Өлең, жыр, ақындар

Бір ақын туралы әңгіме

  • 23.03.2019
  • 0
  • 0
  • 2219
Керемет еңбектен бір батыр шықты,
Даңқымен таңдандырды қалың жұртты.
«Тағыпты омырауына алтын жұлдыз,
Уа, шіркін, сол жігітті көрер ме ек біз...»
Талайлар осылайша әңгіме етті
Мақтады газеттер де сол жігітті.
Шықпайтын үйінен бір ақын бар-ды,
Көп көрген соңғы кезде талқыларды,
Ол аса қадірлейтін өз талантын,
Тютчевтан көбінесе нәр алатын.
Ұсайтын Блокқа да көп өлеңі,
Жырлайтын өз әйелін әп-әдемі.
Жалғыз-ақ алып барады жұрт мазасын,
«Өмірден алшақсың» деп тағады сын.
Оқыдым газеттен ол батыр жайын,
Мақтаған жылқышыны қарапайым.
«Ықпаған борандарда, түнде жортқан,
Бір қыста жүз қасқырды жалғыз соққан...
Деген сөз ақынның да көңілін бөлді
Баруға сол батырға буды белді.
Адамның көремін деп Геркулесін,
Көзіне елестетті зор денесін.
Геройын көрмей-ақ ол жол бойында
Жоспары поэманың туды ойында:
Еске алды ертек тартқан батырларды.
«Несі бар, - деді өзіне, күбірледі, -
Кім сынар көрмедің деп өмірді енді!
Жүз қасқыр, бір алыптың қан майданын
Жырменен жеті буын сыпаттаймын».
Ұмытқан көптен бері жүруді атпен,
Жүйріктің желісінен шаршады әбден.
Жануар тізгінімен алыстырды,
Ақынның әлсіз қолын қарыстырды.
Күн батып, жайған кезде түн қанатын.
Аулына геройының жетті - ау ақын.
Көрмеп ед он жыл ұдай өз ауылын,
Танымай тұрды қарап мынау түрін:
Тамаша көшелері тартқан сымдай,
Көп жарық көктің бейне жұлдызындай,
Қаз-қатар жасыл жапырақ жас теректер.
Ұшып жүр гүл секілді көбелектер.
Сылдырлап ойда бұлақ, қырда құрақ,
Тәтті әні тамылжыған естіліп тұр.
«О ғажап, - деді өзіне ақын сонда, -
Әлде мен адастым ба мынау жолда?
Іздеген алыбымның ауылы қайда,
Қалды екен қалтарыста қай жағымда?!»
Ақыры бір баладан сұрап алды,
Осы екен әдейі іздеп келген ауылы
Түп-түгел қажетінің білді бәрін,
Клубта геройының отырғанын...
Көңілді күндізгідей жап-жарық зал,
Қаз-қатар мраморлы колонналар,
Торғынмен әйнектері перделенген,
Судырар сырласқандай қоңыр желмен.
Астында күмбезделген люстраның
Еденнің жібек кілем жапқан бәрін.
Бос емес бір орындық, толған адам
Кезі екен қызған жаңа лекцияның.
Кірді ақын, жалтақ-жалтақ қарай берді,
Бата алмай басуға өңшең жібектерді.
Көруге елден ерек зор алыпты
Жолаушы әркімдерге - ақ көзін тікті.
Алып жоқ, жиын жұрттың бәрі бірдей,
Сөйлеп тұр бір жас жігіт түк іркілмей.
Шешеннің жанды сөзі еліктіріп,
Қалыпты тыңдаушылар судай тынып.
«О ғажап! - деді өзіне ақын тағы, -
Сайраған бұл кім өзі колхоздағы?..
Күйретті идеализм өкілдерін,
Ақтарып фәлсәфаны қай-қайдағы.
Лениннің құдіретті қисындарын
Бір өзі алғандай ғой жаттап бәрін.
Сөздерін қалай-қалай дәлелдейді
Келтіріп тарихынан партияның!..»
Сөз бітті, улай-шулай қозғалды жұрт,
Қимылсыз ақын ғана тұрды жым-жырт.
Қасынан өткендерді сынағандай
Әркімге бір қарайды көзін алмай.
Бір кезде «жолдас лектор» деді ақырын,
Қол созды танысындай о да бұрын.
Мейіріммен жас жігіт те амандасты,
Сыпайы бір-бірінен жай сұрасты.
Асығыс, қысқа-қысқа сөйледі ақын:
Іздеген геройының атады атын.
Өтінді көрсетуін жылқышыны.
Жазатын дастанында жырланатын.
«Мен едім, - деді шешен, сол жылқышы».
Лыпылдап бетінде ойнап тұр күлкісі.
Білмеді: састы ма ол, қуанды ма
Ақынның қуаң тартып кетті түсі.
Келем деп кеткен ақын бірер күнде
Ай өтті, оралған жоқ әлі үйіне.
Естиміз аман-есен жүр деп сонда
Жұлдызды жас жігіттің колхозында.
Бұрынғы жоспарынша шықпай дастан,
Айныпты одан кәзір жақтырмастан.
Жатыр дейді жаңадан бір жоспар сызып.
Тілейміз поэмасы шықсын қызық.

1949



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Сен менен әлді екенсің

  • 0
  • 0

Мен сенен әлсіздеумін,
Сен менен әлді екенсің.
Қанша рет сөнді екенсің,
Қанша рет жанды екенсің.

Толық

Құтсыз қонақтар

  • 0
  • 0

Тық-тық біреу есік қағады,
Кірмейтіндей сұрамай.
Бір ашады, бір жабады,
«Кір» дегенше шыдамай.

Толық

Диалогтар

  • 0
  • 0

− Қарағым, кеттің қайда?
− Барамын махаббатқа.
− Оныңнан жоқ қой пайда.
− Жолымнан көп тоқтатпа.

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар