Оркестр
І
Бурадай көк ала бас, бурыл сақал,
Ертеден елге мәлім Еспембет шал.
Өңгеріп домбырасын басса перне,
Қу ағаш, қос шектен төгетін зар.
Құшақтап мәңгі жолдас домбырасын,
Ақ үйге көлеңкедей иіп басып;
«Қандай күй бәйбішеге ұнар екен,
Білейін болса рұқсат өз ықыласын».
Дегенде күлімсіреп бәйбіше де:
Назданып тасығандай әлденеге
«Тартыңыз, мен сүйетін бұлбұл күйін»,
Деп рұқсат береді екен күйшіңізге.
Кетеді сонда жылжып жүйрік бармақ,
Төгіліп домбырадан күйлер аңдап.
Талдырып тыңдаушысын ұйытады,
Салғандай жүрегіне темір қармақ.
Күйші де жұмып көзін, терге батып,
Орманға тыңдаушысын аралатып,
Ұшырып домбырасын қанат байлап,
Бұлбұлдай жібереді ән сайратып.
Ұшады сонда бұлбұл қанат қаққан,
Сайраған, тамылжыған, таңырқатқан.
Таңдайды қара орманнан әдемі гүл,
Іздейді дамыл таппай шар тараптан.
Таппаса іздегенде сүйген гүлін,
Толғатып, толғауратып созып үнін.
Тарығып, тақылдатып, таңдай қағып,
Төгеді тәтті үннен зарлы мұңын.
Артынша өзгертеді тағы да үнін,
Көрсетіп күйіменен жүрек шынын.
Шығады қуанғандай шаттық даусы,
Дегендей «таптым сені, сүйген гүлім»!
Сол кезде сықылықтап күліп бұлбұл,
Байқасаң салып құлақ, бітеді тіл.
Күй менен құс шешені жайып қанат,
Жас гүлге жақындасып айтады сыр.
Кіргенде құшағына бұлбұл гүлдің,
Көрпесін жамылғанда сұлу түннің.
Баяулап, сөніп бәсең тоқтағанда,
Сарыны сайрап тұрған күй мен жырдың.
Бәйбіше күйші қартқа көз жіберіп,
Сәндетіп, самарқаулау түрегеліп,
«Тартпаңыз, ақ ордамнан өзге жерде»,
Дейді екен сырлы аяқпен қымыз беріп.
Күйші қарт ашып сонда жұмған көзін,
Алдында бәйбішенің көріп өзін.
Қусырып екі қолын, шұлғып басын,
Мақұлдап міңгірлейді айтқан сөзін.
Қалың ел есту үшін күйге ынтыққан,
Кіре алмай ақ ордаға, тыңдап сырттан.
Дауысы домбыраның басылғанша,
Тарқаспай үй сыртында отырысқан.
Маңайлас ақ ордамен қара лашық,
Тоқтам жоқ кім кірсе де, есік ашық.
Қыраудай ақ сақалы бір шал отыр,
Қобызбен қолындағы сыбырласып.
Қобыздың қос құлағын кезек бұрап,
Күй беріп, қыл ішекке салып құлақ,
Толғанып терең оймен тебіренгендей,
«Әлеумет, не тартайын?» - дейді сұрап.
Қиылып, қоршаған жұрт шалдың үйін,
Көз тігіп, күйшісінің күткен сыйын.
Қосылып бір дауыспен етіп тілек:
«Тартыңыз, қадірлі қарт, «Аққу күйін» -
Дегенде сарнап қобыз күңіренген,
Қосақтан күй дегенің қойдай өрген.
Құйқылжып, тыңдағанда көкей кесіп,
Өлген жан көтергендей басын көрден.
Кейде күй нөсерлеткен, топандатқан,
Шалықтап кейде аспанға қанат қаққан.
Бір кезде қыл ішектер тарсыл қағып
Естілген жүрген жүріс - желген аттан.
Шал күйі - қобыз қылы мініп атқа,
Жөнейді көлден аққу ауламаққа.
Тырс етпей тыңдаушылар қарасады,
Дүбірлеп ат жүрісі шыққан жаққа.
Ертеде болған екен жетім бала,
Ойы өткір, сезімі артық, ақылы дана.
Қолында кәрі шеше, қарындасы,
Бір үйде бас көтерер өзі ғана.
Жалғыз үй, құба жонда қалған елден,
Серігі шиті мылтық өзі мерген.
Аралап жапан түзді күн-түн қатып,
Өнері аққу ату айдын көлден.
Еңкейіп күндей батып шөккен кемпір,
«Аһ!» ұрып қабырғасын сөккен кемпір,
Жалынып жалғызына жәрдем сұрап,
Көл қылып, көздің жасын төккен кемпір.
Бал ашып жоқты болжап құмалақпен,
Қуанып пешенесі шықса бестен.
Сарылып жас мергеннің жолын күтіп,
Сәждеде тәңірісіне тілек еткен.
Жас мерген апасының білген зарын,
Намазда төгіп жасын, зарланарын.
Жүргенде құла түзде еңіреп жетім –
Жуады көз жасына орамалын.
«Егесі бар әлемнің болса тәңірі,
Құдіретпен жарылқаса сорлы жанды.
Қалайша естімейді? - дейді бала
«Үй - түзде екі жақтап зарлағанды».
Деп, - кезді көлден - көлді бала мерген,
Атуға кездескен деп аққу көлден.
Айнадай айдын көлдің жиегінен,
Ақыры қос аққуды көзі керген.
Көкжиек көмкерілген, мөлдір аспан,
Көгілжім көлдің бетін бояу басқан.
Қалықтап сәулесіндей сұлу күннің,
Қалқып жүр аққу құстар қыңқылдасқан.
Көргенде қуанғаннан күлді бала,
Боларын бір күн тамақ білді бала.
Бетке ұстап көк құрақты, аттан түсіп,
Аққуға бүкшең қағып жүрді бала.
Қаңқ етті сәлден кейін қара мылтық,
Селк етті көл де бірге суын іркіп,
Қаңқылдап егіз аққу көтерілді,
Қаңырап қалды мылтық суға бүркіп.
Оянып, сықылықтап жатқан толқын
Мазақтап бір жағынан жаңғырық, жын.
Суылдап қанаттары кетті құстар,
Жаудырып жас мергенге қайғы бұлтын.
Не керек айта беріп одан әрі?
Өртенді ызаменен жастың жаны.
Тамшылап көзден жасы ат жалына,
Ойменен бөтен жаққа көз салмады.
Балғын қыз көптен күткен жан ағасын,
Көргенде қурап келген қанжығасын.
Үміттің үзілгендей нәзік қылы,
Көзінен моншақтатып төккен жасын.
Аш қыздың жылағаны, зарлағаны,
Төгіліп көзден жасы парлағаны;
Еңкілдеп, бір жағынан еңіреп кемпір –
Тәңірісін күйінгенде қарғағаны.
Сөйлейді бәрін қобыз қоңыр күймен,
Естіліп жылаған қыз даусы күйден.
Қаңқылдап аққу күйі тоқтағанда,
Тарқасқан жиналған жұрт шал үйінен.
Күй тыңдап қобызшыдан кетсең шығып,
Шал үйі қара лашық қалса бұғып.
Құла түз, жылауық жел, сардаламен
Жөнелсең көкжиекке көзді тігіп.
Көресің құм басынан бір баланы,
Туғаннан еткен мекен айдаланы.
Таң атып, күн батқанша естігені,
Қойлардың маңырағаны, жамырағаны.
Езілген ұлтарақтай өмір жасы,
Баққан қой жалғыз ғана жан жолдасы.
Қол тиіп «Аққу» күйін тыңдай алмайды,
Көз нұры, қобызшының өз баласы.
