Алмастан ешбір дамыл ол байырлап.
Бидайдай [бұйдайдай] желге ұшырып өміріңді,
Екеуі тауысуды, біл байымдап!
Ойласам, осы бір сөз дұрыс екен,
Деп айтпас миы бар жан:
"Бұрыс екен!"Бірі-күндіз, біреуі- түнде жорытқан,
Ай менен күн - өмірдің ұрысы екен.
Біреудің - кеш, біреудің - ерте бақытын,
Талай жанның басынан алған бақытын.
Ұрлап жүрген осы екен өмірімізді,
Патшалардың ұрлаған тәж бен тахтың (тағын).
Сықылды қашқан қоян - күнім зырлап,
Болмайды, қанша айтсам да: "Тұра-тұр"-лап,
"Кеткен-күн, өткен-өмір қайда?!"- десем,
Жүр екен білдірместен, бұлар ұрлап!
Кешегі кетіп қалды-ау күнім өтіп,
Айырып алып қала алман, қуып жетіп.
Күні кеше алғаны есінде жоқ,
Ертең тағы келеді жылтың етіп!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Әбушақыма

  • 0
  • 0

Жамағат, тыңдасаңыз, сөз тастайын,
Құрбылық қақы үшін сөз бастайын .
Ғайып қып қателерді байқап ата
Алаңмен бір қиссаны мен бастайын.

Толық

Гүлшат-Шеризат

  • 0
  • 4

Жігітке құдай берген қиын емес,
Болғаным менің ақын биыл емес.
Бетіне ақ қағаздың салып шимай,
Қиссасын "Гүлшат-Шеризат" қылдым кеңес.

Толық

Ханымбике

  • 0
  • 0

Дүниеде қарап тұрсаң мақұл бар ма,
Көрінер бәрі де ерсі ақындарға.
Мәз болған байы: "Ку бас" - атанғанға
Жазамын әдебиет қатындарға.

Толық

Қарап көріңіз