Тоғысқан тағдырлар
Кірпігіне мөлдір тамшы ілінген,
Көздерінен қара бұлты көрінген.
Келе жатып саябақта жайдары
Мұң қоршаған сұлу қызды көрдім мен.
- Қайтсем екен? Неге ару жылайды?
Тәтті жүзін ащы жасы шылайды
Мен бейбақтан өзге тағы жандарды,
Жаратушым нелерімен сынайды?
Өз ойыма бір семіріп алдым да,
Отыра қап құшақтадым жанына.
Селк етті де «қайткеніңіз, сіз кімсіз?»
Ағылды қыз сұрақтарын жаудыра.
- Кішкентай қыз, неге сонша қамықтың?
Кең әлемге симағандай тарықтың
Суықтаған жүрегіңді жылытып,
Құшағымда сыйлайыншы жарық күн.
Жарығым-ау, ойымды бос сөз деме,
Достан гөрі сырыңды айт өзгеге.
«Жаным» десіп, түсінген боп бір сәтте
Дұшпан болып күліп кетер өзгере.
Өксік толы кеудені ашты айқара,
Құшағымыз қалғандай ма байлана?!
бойын үрей әбден билеп алғандай
Күдік көзбен қарады ол жай ғана.
- Бақытсызбын,- деді сөздің бастауын,
- Жігіт көрсем сезінгендей қас-жауым.
Ой-електен өткізумен жүргенде
Уақыт деген өтіп кетті қас қағым.
Ғашық болып өліп-өшіп сүйіп ем,
Ессіздігім үшін енді күйінем,-
Деді нұсқап іштен соққан жүректі
Жауып қойған сөмке және киіммен.
«Сенген серім сергелдеңмен сенделтті,
Ел алдында абыройдан кенде етті.
Қуанар деп үміт отын жағып ем,
«Көзін құрт» деп ақша беріп жөнелтті.
Нәрестемді өлтіруге қимадым,
Келген еді жарық өмір сыйлағым.
«Масқара» деп әкем қуды үйімнен
«Келмейді енді сендей қызды ойлағым»
Міне, енді көше кезіп қалғаным,
Көндіге алмай Құдай басқа салғанын.
Анам байғұс пәтер іздеп мен үшін,
Қала кезіп тоздыруда табанын.
Сізге айтып іштегі мұң шерімді,
Жүректегі жарама қант себілді.
Мендік хәлді аппақ көңіл арулар,
Кимесе екен деп тілеймін кебімді.
Деп күрсінді жан өксігін баса алмай,
Маңдайдағы тағдырынан қаша алмай.
Алма жүзін алақанмен аймалап,
Мен отырмын "жыламадан" аса алмай.
Кішкентай қыз ақтарды сыр тілекпен,
Естігенім орын алды жүректен.
Менде сізге жарылайын ағымнан
Жайымды айтып, ұсыныспен біріккен.
- жеті жылым болды тұрмыс құрғалы,
Аспанымды сұрлы бұлтым торлады.
Ақша, мансап бәрі-бәрі болғанмен,
Шаңырақта сәби үні болмады.
Баспаған жер, тау-тасымыз қалмады,
Бүгін соңғы үмітім ед(і) солғаны.
Балаңыздың мен анасы болайын
Бұйыртсаңыз, барды берем қолдағы.
Селк еткізді мен тастаған ұсыныс,
Байқалады жанарынан қорқыныш.
«Анашыммен ақылдасып көрейін,
Менен енді қоңырауды күтіңіз».
-Көмек керек болса маған келіңіз,
Мына менің нөмерімді теріңіз.
Кездейсоқтан жолықтырмас бекерге
Бәрі оңалып кетеріне сеніңіз.
Торлы жолы тоғыстырған тағдырым,
Шығарып та қойғандай ма жарлығын?!
Қоштастық та, жолы бөлек бейтаныс
Үміт, сұрақ толып жүрек-сандығым.
Үш ай өтті бәрі-бәрі тыныштық,
Жасым ақты жастығыма тым ыстық.
Жұма күні дұға қылдым Аллама
«Құтқара көр ойларымнан тымырсық»
Тыныштықта телефоным әндетті,
Әсем хабар көңілімді сәндетті.
Тағы да сол соңғы үмітті жалғауға,
Бұл өмірге мене іздеген жан кепті.
Бақытыма барым, нарым бір ұлым,
Өмірдегі ең биігім, тұғырым.
Алла ғана тілеуіңді береді
Шайтан емес серік болсын сабырың...
P.S: Ойдан емес өмір жазған жыр еді,
Өзге мұңы мендік ойдан түледі.
Естігенге үндеу болар оқиға,
Сабырлыға жақсылық та күледі.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі