Өлең, жыр, ақындар

Ас үстінде

  • 23.03.2019
  • 0
  • 0
  • 2230
Көмгелі Сүйінбайды жыл өтіпті,
Жыр сүйген жұртын қаза жүдетіпті.
Қайғырып қаралы ауыл жоқтау айтып,
Келетін қонақ жолын күзетіпті.
Ақынның көреміз деп туған елін,
Күтіпті қазақ, қырғыз ас мезгілін.
– Көреміз қалың нөпір шаңдатқанын,
Көреміз қыл құйрықтың саңлақтарын.
Көреміз көз ілеспей сайысқанда,
Найзасын найзагердің ойнатқанын.
Көреміз мергендердің жамбы атқанын,
Бір-бірін палуандардың жайратқанын.
Осының бәрі қызық жұрт қызатын,
Алқындатып ақ топырақ жұтқызатын.
Белгілі баяғыдан бәсеке ғой,
Біреуге біреу ұпай ұтқызатын.
Бұларды жазғам Ілияс келістірген,
Бетпе-бет бәрімен де көрістірген.
Қайтеміз қайталақтап бір суретті,
Жарысқа, жағаласқа бұрып көпті,
Ат емес, палуан емес бұл дүрмекті,
Күтпеген бөгде әңгіме билеп кетті,
Қоздырған әркімнің - ақ делебесін,
Тыңдайық жұрттың осы әңгімесін.
– Бұл ас - сын, сын болғанға Жамбылға сын
– Алды ғой Сүйінбайдың домбырасын.
– Алған соң Сүйінбайдың домбырасын
Қалайша тартпай оны қор қыласын...
– Қарсы ал деп өлеңменен келген жұртты, -
Жамбылға ақсақалдар тапсырыпты...
– Келетін көрінеді ақындар көп,
– Таңдайы талайының тақылдар кеп.
– Көңілінен шықсаң жақсы, шықпай қалсаң,
Қорқамын жас Жамбылды тақымдар деп.
Шымкенттен Майлықожа келем депті,
Ел-жұртын Сүйекемнің көрем депті.
– Аркадан аттаныпты Біржан сері,
Жамыраған жәрмеңкедей жүрген жері.
– Барамын деп кәрі Түбек хабарлапты,
Сайланып ұзақ жолға, байлап белін.
– Келуге Шөже ақын да бекініпті,
«Күтсін деп асқа мені» өтініпті.
– Атақты Майкөт ақын аттаныпты,
Тоқпақта аз ғана күн тоқталыпты.
– Шығыпты жалын атқан жас Кемпірбай
– Айтысқа жан жоқ дейді одан мықты.
Шан жұқпас өлең сөздің арғымағы,
Қалмамбет құлан аяқ бар ғой тағы...
– Қайтесің қазақты айтып белгілі олар,
Бірі озар, бірі жеңер, бірі қалар,
Жүлде алып жұрттан озып шыққандары.
Қазақтың өз бәйгесін өздері алар.
– Үш жүздің бір-біріне кетпес кегі,
– Ортақ қой төсенетін ақ бөстегі.
Үлкен сын, атой салса қырғыз келіп,
Кетпесін қырып-жойып бір қыз келіп.
Бар дейді жана шыққан жас сұлуы,
Құлшынған айтыс десе күнде ізденіп,
Қырғыздың Қалмырзасын шыдатпапты,
Темірдей тегеуріні дейді қатты.
Сол қыздың аты Ақмарал, жасы он бесте,
Ішінде алты ағаның жалғыз өскен.
Жүзі алмас, сырты қырлы семсер дейді,
Қылп етсе тиген жерін кесіп түскен,
Кем емес келбеті де жас аққудан,
Қайтпайтын сұмдық дейді от пен судан
Дауысы сыбызғыдай сұңқылдаған,
Құмартып бір тыңдаған, мың тыңдаған
Өлеңі таудан аққан тас бұлақтай
Атылып мұздан құзға қиқулаған.
Қанаты бір талмайтын қырғын дейді,
Айтысса алмай қоймас құрғыр дейді.
– Баласы Омарханның Үмбетәлі
Көрген жоқ әкесіндей құрмет әлі.
Қойыпты Ақмаралды атастырып,
Болыпты соныменен қыз ноқталы.
Хан жігіт қалт еткізбес заңын мықты,
Жібермес енді еркіне қалыңдықты.
Кім білген хан мықты ма, жыр мықты ма...
Ақмарал кездесті рас бір мықтыға.
– Ол бірақ серілігін тежемепті
Тар жолдан өтіпті қыз ырғыпты да.
Осы асқа Ақмарал да барам депті,
«Жамбылды қағып-сілкіп алам» депті.
– «Мен-дағы пір тұтамын Сүйінбайды,
Қандай жан Сүйекеме сыйынбайды.
Айтыста жеңіп мені ақталмаса,
Жамбылға ол домбыра бұйырмайды.
Мұрасы Сүйінбайлың маған ортақ
Жамбылды оздырмайды жаяу - жортақ.
– Жамбылға жекпе-жекке барам депті,
Басына бір ылаңды салам депті.
Соқтырып сөзден дауыл, жырдан топан,
Ықтырып жіпсіз байлап алам депті.
Сұлу қыз сұмдық екен асқан ақын,
Түрі жоқ күйеуден де жасқанатын.
– Осы қыз не десең де жезтаңдай қыз,
Бұл қыздан қалғанша аман жалтаңдаймыз.
– Қойшы әрі сақтар құдай, біз де елміз ғой,
Қырғыздан қазақ кем деп айта алмаймыз.
Деген сез талайларды таңдандырды,
Ыза қып Жамбылды да шамдандырды.
Ол айтты: - қойсаң даршы үрейленбей,
Сиқырлап өзіңді өзін шідерленбей.
Желбуаз, жеңілтек сөз кімге керек,
Жиналып ас мейманы түгелденбей.
Одан да әзірлікке ат байлаңдар,
Қай ақын қайдан келмек абайлаңдар.
Көндім мен не болса да, мен көремін,
Өзіңсің арқа сүйеп сенген елім.
Көміңдер қолдарыңнан жыламай-ақ
Бір қыздан осы болса өлген жерім.
Тоқтаңдар ылайламай су тұнығын,
Сақтаңдар Сүйекемнің ұлылығын.
Басатын жолдың шаңын жаңбыр ай боп.
Айтсаң айт, осылай айт Жамбылдай боп.
Аз сөзбен ағайынды ырза қылды,
Қөңілін бір пенденің қалдырған жоқ.
Ыстық жаз жайлап өтіп күзге ұласты,
Зорайды жаңғырығы ертеңгі астын.
***
Көп өтіп көз алдыңнан күн дегенін,
Жарқ етіп қалады ғой іздегенін.
Сондай-ақ ас күні де қалды тақап,
Әзірлей жүйріктердің жүлделерін.
Сазында Үшқоңырдың ту қадалды.
Лек-лек боп келіп қалды жұрттың алды.
Тігілген қалың үйге жетпейді сан,
Боз орда, ақ отаулар, сәнді жасау.
Осы жол Сүйінбайды сыйлайтындар,
Жетіпті көшіп түгел әлде қашан.
Айдап кеп үйірлеген сойыс малын,
Жетісу аяр емес мал мен жанын.
Қапыда жан-жақтан ел аққан селдей,
Шандардан будақ-будақ жол көрінбей.
Оздырып өз тобынан жігіттерін
Келе атқан біреуі жоқ хабар бермей.
Солардың бәрін ерте құлақтанып,
Әр топқа қарсы алғандар шықты аттанып.
Келгенін қай ақынның қай тараптан,
Күн бұрын хабаршылар іздеп тапқан.
Өзгелер «жетіпті әне» деп қалады,
Жамбылдың шырқап даусы шыққан жақтан.
Сұңқылдар Жамбыл үні ұзақты күн,
Ақынды көреді жұрт сынап бүгін.
Соңғы күн суыт жүріп түн жамыла,
Жетіпті Сарыарқаның Біржаны да.
Сездірмей шаршағанын сырнайлатқан
Салдары, серілері жүр жанында,
Сүйсінген астағы жұрт ұлан-асыр
Қарсы алды жырымен Жамбыл әнші ағасын.