Құм көшіп, қозғалса шөп сол далада,
Соқса жел, тіл бітірсе айналаға.
Көршісі қасындағы қурай әнін,
Тыңдайды тосып құлақ қойшы бала.
Зарлайды мұңды қурай неге налып,
Жылай ма, қайғыра ма, жалғыз қалып.
Жоқ, әлде қозғамақ па қайшы күйін,
Жабыңқы жас балаға қиял салып.
Әйтеуір аса зарлы қурай әні,
Ұйытқан бұйықтырған жас баланы.
Көз қойда, құлақ әнде ызыңдаған,
Сезілмейді тапжылғаны, қозғалғаны.
Бір кезде бала қойшы мойын бұрып,
Ән шыққан жерге жылжып баяу жүріп,
Сындырып боз қурайдан сыбызғы істеп,
Өз күйін сарнатады жалғыз тұрып.
Алған соң адам қолға боз қурайды,
Күйменен қосарланып, тіл сайрайды,
Жел күйі ызындаған қалып сыртта,
Терең сыр жүрек тербеп, қанды айдайды.
Ащы зар құба жонда безілдеген,
Жегідей тыңдаушының жанын жеген.
Жас бала сардаланы тербеткенде,
Жас қалмас егілмеген - төгілмеген.
Қойшыңыз сыбызғымен күй шалғанда,
Қосылып мұңды күймен сарнағанда,
Жететін бар арманы қайғы-зары,
Алыстан салып құлақ тыңдағанға.
Күйім менің мұң мен зар,
Зармен сарнап айттым жар.
Сыбызғыммен сөйлесем,
Көзден жасым тамшылар,
Ей, бұйра құм, кең дала!
Тыңда, маған құлақ сал!
Тыңда, оян, бас көтер,
Тыңдататын сезім бар.
Жапанда жалғыз жапалақ,
Болуға қанша жан шыдар.
Болар ма екен құм туар,
Сордан маңдай аршылар?!
Құм қойнында көп екен,
Сыбызғы тартқан малшылар,
Серігім мұңды қоңыр жел,
Сен де маған құлақ, сал!
Сол малшыға, жалшыға,
Сәлемімді алып бар!
Тартсын менің күйімді,
Қобызшы атам, сорлы шал,
Тыңдасып жұрт, ұғынсын,
Тудыралық бір жанжал.
Ащы зардан шықса кек,
Бұзылмас па тас қамал!
Жаңармас па лашық,
Қирамас па ордалар!
Көгермес пе кең өріс,
Қуанбас па жатқан мал.
Сонда тілек табылар,
Сонда жаңа ән шығар!
Сонда қобыз, домбыра,
Сыбызғымен қосылар
Қосылса күй жосылар!
Мұңды қүй сыбызғыдан көкей кескен,
Таралып кең далаға желдей ескен.
Оянып ұйқысынан шал мен кемпір,
«Зарлатқан сыбызғыны бұл кім?» - дескен.
Сол кезде қобызшы шал көтеріп бас,
Көзінен тамшылатып ағызып жас,
Қобызын іргедегі алған қолға,
Тартуға «Топан» күйін қойып ықлас.
Тартқанда «Топан» күйін топандатқан,
Естілген күшті сарын тас құлатқан.
Арқа, Сыр, Алтай, Орал сілкінгендей,
Шанағы қыл қобыздың дабыл қаққан.
Қыл ішек өрістен қой жамыратқан,
Қоршаған тыңдаушысын жадыратқан.
Қыздырып «Топан» күйі қызық, майдан,
Естілген ұлы сарын шапқан аттан.
Шал күйін бай да ордадан тыңдап жатқан,
Түнерген қара бұлттай қабақ жапқан.
Қалтырап ақ ордасы қозғалғанда,
Қайғырып, шайқап басын, таңдай қаққан.
