Өлең, жыр, ақындар

Қыр қызғалдағы

  • 05.09.2018
  • 0
  • 0
  • 3509
(Өмір елесі)

Түн еді ол — қыз көзін ілмеген,
Жұлдыздар жымиып күлмеген.
Түн еді ол табиғат дүлейің
Дүниеде не барын білмеген.
Түн еді тыншымай бір жүрек
Мұң жатқан өзегін тілгілеп.
Түн еді ол титімдей қыз бала
Жол кешкен бір жанып, бір жүдеп.
Түн еді ол толқынған, жұлқынған,
Жағасы бұлттардың жыртылған.
Тағдырға қасарып, қарысып,
Қыз бала дауылға ұмтылған.
Түн еді қап-қара үрейлі,
Басылмай бір боран үдейді.
Кім білсін түн кешкен осынау,
Бейбаққа әлде не тілейді.
Кім білсін бұл үрей басылар,
Жұлдыздар моншақтай шашылар.
Бірақ та бәріне емес ол,
Емес ол бәріне бас ұрар.
Келеді жас жаны ашынып,
Ілгері ұмтылып, асығып.
Келеді жетелеп бір үміт,
Көңілден үрейді қашырып
Ақ түтек тұтасқан айдала,
Ұлыған қасқыр ма айнала.
Ей, байғұс, тағдырмен ойнама,
Ойнама, тағдырмен, ойнама!
О, дүлей табиғат, тымырсық,
Дүние жатқандай ыңырсып.
Қақырап кеткендей аспан да,
Құяды ақ қарды қиыршық.
Ақ қырау бұрқақтап тынбайды,
Тартады үскірік сырнайды.
Үдейді, үрлейді уілдеп,
Гуілдеп қыз жанын тырнайды.
Ел қайда, алдағы жол қайда,
Кетеді-ау, қашықтап ондайда.
Бар ма еді жазығы жас қыздың
Сұм тағдыр, аясаң болмай ма?
Көрген жоқ ешкімге еркелеп,
Жиған жоқ қыр гүлін ентелеп.
Әкеден, шешеден айырып,
Салды өмір салмағын ертерек...
Басылып кешегі бұрқасын,
Тарқатты күн ару нұр шашын.
Көміпті ақ ұлпа қарменен,
Көкшенің даласын, қырқасын.
Ой түсіп көңілге қамықты,
Ол мынау дүлейден жалықты.
Бір тәулік жол шекті тынбастан,
Әйтеуір жетіп-ақ қалыпты.
Әкенің — ол жалғыз тұяғы,
Мекенін қалайша қияды.
Ол іздеп келеді тынбастан,
Өзіне бір ыстық ұяны.
Тосса да тағдыры қастығын,
Тілсе де кеудесін ащы мұң.
Келеді ол елемей бәрін де,
Келеді ол елемей ашығын.
2
Шертпейді ешкімге бала сыр,
Мейлі сен қасында таң асыр.
Ұстаздың одан бар білгені —
Жоқ онда сүйеніш, жанашыр.
Жоқ орны әкенің, жұртының,
Жамылған жалаңаш қыр түнін.
Ұмытқан жып-жылы төсекті,
Ұмытқан сыңғырын күлкінің.
Сол күнгі дауылда адасып,
Толса да үрейге қарашық.
Шақырды мектебі — ұясы,
Алдынан құшағын кең ашып.
Томпиған өзіңдей ұл-қыздар,
Жанайын деп тұрған жұлдыз бар.
Жүзінен табы өшіп барады,
Жетімдік, кешегі түнгі ызғар.
Ауыр күн білдіртпей көшкенін,
Самалы еседі Көкшенің.
Көрсең ғой сол қызды сен бүгін,
Көрсең ғой қандай боп өскенін.
Күн өтті, ай өтті, жыл өтті,
Көктемдер гүлге орап жүректі.
Сол мектеп-интернат өзінің
Алғашқы құстарын түлетті.
3
Мың тоғыз жүз отыз үшінші жыл еді,
Сай-салалар гүл атты да түледі.
Сағым құшқан Көкшетауда көк мұнар,
Алтын кірпік күн жадырап күледі.
Өңшең қыздар тал шыбықтай иілген,
Барлығы да көбелектей киінген.
Оқуда да, еңбекте де ерекше,
Бір оқушы жұрт назарын үйірген.
Аққан судай зулап өтіп жатты күн,
Интернаттан тауып үлес, шаттығын,
Көктем болса, егіс егіп, жер жыртып,
Жазғытұрым жайқалтты да бақ гүлін.
Қауырт жұмыс күттірмейтін кезекті,
Оқу, еңбек уақыт шіркін тез өтті.
Отырмайтын қол қусырып бірі де,
Отын тасып, терді де олар тезекті.
Өтті уақыт, өтті кезең әрқалай,
Көңіл бұлты жадырамай, тарқамай.
Титімдейден шынықты олар өмірге,
Шаршаса да, үйренді олар шаршамай.
Кезең еді ол, керенаулық сүймейтін,
Үміт, арман ұдай алға сүйрейтін,
Күндіз оқу, кешке жұмыс, жанталас,
Жан тынышын ешкім онда білмейтін.
Санамайтын минуты мен сағатын,
Мезгіл — дария толқындайтын, ағатын.
Елден келген Дариға қыз баяғы,
Интернаттың бұзауларын бағатын.
Тұрар еді жанарынан нұр күліп,
Жайламайтын көңілін оның құр күдік.
Оқуды да, шаруаны да тапсырған,
Жүрер еді жалғыз өзі тындырып.
— "Интернатта бүгін үлкен жиын бар,
Біздегі бар оқушыны жиыңдар!
Қоя тұрып шаруаны сырттағы,
Артық-ауыс сөзді–дағы тыйыңдар!" —
Деп директор ұстаздарды шақырды,
Аяулы бір адам еді ақылды.
Бөлмей-тұғын ешқашан да барлығын,
Бөлмей-тұғын алыс пенен жақынды.
Жанарынан тұратын нұр күлімдеп,
Бірің — қызым, енді бірің — ұлым деп.
Бәрі соның баласы боп кеткендей
Сонда небір тәмпіш қара тұлым көп.
"Оқудың да, еңбектің де үздігі,
Айтшы неге, құптамасқа, біз бұны.
Мақтанышы интернаттың, ұстаздың,
Дариға қыз, осынау бір түз гүлі".
Ұстаз үні әсерлі де жалынды,
Көңіл бүгін ғажап нұрға малынды.
Дариғашы бірінші боп сол күні
Пионердің қатарына алынды.
Қыр үстінде жайқалады қызғалдақ,
Қай опасыз гүл желегін қызғанбақ.
Тағдыр да оған төтеп бере алмаған,
Бақытына салғанменен жүз қармақ.
Көз жіберіп түр еді қыз белеске,
Жаны рақат тауып салқын жел ессе.
Хабар келді астанадан, Дариға,
Барады деп Москваға, Кеңеске...
Москвада болса–дағы аз-ақ күн,
Айтып тіпті жеткізе алмас ғажап тым.
Мәпеледі, алақанда тербетті,
Кіп-кішкентай қарлығашын қазақтың.
Күй толқытты көкірегін бөлеп ап,
Орны да оның басқалардан бөлек–ақ.
Қырдың қызын құрметтеді құрбылар,
Құрметтейді өзіндей кіл делегат.
Өзің де бір жайнап тұрған гүл едің,
Кербез Көкше бауырында түледің...
Сезді ме екен олар сонда бұл қыздың
Дүниені шарлап ұшып жүрерін.
Жас жігерін өршіл талап жани ма,
Жұрт аузында аңыз болды Дариға.
Көрінбесе көзге осынау ісімен,
Он үшінде, айтшы, әлем тани ма?
Он үшінде еңбектегі ерлігі,
Үлкен-кіші, тең құрбыға белгілі.
Айғағыңдай тұрды емес пе жарқырап,
Омырауда Құрмет белгісі ордені.
— Айтшы, қызым бүгін неге налимын,
Ер қазақтың Дариғасын танимын,—
Деп тақты әкеп өз қолымен орденді
Өжет қызды шаштан сипап Калинин.
Күндер өтті бергісіз–ақ ертекке,
Байдаркамен жарысты алар әр шетте.
Мамлакат, Миша менен Барасби,
Бәрі солай табысқан-ды Артекте,
Жетеді ғой, көк аспанның нұры көп,
Кейбіреу мәз жүргеніне тірі боп.
Ұлы адамның омырауына тағылды