– Ассалаумағалайкүм, Біржан аға,
Біздер етек болғанда, өзің жаға.
Сүйекемнің аруағын сыйлап келген,
Жолыңнан шыбын жаным мың садаға.
Алтынның орны бөлек жез бен мыстан,
Қанықпыз атағыңа біз алыстан.
Күй толған көмекейі ағамызсың
Әніңді үйренгенбіз қайтқан құстан.
Ел келіп жатыр мұнда шар тараптан,
Күйші бар, жыршы да бар, сұңқыл қаққан,
Бәрінен озат тұрып өзің, аға,
Әніңді бізге әкеліп жел таратқан.
Әніңді бізге әкеліп жел таратқан,
Біржанды тәңрім өзі кең жаратқан.
Жаз бойы Сарыарқаның көлін жайлап,
Үніңді аққу өзі алып қайтқан.
Қыздары біздің елдің Біржан дейді,
Шықпаған Біржан десе құр жан дейді.
Әніңді аққу айтқан олар да айтып,
Бар қызық Біржан үшін құрбан дейді.
Ағатай, арманысың жас жігіттің,
Жолыңды бағып мен де көзді тіктім.
Аттан түс, үйге бетте, алтын аға,
Қабылдап сәлемін ал мына жұрттың.
– Тас түлек жетті көзім ұшарына
Қалдың - ау Сүйінбайға ұсадың да.
Бата алғам Сүйекемнен, жас бауырым,
Кел кәне, кірші менің құшағыма.
– Сақтасын тәңірім сені көз бен тілден
Өмірің болғай ұзақ ойнап-күлген.
Мен өлсем жоқтатпайтын Жамбыл бар де
Сүйекем соның бәрін қайдан білген. -
Біржан сал осыны айтып аттап түсті,
Жамбылды бауырына алып қатты қысты.
Орнына ұлы аруақтың оқып дұға,
Ел-жұртпен амандасып отырысты...
Сол кезде бір хабаршы тағы жетті,
Тұрғандар тау бөктерлей бұрды бетті.
Қасында қырық - елудей жолдасы бар,
Шөженің Қара Ертістен өзі кепті.
Біржанның ризалығын алды Жамбыл,
Есейіп ел көзінде қалды Жамбыл.
Қақ жарып жалпақ елді өз тобымен,
Шөженің қарсы алдынан барды Жамбыл.
– Шөжені қалай ырғап байқар екен,
Кәріге қандай өлең айтар екен?
Біржандай Шөженің де көңілін тапса,
Бұл Жамбыл адам емес, сайтан екен...
Ерлікті ер болмаса кім байқайды,
Тереңді жел болмаса кім шайқайды.
Төсіне қолын Жамбыл басып тұрып,
Шөжеге сәлем беріп салды айқайды,
– Қазақтың қамқор атасы
Ақ тілеу ғана тілеген.
Ұл туды десе бір үйде
Қуанып құстай түлеген.
Жылаған дауыс естісе,
Қосылып жылап жүдеген,
Жақсыны жырмен жұбатқан,
Жаманды тілмен мінеген,
Даналық айтса Ертісте,
Естілігі жатқан Іледен,
Шөжекем келген еліме,
Не деген қызық күн еді!
Ақылы терең теңіздей,
Алдына болжап қараған.
Түн ұйқысын төрт бөлген,
Болашақ күнін санаған,
Қорқытша тартса қобызын –
Өлеңі қардай бораған,
Қазағын сөзбен жылатса,
Күлдіруге де жараған.
Шөжекем келіп еліме,
Бақытты болды-ау бар адам.
Түсіріп аттан алайық,
Ақ киізге салайық,
Ақ жібекке орайық,
Өлеңнің кәрі патшасын,
Көтеріп үйге барайық,
Атаға тәжім етіңдер,
Өлеңді сүйген халайық!
Аруақты қартым келген соң,
Аулым кетті-ау молайып,
Атағым кетті-ау зорайып.
Атаға тәжім етіңдер,
Ақынды сүйген халайық!
Сынап тұр ақын Шөже сез салмақтап,
Айтқанды жаратпайтын көзге мақтап,
