Өлең, жыр, ақындар

Көпір болсам

  • 19.03.2019
  • 0
  • 0
  • 1263
Ғасырлар өтсе үстімнен
Ауыр жүк тасыр шофер боп,
Мен тұра берсем астында
Темірден құйған көпір боп.
Кісілер тасып, жүк тасып,
Поездар өтсе тынбастан,
Діңгекті жерге нық басып,
Солқылдап тұрсам сынбастан.
Аязбен тұрсам айқасып,
Айқара басса қыраулар,
Сендермен қалсам шайқасып,
Қоршалап кейде тұмандар.
Ауысып қарлар, мұнарлар,
Жаздардың көрсем келгенін.
Аспанда қалқып қырандар,
Даланы гүлдер көмгенін.
Балалар ойнап балғамен
Соғып бір қалса шетімді.
Музыка болып сонда мен
Ағызсам күйді не түрлі.
Күңіреніп кетсем органдай
Сұңқылдап барлық сымдарым.
Тіршілік тына қалғандай
Тыңдаса темір сырлы әнін.
Ғасырлар өтсе үстімнен
Ауыр жүк тасыр шофер боп.
Мен жата берсем астында
Темірден құйған көпір боп.
***
Ажалдан жаным сескенбес,
Таныс қой біздің ол ескі.
Көрініп кетіп жүреді
Кейде ашық, кейде көмескі.
Аңдыған тыңшы секілді
Сыртымнан тынбай бағады.
Қақпаны кейде соғады,
Әйнекті кейде қағады.
Аулақта, менсіз жата алмай,
Кетеді кейде үйге еніп.
Тұрады бірақ айта алмай
Жүзімнен суық именіп.
Күтіп жүр арсыз ұялмай
Әлсірер менің күнімді.
Ал мен де жүрмін қия алмай
Жазылар енді жырымды.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Сыншының сыры

  • 0
  • 1

Жаны жүдеу, жүрегі әлсіз біреуге,
Күнде әзірмін жақсы тілек тілеуге,
Бірақ тілім тартып кете береді,
Әдетімен сыншылықтың мінеуге.

Толық

Біздің үйде

  • 0
  • 0

Ұйқы шіркін қандай тәтті,
Жаңа тұрдым төсектен,
Ұйқы жанға тым ләззәтті,
Кетпесе асып есептен.

Толық

Ой үстінде

  • 0
  • 0

«Революция не берді маған?» деген
Зор сұрақ міні алдымда тұр көлденең.
Соған жауап беруге жасқанамын
Аз сөзбенен қып-қысқа өлеңіммен.

Толық