Өлең, жыр, ақындар

Аққуым

  • 05.09.2018
  • 0
  • 0
  • 2791
Әкелгендей мол қуаныш, сұрағандай сүйінші,
Тұршы, сәулем, мұңаймашы, шықшы қырға, киінші,
Дегендей бір самал есті қолаң шашты жұлқылап,
Бір сағыныш жүрегімді шымырлатты шымшылап.
Жүгіре шықтым қыр үстіне, соқты самал желпініп,
Жатыр екен табанымда толықсыған көл тұнып.
Жатыр екен бұратылып сан құбылып ойнақшып,
Сәуле құшқан толқын ерні дір-дір етіп қаймақшып.
Көрдім дағы сол бір қалпын жүрек кетті толқындап,
Жағалауда нәзік қайың ырғалады солқылдақ.
Жағалауда нәзік құрақ сусылдайды бұрымдай,
Самал тынбай тербетеді бірін қатты, бірін жай.
Сыбырлайды, сыбдырлайды,
сыңғырлайды бар маңым,
Төксін дей ме жүрек толы сағынышын, арманын.
Жұлқылайды, шымшылайды, қытықтайды бал сезім,
Мейлі-мейлі бар еркімді балқытып бір алшы өзің.
Ұмытайын бәрін-бәрін, ойланайын өзің боп,
Көз сүрінткен сұлу жаның төгілсін бір сезім боп.
Бар еркімді бағындырған, сағындырған күйік боп,
Арманымның аспанына жұлдыздайын биіктеп.
Тербетесің, желдетесің, желпіндіре желписің,
Желписің де нәзік әнге құмарлана елтисің.
Елтисің де кетесің бір жадыраған жаз болып,
Жасыл құрақ жағалауың көгала үйрек, қаз қонып,
Сол бір сәтте баурын төсеп жүзеді аққу қаңқылдап,
Су бетінде сұлу тұлға толқын тербеп қалтылдап,
Ұмтылады, кеудесіне жыр тұнады, жылжиды,
Жасыл жаға мүлгиді де әлдилейді бір күйді,
Әлдилейді, тербетеді, құшағына алады,
Осы сәтте ару аққу әсем әнге салады.
Сымпылдатып қанаттарын, сұңқылдатып даусын,
Әсем әнмен ұйытады құз қойнауын, тау ішін.
Сол суретке қалам қарап жанарымды қандырып,
Аққу арман алыстайды үмітімді талдырып.
Сонда көңіл гүл атады ұқсайды да көктемге,
Кеудем толып кеткендей бір лапылдаған от демге.
Бірақ, бірақ сол бір сәтте мен өзімді тыямын,
Тиямын да қара бұлттан нөсер болып құямын.
Құямын да алыс кеткен аққуымды іздеймін,
Көз жазсам да бірақ одан үмітімді үзбеймін.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Соғады жүрек

  • 0
  • 0

Нұр күлкісі жүзінен айықпаған,
Отыр жалғыз теңселіп қайықта адам.
Бәйек болып ерке өзен келе жатыр,
Толқын-толқын құшағын жайып маған.

Толық

Қыран жеткен

  • 0
  • 0

Жетіпті биігіне қыран бүгін,
Көрсетер қыран солай қырандығын.
Туған жер мәпелеген түлек үшін
Ақын да ағыл-тегіл құяр жырын.

Толық

Көңіл құсы

  • 0
  • 0

Соғар кеште салқын самал даладан,
Кім бар дейсің өткен күнін санаған.
Жеткен де бар, жетпеген де бұл күнге,
Келіп тағы, кетіп жатыр сан адам.

Толық

Қарап көріңіз