Сөйлеген ел атынан Жамбыл жыры,
Өлеңге ұқсамайды алған жаттап.
Сөзінде қамқорлық бар, ойлылық бар,
Жалт етер жалғандыққа емес құштар,
Берейін мен де бұған өз батамды,
Естісін асқа мына келген жұрттар...
– Ей, Жамбыл, танып тұрмын.
Сен екенсің.
Жау жүрек - жасқанбайтын ер екенсің!
Берейін мен де бата Сүйінбайдай
Бастай бер сонсоң астың мерекесін.
Жұрт демде қол көтерді тұра қалып.
Кәрі Шөже сұңқылдап соғып кетті.
Әр сөзін қағып алды мына халық.
– Шырағым, өлме, тірі бол,
Тірі болсаң - ірі бол,
Жаурағандарға жылу бол,
Қараңғылардың күні бол,
Қайғырғандардың тілі бол,
Қасіреттілердің жыры бол,
Қазағым үшін қақсаған,
Қиналса жаны саспаған,
Ажалдан қорқып қашпаған, -
Қамқоршылардың бірі бол!
Шөже де өз жайына орналасты,
Ішіп-жеп жатыр қонақ берген асты.
Үлкендер бір-бірімен сәлемдесті,
Гулеген күн қызығы түнге ұласты.
Қалың ел қайыстырған қара жерді,
Арналған өздеріне үйлерге енді.
Әңгіме ас жөнінде, ат жөнінде,
Басқа сөз жоқ сияқты тіпті мүлде.
Қай жақтан қай ат келді, кім әкелді,
Түсетін ас сынына палуан кімдер?
Айтылып әр түрлісі жорамалдың,
Шаршаған кәрі-құртаң ұйқтап қалды...
Тек Біржан алар емес көз шырымын,
Өңкей жас қоршап тұрған қара-құрым.
Домбыра Салмен бірге сұңқыл - қағып,
Тыңдатып жатыр әннің неше түрін.
Жас қыздар жаттағыш, - тым қағылез,
Қадалып ала алмайды Біржаннан көз.
Ажары ақшыл - қызыл шырайлы екен,
Өзіне сұйық мұрты ұнайды екен.
Саңқылдап еркін дауыс ашылған соң,
Ащы қып домбыраны бұрайды екен,
Содан соң құйқылжытыл басады екен,
Айқайы Алатаудан асады екен.
Ащы қып домбыраны бұрайды екен.
Үзілмей ішек қалай шыдайды екен!
Жарқылдап жарық қанат ән ұшқанда,
Сүйсінген қыздар сыңсып жылайды екен.
Теңселіп тынған көлдер қалады екен,
Жаңғырық ән үйреніп алады екен.
Осы әнші адам ба екен, құдай ма екен,
Үзілмей ішек қалай шыдайды екен?
Аққу боп ән аспаннан оралғанда,
Табынып қыздар соған жылайды екен.
Мүлгіген тау серпіліп қалады екен,
Жаңғырып әнді қайта салады екен.
Сал Біржан осылайша түнді өткізді,
Әнімен сусындатты Ұлы жүзді.
Таң атып, астың даңқты күні шығып,
Қайнаған қара нөпір қайта қызды,
Тақылдап хабаршы шал айтты жарын,
Көмбенің қайда екенін етті мәлім.
Ойысты енді солай ас дүрмегі,
Үшқоңыр шүпілдеп тұр төгілгелі.
Барады солай беттеп бәйге аттары,
Түйілген құйықтары, кекілдері,
Атақты шаң жұқпастар, күн шалмастар,
Дәмесіз бір жүйрік жоқ бүгінгі астан.
Бір топ бара жатыр өңшең мерген,
Оқ кезеп көгілдірге көз жіберген.
Ұшқан құс сол маңайда өтпейді аман,
Сорлылар ажал айдап қайдан келген.
Суылдап сүр жебелер көк аспанда,
Бейне бір бәсекеге жол ашқандай.
Барады палуандар да күшке дарқан,
Бұлшық ет бунақ-бунақ алқам-салқам.
