Өлең, жыр, ақындар

Ол

  • 22.03.2019
  • 0
  • 0
  • 1542
«Өлді ғой ол,
Көмдім ғой мен», -
Деп ойланып үйінде,
Дуалдағы портреттен
Көз алмаған күйінде
Отырды еркек үн қатпай.
Бірақ оның миындағы,
Бұлттан қалың ойындағы
Үнсіз сөздер шуылы
Кем емес-ті шуылынан теңіздің.
Жан біткендей портретке,
Қозғалғандай бір мезетте
Бұлдыр көзге сезілді.
«Бұл не, апырым-ау, елес пе екен,
Жоқ, әйтпесе көмескілеп,
Жас басты ма көзімді?» -
Деді - дағы сәл шалқайып,
Іздеп көрді дұрыс қалпын өзінің.
Баса алмады бірақ та ол
Дуылдаған, шуылдаған сезімін.
Тар бөлмесі кеңейіп кенет кетті де,
Қиялы оны балауса жігіт етті де.
Өзін көрді ағысында Жайықтың,
Қос ескекті үстінде екен қайықтың.
Қасында отыр балдырған қыз нәп-нәзік
Қыпша белі солқылдайды шыбықша,
Бұйра шашы толқынша толқып қалады,
Нәрестеше қуанып демін алады.
Желге де бетін сүйдіріп,
Күнге де «сүй деп күйдіріп»,
Алыстарға, үміттерге күліп қана қарады.
«Не деп еді ол сонда?
Айтып па еді махаббатын тақпақтап?
– Жоқ!
Көрсетіп пе еді бір сиқырлық,
Есіңді алар ерке қылық?
– Жоқ!»
Күн сияқты жылуын айтып пұлдамас,
Ай сияқты жарығын айтып құндамас.
Жып-жылы боп,
Жап-жарық боп отырған
Тілсіз айтқан, үнсіз айтқан бәрін де:
«Сенсің жарым, шыбын жаным
Сенен басқа жоқ арманым,
Сендім саған, бердім саған
Жастық деген ерке күнді,
Бүгінімді, ертеңімді
Ендігісін өзін ғана біл» - деген.
Лезде Жайық сапырылып
Астан-кестен болды да,
Алыстап кейін қалды да
Есін еркек жиып алып қараса,
Бөлмесінде отыр екен оңаша.
Күңгірт, салқын жат бөлмеден
Күн де қашқан секілді-ау,
Күлкі де қашқан секілді-ау,
Дүние жұтаң, көңіл жүдеу,
Өксіп қалып тағы да еркек түйілді.
Көзіне кеп ыстық жасы жиылды.
Жетім деп біз жас баланы атаймыз,
Ал нағыз жетім - жетімдігі егденің.
Алданбайды ол жылы сөзіне өзгенің.
Қатының өлсе қараңсың,
Ең панасыз адамсың.
Сайқал сенің әзірше тоятшыл,
Өзі әзірлеп ештеңе де бермейді,
Сен бермесең, сені адам деп сенбейді;
Күлкісі мен қылығын ғана сатады,
Ойлайтыны - кезектегі еркегі,
Аңсайтыны - кезектегі ертеңі.
Портрет тағы тірі жанға айналып,
Алдында тұр қаралының ойланып,
Тіл де қатты назбенен:
– Қиналма сен, жылама сен.
Еркек болып шыда да сен,
Отыр жаным үйіңде.
Жат әйелдер күлімдесе сүйінбе.
Әке! - десін қыздарын,
Ата - десін немерең.
Қыздырғанға қыза көрме,
Достық салтын бұза көрме,
Осалмысың әйелің қаққан шегеден?!
Осы үйде қанша шеге бар,
Бәрін қаққан мен едім.
Біріне ілсін пальтосын,
Біріне ілсін шляпасын деп едім.
Соның қадірін білмеген,
Дер кезінде киімдерін ілмеген,
Есіңде ме, сен едің!
Адам едім темірден де төзімді,
Кешіргіш едім –
Кешігіп қайтқан кезіңді.
Ынтызар боп тосушы ем,
Есігіңді ашушы ем.
Атқанша таң енді сені кім тоспақ,
Есігіңді кім ашпақ?
Көзін жұмды тағы да еркек,
Еске алды бір өткен шақты.
Ауырған-ды өзі сонда,
Әрең-әрең өлмей жатты.
Сонда әйелі үш күн, үш түн
Көз шырымын алмастан,
Қажымастан, талмастан,
Отырған еді қасында.
Жалғыз тал да ақ жоқ еді-ау шашыңда...
Түнде жапырақ сыбдыр етсе шошитын,
Ажал көктен қара еменге қонғандай,
Есікке үрке қарайтын,
Үйге де тақап қалғандай.
Сол бір түнде шашы түгел ағарған,
Бетінің де қызылы түгел жоғалған...
Есіңде әлі, есіңде екен сол түндер,
Ойына оның бүгінгідей оралды.
Түтеп кетті, көне беті қарайып,
Танығандай ұят пенен обалды.
Бірақ оған аялдамай тым ұзақ,