Шолдым тербеп қиял өткен күнді,
Күйшімен зарыққан күй улы өмірді,
Бүгін күй күйшісімен бас қосқанда,
Жырлайын енді жаңа оркестрді.
II
Оралдың сыбызғысы, қобыз Сырдан,
Күйттеулі домбыра да келген қырдан.
Сайрарлық салтанатпен бас қосыпты,
Арылып жүрек кескен ауыр мұңнан.
Домбыра, қобызбенен жаңаланған,
Емес қой сыбызғы да бос қурайдан.
Ән мен күй елмен бірге жасарғасын,
Бұларды дей көрмеңіз «шыққан қайдан»?
Күйші шал - домбырашы, қобызшы шал –
Күйменен қайта туып жаңарғандар,
Жеткізген ескі мұра біздің күнге,
Ішінде оркестрдің бұлар да бар.
Жас күйші - домбырашы, қобызшылар –
Жиналып жұрт алдына шықса бұлар.
Солардың ортасынан көз тартады,
Тарихпен ескі жолдас ақсақал шал.
Көргенде жауған қардай шалдың шашын,
Ортаға ұсынған соң өз мұрасын.
Қол соғып қошеметтеп қуанамын,
Тұрғандай ескі тарих иіп басын.
Жастың да, кәрінің де қосқан басын,
Жаңартқан қобызы мен домбырасын.
Бастаушы: партияның өз адамы,
Өнерпаз жас дирижер жан жолдасым.
Ашылды әне перде театрдан,
Дыбыс жоқ, жүрген жүріс шу басылған.
Тыңдайық, біз де бірге қалың елмен,
Дауысын күшті күйдің шыққан тыңнан.
Жосылды жойқын дауыс сахнадан,
Аққандай тасқын өзен кең арнадан.
Таңданып, тамашаға батысады,
Тыңдауға театрға толған адам.
Басқарған жас дирижер көсіп қолын,
Күйлердің сала-сала ашып жолын.
Гулетіп көз алдыңнан өткізеді
Тарихпен таныстырып жиын - тобын.
Қаңқылдап «Аққу» ұшса күйді бастап,
Артынан «Қара жорға» шықса ойқастап,
Шоқаңдап көз ұшынан елестейді
Мертігіп қалған киік оқтан ақсап.
Одан соң шықты бір күй оркестрден,
Сипаттан жеткізе алман айтып тілмен.
Тек қана жас жүрегім қуанады
Бір соғып оркестрден шыққан үнмен.
Тым бөлек күй сарыны құлақ жарған,
Сыңсыған емес зарлы, жабырқанған,
Дабысы қалың отряд қозғалғандай,
Екпіні соққан желдей құлақ шалған.
Күй дауысы: көкке күшті аэроплан,
Құрыш құс, жайған қанат, ұшқан қыран,
Шарықтап жауды алыстан болжағандай
Құлаққа үн тигендей моторынан.
Күй дауысы: зеңбіректер атылғандай,
Үркітіп тиген жауын қашырғандай,
Атқан оқ нажағайдай сызып бұлтты,
Қайратын айбатымен асырғандай.
Күй дауысы: атты қосып қаптағандай,
Отанды шабуылдан сақтағандай.
Ойнатып өткір найза, кескір қылыш,
Дұшпанын тап бергенде таптағандай.
Оркестр қалың елін ерлендірген,
Қанына тыңдаушының күш жіберген,
Баурайын асқар алып Алатаудың
Шалқыған ерлік күймен безендірген.
Мен бөлекпін. Жаңарған тудым елден,
Бойым аулақ әлсізге қазған көрден.
Сондықтан күйім дарқан, күйшім балуан,
Ақынға күй үйреткен қайрат берген.
Күй шығар әлі талай оркестрден,
Туғызған оркестрді жаңа өмірден.
Жырлармын мен де талай жаңа күнді.
Қалдырмай қаламымды ұшқыр тілден.
1935
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі