Сайрам көлі
Көлбеген көз ұшында Жоңғарым ба,
Тарих жатыр көсілген жолдарында.
Қанатын ақ арманның талдырып сап,
Шер тұнған тарам-тарам жолдарында.
Самал тербеп толқынды көл керілген,
Шар айна дерсің шыңға төңкерілген.
Суға төніп, малтиды құз қанатын!
Алқымы тал-қайыңмен көмкерілген.
Тау көлін қызғанады құстан-дағы,
Келбеті-ай,
аққулардың ұшқандағы.
Жанарымды өзімен бірге ұшырып,
Кеудемде толқытатын күшті арнаны.
Аймағымен сырласқан көл бір ақын,
Жоңғарды асып күн де ерте болдыратын.
Ай таудың оқалаған тақиясы,
Кеш бата шекесіне қондыратын.
Тау шаңын шалып өтіп қыран ғана,
Жатыпты сыр сандық боп құлан дала.
Беліне ақ таяғын іліп алып,
Өтіпті ғой соңында қуаң бала...
Кегендей күн сұлуға жетемін бе,
Қарағай мойын созған етегінде.
Сабасында шайқалып жатыпты көл,
Аунай түсіп жылдардың жетегінде.
Ғажап-ақ, дала көркі көсілген кең,
Сол суретті жанарға көшірген мен.
Жалын болып кеудемде қалып қойған,
Толқын жылдар тепкілеп өшіргенмен.
Бөлініп төбе үстінде құрық қалған...
Жоқшылық жомартқа тор құрыпты алдан.
Ақ арман құшағында талып кеткен,
Көл — арудың көз жасы тұнып қалған.
Гүл аштырмай көңілдің ой көктемін!
"Он үшке келдің енді бойжеткенің",
Деп қызын барымтаға берген әке,
Осылай тартып қазақ қой көкпарын.
Ақбас тау бір қария қиялдаған,
Әркімге тағдыр түрлі сын арнаған.
Шіркін-ай, сыймаған соң шер далаға,
Ағылып жатқан екен күй арнадан.
* * *
...Соғып өткен дауыл да, бұрқасын да,
Жауын үркіп шүйілген бұлт астында.
Ауыл боп қатарласып отыратын,
Сайрамның жасыл желен қырқасында.
Алған ба, шаршап әсте бала тыным,
Керегі жоқ та ғой құс қанатының.
Жарысып қозы қуып кететінбіз,
Жиналып ап өңшей бір қара тұлым.
Біздер қуып көбелек қашатұғын,
Гүл әтірін мұрынға тосатұғын,
Самал сүңгіп көк толқын қойынына,
Толқын бізге ақ маржанын шашатұғын.
Бала жанын ойынмен аулайтынбыз!
Шаршасақ шалғын құшып аунайтынбыз.
Көзінен мөлдір тамшы ыршып түскен,
Жөңкілген бұлттардан біз аумайтынбыз.
Даладан құштарлықты табатынбыз,
Гүлдерден алқа тізіп тағатынбыз.
Шуаққа талтүстегі қалғып кетіп,
Үстін жібек сағыммен жабатын құз.
Көл — айнасы күз қарап тараныпты,
Көл туралы көп аңыз таралыпты.
Тапап өтіп жатса да дәуір көші,
Бір серпілмей өтіпті дала тіпті.
Жоталар аумай қалған дәу өркештен,
Сараң жылжып далада дәуір көшкен.
Таң шапағы арайлай бірге оянып,
Бір қалғыпты далада ауыл кешпен.
Шер — аңызақ соғыпты сол даладан,
Бұлт егіліп, жауын — жас сорғалаған.
Ақ ару көлді өзіне сырлас етіп,
Аққу қаздар соған кеп қорғалаған.
Кәнеки, мықты болсаң көр белектеп,
Көбелек бұлт жүзіп жүр көлбелектеп.
Самал өпсе жиекке толқын ығып,
Безіп бара жатқандай көл дедектеп.
Жел даланы тазартып шаңын жұтқан!
Аспан түйсе қабағын сағым бұққан.
Көл үстінде қыз шерткен мұң сыбырлап,
Көл үстінде бір ғажап тамылжыпты ән...
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі