Замандасқа хат
Замандасты көргенде амандасып,
Мінездерін көргенде қалдым жасып.
Не байқадым, не қалаймын сендерден?
Жеткізейін ойымды хат қып жазып.
Қимаймын жолдастарды жаманатқа,
Берік болса атам айтқан аманатқа.
Атаңның әкесінің сөзін жатта,
Әлде саған өз сөзің қанағат па?
Құрдастар, сендерге сәл асар қылып,
Кірістірмей сөзіме жасандылық.
Тыйсын деп айтайыншы тура бетке,
Көріп жүрмін сендерден нашар қылық.
Заманның қуып ағымын,
Биікте болғың келеді.
Алға басқан адымың
Кері әсер береді.
Заманды қуған жетпейді,
Сәнмен құрмет көп дейді.
Қазіргі сән кетсе де,
Білім сәннен кетпейді.
Тағы бір нәрсе - қара бас,
Таласқанға өзімен.
Дайын тұр атар қара тас,
Көрсетер күшін сөзімен.
Іштарлық деген жауларың,
Басталар содан дауларың,
Сол мінезбен, қанекей,
Қай дұшпанды жауладың?
Ойына емес аузына,
Келгендерін көкиді.
Өзінікін дұрыс деп,
Өзгенікін шоқиды.
Әр сөзіңе, әр іске,
Бермесең жауап, дәл істе.
Жауап бермей қашқақтау,
Қалқам-ау, саған тән іс пе?
Оқулықты ысырып,
Смартфонды шығардың,
"Өтірік" десең, кәнекей,
"Екіжүз" мен-ақ шығармын?
Ауырмен жүріп жеңілді,
Көтересің ол анық.
Бастаса білім көшіңді,
Адаспассың жол анық.
Іздейсің неге жеңіл жол?
Жеңіл жол - ізсіз темір жол.
Жеткізер жеңіл, жеңілге,
Жеңілмен жүріп жеңгенше,
Ауырмен жүріп жеңілме.
Қатесін ұқпай қатқан тас.
Қатең - жолда жатқан тас.
Сол тасты жолдан шығармай,
Жолаушы да шаттанбас.
Сол себепті, жолдасым,
Түзеусіз қате болмасын.
Қара шыбын - қара өсек.
Екеуі де бір есеп.
Шындықтың лебі ерітер,
Қара емес қар десек,
Ақиқатты бар десек,
Өсек термей әр істен,
Үндемей, тыныш қал десек.
Бөрі тісі тиеді,
Бөлінгеннің бөксесіне.
Бөлініп кетер бөл десе,
Қарап алып өкшесіне.
Жұдырық болып жұмылған,
Жетеді бірлік «Көкшесіне».
Нәпсіге ерген хайуаннан да арамы,
Нәпсіден қашқан періштеден адалы.
Жолдастарым түсінсе екен осыны,
Айырса екен, мен жеткізген араны.
Еріннің астын толтырып,
Саласың тауық боқтығын.
Жүз грамды толтырып,
Қыздырдың беттің шоқтығын.
Шөпқағазға толтырып,
Досыңнан сұрап оттығын.
Өз түбіңе жетесің,
Түсінбей көңіл тоқтығын,
Елемей уайым жоқтығын.
Досынан пайда күткен амал достық,
Қайда кетті, жолдастар, адал достық?
Тұрақсыз мінездері ауыспалы,
Жетіп келер досының жанса бағы,
Сүйеу болар табылмас сынса сағы.
Көбісі қу, көбісі қу білемін,
Сондай досты, замандасты көремін.
Алданбайды ондайларға жүрегім.
Адал болсын құрбы –құрдас тілегім
Мен өзіме өлең жазсам кей-кейде,
Мақсатым не, мұрат не деп қараймын
Замандастың, құрбы, достың, жолдастың,
Қай мінезін, қай қылығын қалаймын?
Магнитше бір-біріне тартылып,
Достарым жүр қуанышқа артылып.
"Ұйымшылдық" ұйымның ұстанымы,
Адалдықты жан жүрекке жар қылып.
Әне анау - сабырлы замандасым,
Қит еткенге көрсетпейді көздің жасын.
Байсалды, түзу жолын біледі ол,
Өзі сыйлы ортасына жан жолдасым.
Қоғамдағы темірдей бұл тәртіпке,
Қауырсындай көңілмен бағынған жөн.
Бұйрық болмас ешқандай құр тәртіпте,
Сол себепті өзіңе емес, тәртіпке көн.
Құдайдың бір есімі уәде деген,
Сөзіне берік болсын уәде берген.
Орындаған уәдені бір құдірет,
Емес қой ол сый-сыяпат, кәде берген.
Көмекке қолдың ұшын созатұғын,
Сол адам парасаты озатұғын.
Қолғабысқа зәру жанды көре тұра,
Қолқанат болмайтыны, тозатұғын.
Сен де білсең бір нәрсе,
Ол да білсе бір нәрсе,
Білмегенге үйретіп,
Үйренейік көп нәрсе.
Қоянды өлтіреді жанған қамыс,
Ер жігітті өлтіреді жалған намыс.
Өзгеден естігенін өрт қылады,
Ал елдің елуден де көп құлағы.
Кіші келіп үлкенге басын исін,
Ал үлкені бата беріп, ақыл үйсін
Заманымыз осындай көркем болса,
Еліміздің шетіне қай жау тисін?
Достарға ең керегі адал сенім,
Бұл жайлы жоғарыда айтып едім,
Дос емес бағың барда жүргендері,
Келеді «ең жақын дос-жүрек» дегім.
Замандасым, арналады бұл саған.
Бағалашы уақытымды жұмсаған.
Келер заман қолын бұлғап тұр әне,
Бұл хатымда тілек жатыр бір саған.
Мерей
Керемет олен екен!
Айганым
Керемет ❤️❤️❤️
Марал
Мұғалімсіз бе