Өлең, жыр, ақындар

Европа

  • 17.03.2019
  • 0
  • 1
  • 7431
Үңгірінен құлдардың,
Ұйқы басқан көне індерден,
атыла шықты, жатпады,
Таңдандырды өзін де,
Жайдың оғын атқаны,
Карөлдерді қылғындырып,
қоқыстарын таптады.
О, үміт пен сенім!
О, патриоттардың саруайымы,
Жат жұрттарда сағынған елін!
О, шерге толы сан жүрек!
Өткен жеңісті пір тұта,
Қанды майданнан тағы да көрін.
Халықты масқаралап,
ақы алған зұлым жәбірлер!
Сендер көріңдер!
Зорлық, азап, қырғаны үшін,
Жарлы-жақыбайлардың терімен тапқан,
соқыр жармағын алмаққа,
Мыңдаған зымиян айла құрғаны үшін,
Карөлдер өз уәдесін бұзғаны үшін,
Халықты мазақ қылғаны үшін,
Билік алған әр халық,
қанды кекті кешпеді,
Дворяндардың бастарын да кеспеді.
Карөлдердің қаһары — халықтардың бөстегі,
Рахымы халықтың қырғын болып,
Өздеріне оралды,
Рахымы үшін монархтар
аямады оларды.
Монархтардың нөкері:
Садақа жиғыш молдалар,
Кісі өлтіргіш жалдаптар,
Ақсүйек заңшыл, түрмегер,
шпион және солдаттар,
Алайда байқа,
артта қалып олардан,
алқызыл бөзге оранған,
Түнектей түсі белгісіз,
Абайлап, аттап,
қараңдап,
Келеді елес жол алған.
Көрінбейді жүзі оның,
Көрінбейді жанары,
Алайда алқызыл кебіннен,
Көтерді қолын жоғары
Майысқан жалғыз саусағы,
Әлденені нұсқайды,
Әбжыланның басындай,
Әредік жылмаң қағады.
Молаларда — боздақтар,
топырағы кеппеген,
Шорт байлаған дар арқан,
Салбырайды тек төмен,
Князьдардың оқтары ысқырады көкпенен,
Билік құрған малғұндар, ойын-сауық, күлкімен,
Өмірлерін шектеген.
Өз жемісін бермекші
осының бәрі алайда,
Нұр жауады, көресің,
қан артынан қалайда!
Боздақтардың өлігі,
қатар-қатар қойылған,
Дардағы мынау сорлылар —
жүрек,
жүректер оқпен сойылған.
Өмірсіз, суық әзірге,
Бір жерде, бірақ жүр олар,
Мүмкін емес оларды, мүмкін емес жоюға.
Ей, карөлдер!
Олар тірі,
Олар деген — тірі қалған бауырлар.
Олар — жастар,
құрбандықпен тазарған,
ардақталған сонымен,
Саналы олар,
бәрісін де салмақпенен қабылдар,
Даяр олар, сендерге,
Қарсы бұрқақ дауылдар.
Әр күрескер қабірінде
құрбан болған кешегі,
Бостандықтың тұқымы бар,
ол егіс боп өседі,
Жел таратып жан-жаққа,
Қорек беріп қар, жаңбыр,
Өсуге көмектеседі.
Опасыздар өлтірсін-ақ,
мейлі, кімді қандайды,
Рухы оның ешқашанда
мәңгі өліп қалмайды.
Көрінбейді,
Жер үстінде рух болып самғайды,
Сыбырлайды, ескертеді,
кеңестерін арнайды.
Бостандық!
Мейлі, саған,
басқа жандар сенбесін,
Мен сенемін!
Сеніп өтем!
Сеніп кетем өлгесін!
Немене?
Қожайыны жоғалып,
Мына бір үй шегеленіп қалған ба?
Жасымаңдар,
қамданыңдар,
Кездесуді арманда,
Күтіңдер де, талмаңдар
Ол жуырда оралады,
хабар келді,
Қапиада қалмаңдар!



Пікірлер (1)

Айсана

Мұқағали Мақатаевтың Европа өлеңі ұнады

Пікір қалдырыңыз

Ғабаңа

  • 1
  • 3

Ғабеке,
Анда-санда сізді көрем,
Сізді көрсем жомарт бір күзді көрем,
Еліктеп өзіңізге есім кетіп,

Толық

Кетер ме екем

  • 1
  • 4

Бірде олай ауытқып, бірде былай,
Бір байламға келе алмай жүргенім-ай.
Таулы аймақтың ауасы секілденген,
Аумалы да төкпелі күндерім-ай!

Толық

Төлегенге

  • 1
  • 4

Тұңғыш көрдім өлгенін шын ақынның,
Қызарып батты ертеңгі шығатын күн.
Торғай-өлең шырылдап бара жатты
Аузында ажал дейтін сұрапылдың.

Толық

Қарап көріңіз