Өлең, жыр, ақындар

Палатадағы ой

  • 14.08.2018
  • 0
  • 0
  • 1495
1
Бұл ұйқы бұрын былай сергек пе еді,
Ақ арман анашымдай тербеп пе еді.
Қырмызы түннен тағы маза қашты,
Сан ойлар жиналған соң жер-көктегі.
Тағы бір жазсам-ау деп ұтымды өлең,
Таң да атты жақсылық күтуменен.
Мен де бір зерігермін, өлеңіммен
Жыртығын қам көңілдің бүтіндеген.
Ағытайын көңілдің күй арнасын.
Кеудеме күй құдіретін құяр ма шын.
Тұрсам-дағы өмірде жарсыз жалғыз,
Белгілі ғой өлеңсіз тұра алмасым.
Оқушым, сенен несін жасырайын,
Жанымды жер жегідей бос уайым.
Өмір кеме, мен дауыл қарсы жүзген,
Мен бір жатқан көсіліп жасыл айдын.
Кейде мен қара терге малшынамын,
Болады таусылғандай бар шыдамым.
Кейде бір болат топшы қаршығамын,
Шырқайтын шыңдардың бар шығанын.
Кейде бір қайырлаған қайықтаймын,
Мен сонда өзімді-өзім айыптаймын.
Сырлы түн сырласуға шақырады,
Қарайды қара шашын жайып қайың.
Кештер де құпиясын ашып маған,
Естігем ғажап әнді аспандаған.
Құлақтан кетер ме сол қоңыр дауыс,
Әсерсіз басқа дүние, басқаң маған.
Ақын да аспанға ұқсап егіледі,
Кейде бір нөсер болып төгіледі.
Ой бұлттар кейде ыдырап сөгіледі,
Ақынды түсінбеген не біледі.
Бір толқын күші ойнайды тасып қанда,
Айтпайды-ау таң да жылдам асыққанда.
Шіркін, өмір бұраулы домбыра ғой,
Ей, адам, байқаусызда басып қалма.
Үзілген ән қайтадан жалғанбайды,
Ойлайсың кейде мынау жалған жайлы.
Жатсын мейлі ауырып ақын жаны-ай,
Өмір жайлы, жыр жайлы армандайды.
2
Басқадай мен неге еркін баспадым деп,
Асуын арман белес аспадым деп.
Өкініш оты өртейді өзегімді,
Аяқты жіпсіз байлап тастадың деп.
Қуат беріп кейде бір жаныма тың,
Шалқытады өлеңнің дауыл отын.
Өзіме-өзім өкпелеп мен жатырмын,
Жөнің жоқ деп отызда ауыратын.
Мен бір жыршы құсымын қазағымның,
Бұл өмірдің өткерген азабын мың.
Мен сені сүйгеніммен, аяулы елім,
Мен нені өзің жайлы жаза білдім.
Жатырмын "тәубе" көріп бұл күнді де,
Мен сенің жазған емен күлкіңді де.
Мүсінші болсам, әттең, сызар ем ғой,
Аңқау, адал бейнеңді сүйкімді де.
Түсермін тірі жүрсем тағы сынға,
Жетеді бойда жігер, намысым да.
Жырланбаған жырларым жатыр менің,
Жұлқынған асау өзен ағысында.
Демеймін мен тірлікке налып келем,
Бұл өмір сырларына қанып келем.
Құлап түссем көгіңнен өз сорымнан,
Мен де бір жұлдызың боп жанып көрем.
Құштар емен жел сөзбен өң беруге,
Өзімді көкте күнмен теңгеруге.
Бар болғаны ақынмын өзің туған,
Бұлт — жырлар, кеудем соны өңгеруде.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Прикамье

  • 0
  • 0

Прикамье көнелердің көзіндей,
Көреді ол бар ұлтты да өзіндей.
Көпті кешкен абзал жаны алаңдап,
Ақ таңды да атырады көз ілмей...

Толық

Іздерсің сонда

  • 0
  • 0

Ауылға, достар, ал кеттім,
Серігім болар кімің бар.
Келеді кейде әндеткім,
Соны ұғып жұлдыз жымыңдар.

Толық

Келер еді

  • 0
  • 0

Анашым!
Тірі болса келер еді.
Келер еді толтырып кенерені.
Келер еді ақсарбас жолына атап,

Толық

Қарап көріңіз