Ат тартпас албастыдай алыптарын,
Басады сары атандай талтаң - талтаң.
Гүрілдеп біреулері арыстанша,
Шыдамы шыдар емес алысқанша.
Мынау топ Шөже менен Біржан тобы,
Шоқталған осы топқа елдің көбі.
Қарайды қонақтарға қуанған жас,
Көргенде жырдың оғын, әннің шоғын,
Ішінде Жамбыл да бар жұрт мақтаған,
Жыршы ата, әнші ағасын ардақтаған.
Апырмай жер кенеттен сілкінді ме!
Қалың ел қалды толқып, іркілді де.
Жалт еткен бір ғажап топ пайда болды,
Сәулетті, салтанатты, сүйкімді де,
Ызғытып түскен анау белден асып,
Он бір қыз келе жатыр әнге басып.
Он бір қыз он бір қара жорға мінген,
Адам ба, пері ме әлде жолда жүрген.
Шайқалтып жорғаларын қалды тақап,
Жел мен шаң ілесе алмай соңына ерген.
Жібектен аттарына жабу жапқан,
Ақ күміс, сары алтынмен тұрмандатқан.
Жарастық, жолға лайық кигендері,
Қысылған сезілмейді күйбеңдері,
Әндетіп әсем қыздар келіп қалды,
Қаймығып мына жұрттан именбейді,
Жол берген қалың нөпір қақ жарылып,
Көз алмай он бір қыздан қалды тынып.
Он бір қыз он бір шырақ жанып тұрған,
Көргеннің көз мейірі қанып тұрған.
Пері ме, кімдер бұлар - періште ме,
Ілезде жігіт жанын жанықтырған?
Он бір қыз таңдандырған астың елін
Жиынға әнмен шашу шашты келіп.
Көрген соң Шөже ақындай қартты қыздар,
Ат басын ортаға кеп тартты қыздар.
Оң қолмен жүректерін басып тұрып,
Жиынға сәлемдерін айтты қыздар.
Басына киген бөркі мөлдір құндыз,
Толқыта жырлап кетті бір сұлу қыз,
– Атпенен астым шың-құздан,
Қазаққа келдім қырғыздан.
Қыстауым бұлттан биікте,
Жайлауым биік жұлдыздан.
Ақынның асы өтерде,
Үйірлеп жылқы қырғыздан,
Үйіме тыныш жата алмай,
Он қызды ертіп мың қыздан –
Арнап бір келдім, ағайын,
Атымның басын бұрғызбай.
Қыздар өмірі қысқа екен,
Көбелек өмірі секілді.
Дәурені тез-ақ өтеді,
Толықсып бойы жетілмей.
Қызғалдақ жаурап қурайды –
Тұра алмай желдің өтінде
Ақ жаулық келіп басқан соң,
Айырып қойған кекілді,
Қырғыз бен қазақ тастайды
Үңілтіп жерге бетіңді.
Оң жақта сайран құрғандар,
Қос қанат аман тұрғанда,
Қос шырақ сөнбей жанғанда,
Жүзімнен қаным тамғанда,
Бақыттың құсы басыма,
Өлең-жыр болып қонғанда,
Қомызды қолым шалғанда,
Кеудемде күйім толғанда.
Естіген құлақ қанғанда,
Алыссам алып ұрғанда,
Жарыссам бәйге алғанда,
Қызығын көрмей жалғанның
Өтермін қалай арманда.
Сүйекем ауру дегенде,
Қазақ пен қырғыз жылаған,
Сүйекем өлді дегенде,
Өлеңнің туы құлаған.
Сүйекем орнын, құдай-ау,
Толтырар кім деп сұраған.
Шығыпты дейді бір жігіт,
Өлеңнен құрақ құраған,
Есіттім атын Жамбыл деп,
Сынына жұрттың шыдаған.
Іздеп келдім Жамбылды,
Кетпесін деп сыбағам.
– Қайда екен сол жігіті алғыр деген,
Сүйекем соған қалай қалдырды өлең.
Қорықпаса майданыма шықсын менің,
Сазасын алсын менен Жамбыл деген!
Жамбыл:
Сұрасаң Сүйінбайдың Жамбылымын,
Өлеңнің қара жолдай даңғылымын.
Тентек қыз, асқақтамай артыңды ойла,
Көрсеткен астамдығың қай қылығың?!
Қыз:
Бола бер, мен қайтейін Жамбыл болсаң,
Жорта бер жалғыз шауып даңғыл болсаң,
Қасқырмын құла дүзде қағып кетер
Қозыдай қойдан қалған қаңғыр болсаң.
Жамбыл:
Сен болсаң түзде қасқыр жортатұғын,
Қозыңды тапқан жоқсың қорқатұғын,
Қарулы жолыңдағы менмін қақпан,
Діңкеңді тырп еткізбей құртатұғын.
Қыз:
Отпын мен, тас та болса жандырамын –
Жандырып қанатынды талдырамын.
Жалынға лапылдаған түстің, байғұс,
Күніңе аман жүрген зар қыламын.
Жамбыл:
Тентек қыз, егестің бе шыныменен,
Лапылдап өрт те болдың тіліңменен.
Жаңбырмын қара нөсер сел боп құяр –
Кетемін жайып - шуып күліңменен.
Қыз:
Алдымнан шыға келдің бір сор айдап,
Алармын әнмен буып, сөзбен байлап,
Соқтықтың жолбарысқа жонда жортқан
Өкінбе өлмеші етіп кетсем шайнап.
Жамбыл:
Аузыңнан сөз шығады батпан - батпан,
Кез болдың жолбарысқа жонда жатқан.
Дәл соғып жүрегіңді жаралайтын,
Оғымын сұр мергеннің андып атқан.
Қыз:
Аруағын Сүйінбайдың қызғанып ем,
Жарайсың, бүгін, Жамбыл, ырзамын мен.
Алыстан аңсап келген қонағыңмын,
Сыйла енді сен де мені тұз - дәміңмен
Жарайды осы ырғасу, ырзамын мен,
Қызбаймын сен қызарып қызғаныңмен.
Ақмарал атым менің, затым қырғыз,
Қабыл ал қасымдағы қыздарыммен, -
Деді қыз назбен қарай жайраңдаған,
Бір жан жоқ таңданбаған, ойланбаған,
Жамбыл тез аттан түсіп барды жаяу,
Сал қызға cap даланы сайрандаған.
– Ақмарал, қырғызымның ардақтысы,
Мен саған жібергенмін арнап кісі.
Төр емес, төбесінен береді орын,
Өзіңе бұл қазақтың әр жақсысы.
Ақмарал қандай десем, сен екенсің,
Өлеңнің таудан аққан селі екенсің,
Даланың жайпай соққан желі екенсің,
Сұңқарға сорғалаған тең екенсің.
Ақмарал қандай десем - күн екенсің,
Сүймейді қандай қазақ күн еркесін,
Ақынның алтын қанат бірі екенсің,
Көз - тілден қалай аман жүр екенсің.
Ақмарал қандай десем - ай екенсің,
Атылған қара бұлттан жай екенсің,
Төгер ән, құяр жырға бай екенсің,
Қазақта Сүйінбайға сай екенсің.
Қырғыздың он бір қызы - он бір жұлдыз,
Кигені өңшең торғын, өңшең құндыз.
Аулымда айлап жатып ән шырқаңдар,
Құрметке қол қусырып күтіп тұрмыз.
Көргендер бұл екеуін таң болып тұр,
Екеуі жанған екі шам болып тұр.
Сайраған бұлбұл қыз бен дүлдүл жігіт,
Қайнаған қалың топқа әр беріп тұр.
Бұл сөзге Шөже келіп араласты,
Тоқтатты тайталасқан екі жасты.
Ару қыз Ақмаралға алғыс айтып,
Дүрліккен дүйім жұрттың көңілін басты.
Озған кім? Қалған кімдер жарысқанда?
Жыққан кім, жығылған кім алысқанда?
Бәрін ел ұзақ жылдар әңгіме етті,
Мақтапты жеңгендерді сайыстан да.
Тарапты келген қонақ ризалықпен,
Ел құрмет көрсетіпті, мырзалықпен,