Дариғашым қырдың қызыл гүлі боп.
4
Күрсінеді, тағы нені ойлады,
Бір терең сыр жанарында ойнады,
Ойнады да күшті тасқын лықсып кеп,
Түсірді еске ауыр күнді қайдағы.
Емес еді толқып өткен жай ағын,
Мен отырмын тосып сөздің аяғын.
Сұрапыл жыл от қақпасын қағуға
Әлде мені, әлде өзіңді аядың.
Сезім, шіркін, алай-түлей қапырық,
Терең сырға кетті-ау оны шақырып.
Сол жылдардың қасіреті маған да
Өрт шеңгелін салғандай бір батырып.
Іште талай айтылмаған сыр тұнып,
Кірпігіне жалғыз тамшы іркіліп,
Көз алдынан өтіп жатты көлбеңдеп,
Парақтары ұшып жатты жыртылып.
Бірақ, бірақ аузыма сөз түспеді,
Түсінсем де жан сезімін іштегі.
Тулап кетті қан тамырлар бойдағы,
Әсерлі еді, жалынды еді, күшті еді.
Сол бір сырға неге ғана асықтым,
Сау көңілін неге ғана жасыттым.
Әңгімемен абайламай отырып,
Жан пернесін, ән пернесін басыппын.
Кететіндей бір ғажап күй төгіліп,
Қазір, қазір жауатындай егіліп.
Күлпаршасы шығатындай дәл қазір,
Көк аспанның бір бұрышы сөгіліп.
Сондай нәзік, сондай қиын сыр ғой кіл,
Сабағында үлбіреген тұр ғой гүл.
Қайта оралу қиын шығар шынымен,
Ел көңілінен ұмыт болған сүрлеу бұл.
Келмей ме әлде, сол сүрлеуді басқысы,
Келмей ме әлде, сыр сандықты ашқысы,
Өзі кешкен кешегі өрт майданның
Жас боп көзден төгілер деп ащысы.
Қалай ғана қақпай өтем қақпасын,
Жүректерде шер боп тұнып жатқасын,
Қалай ғана көре тұрып, көрмеймін,
Қарт сақалын, аналардың ақ шашын.
Кешегі бір жетім бала, жесір ше,
Төгіп өткен, төпеп өткен нөсер ше.
Елі үшін құрбан болған ағалар,
Аруақтар, артық кетсем кешірші.
* * *
Майдан іші. Сұрапыл қанды жорық,
Ашу мен кек барады жанды жонып.
Менің де Дариғашым жауға аттанды,
Жатқан кезде азамат атқа қонып.
Болмақ емес туған жер — жат ойнағы,
Жүзінде алаулаған от ойнады.
Бәрін де сол майданмен алмастырды,
Университет, арманшыл, шат ойларды.
Киді үстіне солдаттың сүр шекпенін,
Шертті саусақ соғыстың жыр шектерін.
О баста туған жоқ ол қорқақ болып,
Қорғап жүрді алыста, бір шетте елін.
Дала ол да күңіреніп, шер төгеді,
Аспан мен жер тұтасып өртенеді.
Сол бір өрттің ішінде Дариға жүр,
Ұқсап бір аңыздарға ертедегі.
Өмір, өлім жатты орнын алмастырып,
Соғыс заңы бір күйде қалмас тұрып.
Тұрған кезде оқтардан от боратып,
Майданмен жүрді ол елін жалғастырып.
Қатары азаматтың жатқан кеміп,
Самайын аналардың ақ тал көміп.
Білдіріп амандықты дамылы жоқ
Тұратын ауыл жақтан хаттар келіп.
Жүрсе дағы еш толас, болмай тыным,
Көкшетауға сәлемін жолдайтұғын.
Сағынатын ұдайы салқын самал,
Сағынатын Саумалкөл, балдай түнін.
Бауырын Оқжетпестің қиялдайтын,
Сексенкөлге сексен саз — сый арнайтын.
Сексенкөлде аққулар әнін қосып,
Сексенкөлден жамырап күй аңырайтын.
Сексенкөл сенделетін, сабылатын,
Ақ құсын алыстағы сағынатын.
Оқжетпес мойнын созып батыс жаққа,