Өзге ойларға берілді:
«Енді ауырсам кім күзетпек қасымда,
Кім бөгемек үйіме кірер елімді?
Кім тілемек өмірімді,
Кім қорғамақ жанымды,
Кім сұрамақ көңлімді?
Мен үшін отқа түсуге,
Мен үшін у да ішуге
Әзір тұрар кімім бар?!
Сиқырлы көз, сылқым мінез
Жас қайда?
Сәл ауырсам, жүдесем
Өлдіге мені ол қоспай ма?
Босап қалған шынысындай шараптың
Жатармын ба еденде,
Жок, әлде бірі аяп мені келер ме,
Қолтығымнан демерге?
Келмесе ше, жоғалса ше жуымай,
Жатар ма екен сорлы жүрек суымай.
Онда ішімнен қайталармын
Символистер өлеңін:
«Сұлу әйел идеал,
Сұлу әйел бір қиял,
Әлдиле дермін мені өлім...»
«Жоқ! - деді сонда бір дауыс.
Таныс дауыс құлағы әбден үйренген:
– Шықсам - дағы үйден мен
Шықпаймын мен еш уақытта кеудеңнен!
Рухым менің әр қашанда қасыңда,
Идеалға, қиялға енді бас ұрма.
Беліңді бу, бекін, досым, жығылма,
Тар бөлмеге, күңгірт ойға тығылма,
Әлсіз шөптей басылма.
Өкінемісің?
Шын өкінсең ризамын,
Өзгеден де оны жасырма.
Жырлап кетші соларыңды дауыстап,
Тұрған сайын қабырымның басында.
Жырлашы, сен өз даусыңмен баяғы,
Мен сүйетін үніңмен.
Құтылшы енді, босатшы енді
Сиқырменен, сығырменен, сімірден!
Алып шықшы, биігіңе баяғы,
От лаулаған жүрегімді көтеріп.
Өлі мен тірі қайтадан бір табысып,
Қол ұстасып өтелік.
Жырлашы, сен жүрегімнің жалынын,
Үрлей берші, өшірмеші, тілеймін.
Сонда, жаным, құтыласың мәңгілік
Шеңгелінен өкініш пен үрейдің».
Ашты көзін сонда еркек
«Солай ма?» - деп өзінен өзі сұрады.
Терезеден күн сәулесі түсіпті,
Көрінгендей жана үміттің шырағы.
Тұр портрет бұрынғыша орнында
Көмкерілген айналасы қаралы,
Бетінде тамшы қаны жоқ,
Жүрегі де мұңға толы, жаралы.
«Жаңа ғана ақыл айтты емес пе,
Жоқ әлде ол қиялым ба, елес пе?
Мүмкін емес, жалған шығар өлгенің,
Жалған шығар өлді деп сені көмгенім.
Тағы бір рет үн қатшы,
Жұбатшы, сәулем, жұбатшы!
Кінәлымын, кінәлымын алдыңда,
Кірлеппін мен таза жанын ардың да.
Кешір, сәулем, кешірмесең жазала,
Өзің өрте, күнәдан өзің тазала!
Әмір етші осы орнымнан жылжытпай,
Орындайын бәрін де түгел бұлжытпай.
Соқыр бол де, көзімді де тесейін,
Тілсіз бол де, тілімді де кесейін,
Қарамайын, енді ешкімді көрмейін,
Тіл қатпайын, енді ешкімге ермейін
Сені ғана өлгенімше ойлайын,
Сені ғана аңырап жүріп жырлайын»
Деді де еркек өз деміне тұншықты,
Отыра берді. Ұзақ түн өтті, күн шықты.
Әлі отыр ол. Тұрғызу керек, достарым,
Бастату керек махаббаттың дастанын.
Қанымен жазсын, жасымен жазсын көзінің
Ақталсын сүйтіп күнәсынан өзінің.
АВТОРДАН
Мен туғалы не заман,
Жермен бірге қосыла мен де жаралдым.
Талай рет, бұлтқа да айналдым,
Талай рет жаңбыр боп жерге оралдым.
Топырақ болдым, тас болдым,
Ағашы болдым орманның,
Адамы болдым заманның,
Қанаты да болдым арманның.
Көп жасаймын, көп айтамын әлі де,
Аз емес қой айтарлық сөздер кәріге.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Толқын, жел

  • 0
  • 0

Жатқан жансыз көк теңізге
Жеңілтек жел жетсе келіп,
Канатымен желпіп түнде
Азғана дем кетсе беріп;

Толық

Теңізде

  • 0
  • 0

Теңіз, теңіз, көк те теңіз, жер теңіз...,
Толқындармен бірге ойнаған еркеміз.
Арасында ала - сапыран нөсердің
Әләуләйлап әнді де еркін шертеміз.

Толық

Роттердамда

  • 0
  • 0

«Победа» Европада,
Мінеки ол Роттердамға бұрылды,
Көз әйнектер жылтылдайды жағада,
Көрмек болып Россияны бұрынғы.

Толық

Қарап көріңіз