Жамбылмен жылап қарттар қоштасыпты,
Демепті ешкім сыйдан құр қалыппын.
«Ас болмас Сүйінбайдың асындай деп,
Жүздеп мал, мыңдап ақша шашылды - ай» деп,
Жағасын жеті өзеннің дуылдатып,
Әңгіме болған емес осындай көп...
Сол астан қайтты еліне Ақмарал да,
Қыз сырын қызусыздар аңғарар ма.
Мейманын Жамбыл өзі шықты ұзатып,
Қалған жан Ақмаралдан жан болар ма!
Екеуі ат құлағын теңестіріп,
Келеді үн қатпастан кеңес құрып.
Тастақ жол тар қойнауға тартады ойнап,
Ар жағы адам білмес көмескілік...
– Мен шын - ақ қалармын ба Ақмаралсыз,
Жасаған Ақмаралсыз адам арсыз.
Сүйем деп сүйе тұрып айта алмаған,
Жан едім қандай қорқақ, қандай әлсіз...
– Мен шын - ақ кетемін бе, Жамбыл қалып,
Дүниеден өтемін бе жалғыз жанып?
Сүйем деп тым болмаса неге айтпаймын
Кетсе де жүрегімді тағдыр жарып!
Екеуі ат құлағын теңестіріп,
Келеді осылайша кеңес құрып,
Үндерін екеуінің шығармайды,
Алдағы адам білмес көмескілік.
О, сұмдық, белгісіздік, көмескілік!
Қайғысын көмескінің көп естідік.
Күдікпен көмескілік қосылғанда,
Дал қыпты талайларды деп естідік.
Дал қыпты Ақмарал мен Жамбылды да,
Ғажап үн тына қалды жаңғырды да,
Көрінді от та күңгірт тартқандай боп,
Жап-жарық жүректерді жандырды да.
Келеді Жамбыл қатар Ақмаралмен,
Шіркін-ай ақ жүзіне жалт қарар ма ем.
– Жанында Ақмаралдың не бар екен,
Білдірмей жан жүрегін ақтарар ма ем.
Келеді Жамбылменен Ақмарал да,
Ой - топан осындайда тоқталар ма.
Келеді көңіл күйін кейін іркіп,
Сөз таппай сыр нөсерін ақтарарға.
Барады ойлар қалып, қырлар қалып,
Жол сүңгіп бара жатыр тасты жарып,
Тақалып cap жазықтың асуына,
Он бір қыз шоғырланған тоқталды анық...
Қиялын серпіп Жамбыл ашса көзін,
Қыздардың қоршауында көреді өзін.
Қарап тұр он сұлу қыз күлімсіреп,
Ұсынып жас жігітке он білезік.
– Ал, - деді Ақмарал қыз, - Жамбыл досым,
Өзіңе қыздарымның тартуы осы.
Сенімен енді, бауырым, қоштасамыз,
Ел-жұртың көріскенше аман болсын.
Соғып кет келер жазда шақырғаным,
Өкініп жүрме, Жамбыл, қапы қалып.
Алып кет арнай келіп сыйлығымды,
Естіп кет Ақмаралдың ақырғы әнін. –
Деді қыз жалт етіп бір қарады да,
Жігітке көз қанжарын қалады да.
Содан соң «шу!» деп сұлу кетті тартып,
Жамбылды жарқабаққа қамады да.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Мен

  • 0
  • 0

Мен сырымды көргем жоқ бүркеп бұлтқа,
Күн сияқты айқынмын барлық жұртқа.
Жүрегім де соғады ұрланбастан!
Өмір сүріп келемін пұлданбастан.

Толық

Көкшеде

  • 0
  • 0

Көліне түстім Көкшенің
Көбікпен ойнап балаша,
Толқынмен кеттім таласа,
Тамаша, қандай тамаша! .

Толық

Қайың

  • 0
  • 0

Тынымсыз соқты жел борап,
Шайқады биік қайыңды.
Сұлуды белден алды орап,
Қайыңның шашы жайылды.

Толық

Қарап көріңіз