Мұнар кешіп, күн ұзын қамығатын.
О, Көкше, сұлу Көкше, нұрлы Көкше,
Көлінде күміс сағым дір-дір етсе.
Ол-дағы Дариғаштың сағынышы
Төбеңнен ақша бұлт боп сырғып өтсе.
* * *
Япыр-ай, атыс тағы басталды да,
Қақырап қақ жарылды аспан мына.
Байланыс тұрған жерді талқан етті,
Жау бомбасы үсті-үсті тасталды да.
Берсін бе қыз қолынан жай намысты,
Бір ұшқын көз алдынан жайлап ұшты.
Жараланды ол, уақыт жоқ қарайлайтын,
Жалғау керек үзілген байланысты...
Сезбеді қыз талмаурап жатқанын да,
Күннің батып, ақ таңның атқанын да.
Қозғалса кететіндей қазір құлап,
Ілініп тұрғандай шың жақпарында.
Жетеді талып оған бір үн майда,
Әлде кім құлағына сыбырлай ма?
Қайда оның жолдастары, майдандасы,
Япыр-ау, жатыр өзі бүгін қайда?
Еріні дір-дір етті қаны қашып,
Қарады кең дүниеге көзін ашып.
Сол мезет таяп келген дәрігері,
Сөйлеп кетті бір сәтке көңілі тасып.
"Сәлемі бар жолдаған саған қырдың,
Құттықтайды қол қысып, тәмам құрбың.
Сол күні партияға алындың",— деп
Бұйрығын айтып шықты командирдің.
Кеудеге түскен, бірақ жара мықты,
Дәрігер жалғастырды жаңалықты.
Қызыл Ту ордені мен Отан даңқы
Медалін Ерлігі үшін және алыпты.
Қыз өңінде бір сәуле толқындады,
Қос тамыры шекенің солқылдады.
Жүрегін күшті сезім қайта баурап,
Қайта тасып бұлқынды салқын қаны.
* * *
Берлин.
Конгресс.
Мінбеге қазақ қызы көтерілді.
Алаулап ажарынан от өрілді.
Сілтідей тынды бәрі сол бір сәтте,
Талас, айтыс, жарыссөз неше күнгі.
Ән.
Көңілдің ашынған асқақ әні,
Дариғаштың шалқыта бастағаны.
Бейбіт өмір,
Аспан әні,
Ән қалқытып кеткендей астананы.
* * *
Алатау,
Алматы,
Шартарап,
Барады шұғыламен ән тарап.
Көк сеңгір шыңдар тұр қасқайып,
Аспанды арқаға арқалап.
Алатау,
Алматы,
Күн мекен,
Бау-бақшаң құлпырған гүл ме екен?
Күндіз бір алма бет ару қыз,
Жанасың жұлдыз боп түнде сен.
Алатау,
Алматы,
Сайран бақ,
Көркіңе мың қарап, қайран қап.
Келеді жан-жақтан құс ұшып,
Өзінде қайтуға сайрандап.
Алатау.
Алматы,
Өзінде кішілік,
Кеудеңнен гүліңді ұсынып.
Тұрасың Шығысқа, Батысқа
Күн сайын құстарды ұшырып.
Алматы,
Алма бау —
Мәуелі,
Құстар қаптап барады әуені.
Тұр оны ұшырып Дариғаш,
Көрсін деп әлемнің бар елі.
Алатау,
Алматы,—
Астанам,
Қалғысам шыныңды жастанам.
Барады құс болып қалықтап,
Дариғаш бастаған асқақ ән.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Доғалы

  • 0
  • 0

Тынбай жүйткіп келеміз біз жоғары,
Емес, сірә, таусылатын жол өлі.
Көруге бір бәріміз де құмармыз,
Сұлу көлді тау ішінде "Доғалы"

Толық

Түтін...

  • 0
  • 0

Түтін.
Көгілдір аспанды қаптаған,
Түтін, жалыны жанды аптаған.
Ұнаттым ошақтан ұшқан түтінді,

Толық

Жасыл жапырақ Қ.Н-қа

  • 0
  • 0

Тез болды барғаныңнан оралғаның,
Демеймін жүгі жеңіл жол-арнаның.
Сол елді қайта көріп,
Қайта құшу —

Толық

Қарап көріңіз