Бар өмірге қимас ем – Марфуға Айтқожина

Бұл бетте «Бар өмірге қимас ем» атты Марфуға Айтқожина жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 17.08.2018
  • 0
  • 0
  • 2504
Дүлей теңіз — мендегі сезім деген,
Жан бар ма, сезім күшін сезінбеген.
Бар өмірге қимас ем әттең дүние-ай,
Жалғыз сәтті өткізген
Өзіңменен.
Ойнама, жаным, сірә теңізбенен,
Толқынға батырады теңіз — терең.
Сол терең толқындарда тербеп келем,
Сезімнің нәзік гүлін —
Сен үзбеген.
Шақтарымда ұзақ таң көз ілмеген,
Сырласамын, сиқырлы сезімменен.
Жай таптырса жаныңды самал есіп,
Ол менің сағынышым —
Сені іздеген.
Бар шығар армансыз боп еткендер де,
Ұқсаймын жауын күткен беткейлерге,
Мен өтермін өмірден,
Сендік сезім —
Қалар-ау, мәңгі жасап
Көктемдерде...
Дүлей теңіз — мендегі сезім деген,
Жан бар ма сезім күшін сезінбеген.
Бар өмірге қимас ем әттең дүние-ай,
Жалғыз сәтті өткізген
Өзіңменен.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері