Өлең, жыр, ақындар

Темірші

  • 29.03.2019
  • 0
  • 0
  • 1842
I
Бар қазір бір ақсақал жасы келген,
Әкемнің мен көрмеген көзін көрген.
Сол үшін еркелегім келген шақта
Тұрамын іздеп барып осы қартқа.
Көргеннен күліп мені қарсы алады,
Сеземін оның дағы аңсағанын,
Мейіріммен еміреніп қысса, сүйіп,
Қалады тебем менің, көкке тиіп.
Темірдің тоты сіңген зор алақан
Арқамнан мархабатпен талай қаққан.
Ағаның темір соғар дүкенінде
Қимылын көргем оның жас күнімде:
Соқтырып сол қолымен көріктен жел
Ойнатып ошақтағы отты шебер,
Қып-қызыл сом темірді алауланған
Жалыннан көкшіл сарғылт талай алған.
Соғатын сом балғамен таппай тыным.
Шашыратып кеудесіне от ұшқынын,
Уа шіркін, мен де осындай болар ма едім
Дегенде қарс айрылған көкірегім.
Артық жан болады деп теміршіден
Ойыма сол кездерде емес келген.
Көршілес көп ауылды бір қауым ел
Бәріне тыныс берген жалғыз шебер,
Керегін тіршіліктің мен білетін
Жалғыз сол жасайтындай көрінетін
Аласа шым күркеден бізге таныс
Сансыз жол тарам - тарам тарайды алыс.
Шұбырған сол жолдармен күнде халық,
Керегін теміршіден қайтады алып.
Көк мұзда таймай шапқан тағалы атты
Көргенде еске алатын болдым қартты.
Жалтылдақ кетпенінен егіншінің
Көруші ем бет ажарын теміршінің.
Естісем сыңғырлаған орақ үнін
Ұққандай болатынмын оның сырын.
Құлатқан қайыңдарды айбалтаның
Жүзінде қуаты бар осы адамның.
Ұялап соның бәрі кеудеме әбден
Қартыма қарар болдым махаббатпен.
Темірмен шыңдалғандай өзі бірге
Арналып келгендей ед бұл өмірге.
Я суық, я ыстықтан ауырмайтын,
Я жүдеп, я қамығып аңырмайтын
Қырықтың ол басқан кезде дәл ортасын,
Шалған жоқ ақшыл қылау жалғыз шашын
Ақжарқын, сүйкімді еді, ашу, кексіз,
Аузынан шықпайтын сөз тым әдепсіз,
Алдардың әңгімесін көп білетін
Соны айтып бізді дайым күлдіретін.
Кешқұрым жұмыстан қол босаған кез
Киетін ауыстырып киімін тез.
Жүріп кеп таза ауада жазып бойын,
Ауылда балалармен бастайды ойын.
Шеше алмай жұмбақтарын өңшең бала
Шертетін шекемізден жайлап қана.
Кей кезде жүйріктерін жарыстырып,
Палуандай күштілерін алыстырып,
Озған мен жыққандарды мәртебелеп,
Бәйгеге он тиыннан беретін ед.
Қарайып ымырт түсіп шам жаққанда,
Ac ішіп ел орынға жайғасқанда,
Шақырып мені үйіне отырғызып,
Бастайтын бір мәжілісті тағы қызық:
Оқытып маған Абай өлеңдерін
Жаттайтын өзінің көп сүйген жерін.
Одан соң өзі ежелеп құрастырып
Білмеген әріптерін сұрастырып,
Оқитын қиналғанша, терлегенше,
Бұрқылдап екінші рет шай келгенше.
Жақсы еді, әрі жас еді әйелі оның
(Аңғартар кейінірек үйленгенін)
Аққұба, орта бойлы, маңдайы кең
Қысықтау қара көзі, бетінде мең,
Сызыңқы сирек біткен екі қасы
Көп болса жиырма беске жеткен жасы.
Отырып бізден біраз шетіректе,
Қоятын күлімсіреп оқта-текте,
Ерінің қимаған соң жалынғанын
Беруші еді айтып нәзік «Мақпал» әнін.
Сүйсініп соған өзі деп: «Мақпалым»
Осылай атап кеткен сүйген жарын.
Ағайын, көршілер де қабыл етті.
Әнші мен әннің, аты бір боп кетті.
Бар еді Көбен деген баласы да,
Көзінің тең көретін қарасына.
Қуанып жүргенін қаз-қаз басып,
Той еткен тапқанының бәрін шашып,
Сол жылы Мақпал тағы туып бір қыз,
Оның да атын өзі қойған Құндыз.
Байлығы: ескерттік қой - есендігі,
Басқа жоқ көсе, шешендігі.
Cерігі сенімі де балға мен төс,
Өсек пен өтірікке емес әуес.
Сыйласқыш сыйлағанмен, әрі мырза,
Адамын көңілі ұнатқан етеді риза.
Ешкімге қошеметтеп табынбайды.
Ат мінем, тон кием деп жағынбайды.
Осындай мінезі үшін құлпырмайтын
Айрықша Мақпалына қатты ұнайтын.
Есімде тағы бір кез ұмытпайтын
Қалыпты сол суреттер ойымда айқын.
Қыс еді, ызғарлы бір хабар келді
Қаңтардай қалтыратқан тамам елді,
Бір ауыз «Ленин өлді» деген сөзден
Қанды жас араласа акты көзден,
Түскендей күйреп аспан жерге құлап,
Жатты кеп қара тулар жер бауырлап
Күңіреніп кетті ғажап күйікті жұрт,
Қуаныш қайғы астында жатты жым-жырт.
Ұстаның қиналғанын сонда көрдім,
Бетіне жалтақ-жалтақ қарай бердім.
Балғасын жаңа соққан көтере алмай,
Тұншығып қалды тұрып дем ала алмай.
Көзінен құйылған жас сел боп ақты
Күйдіріп от темірді шыжылдатты.
Кеткендей екі аяғы жерге батып
Тастай боп орнында қалды қатып,
Әр талы сақалының батқан мұңға
Қазірде сол бейнесі көз алдымда.
Үш күндей жатты үйінде елең етпей.
Көзінен сорғалаған жасы кеппей.
Мақпал да еріменен болды бірге
Көрінбей күндегідей көршілерге,
Не десті, не сырласты бұл екі жан
Болған жоқ одан хабар білген адам.
Әйтеуір, көп ұзамай екеуі де
Кіргені партияға қалды есімде.
Одан соң балға даусы қайта естілді
Тынымсыз отты көрік үрлей берді.

II
Ұзақ жыл жүрек тағы көріспестен
Теміршім шыққан емес әр кезде естен.
Хат жазып тұратынмын, хатын алып,
Қалушы ем сондай кезде бір қуанып.
Алғашқы жазғанында қиналғанын,
Қағазға маңдайынан тер тамғанын
Танушы ем қыңыр түскен әріптерден
Бағынбай батыр қолға әрең көнген.
Ұзамай сол қыңырлар болды жымдай,
Балғамен қисықтары ұрылғандай.
Мені дал баласындай сүйген ұста
Тұратын беріп хабар қысқа-қысқа.
Ішінен сонша жазған жақсы хаттың
Жоғалтпай мына бірін сақтап қаппын:
«Баяғы балғам серігім,
Баяғы төсім, көрігім,
Жарап-ақ тұрмын колхозда
Қажетіне көбінің.
Қартайып қалдым демедім
Тиіп жүр әлі көмегім.
Қағылар жері кем екен
Мен істеген шегенің.
Шегінер емес шеберің,
Тиіп жүр әлі көмегім.
Түптетіп алып кетеді
Келіндер сауын шелегін.
Жасаса жастар өнермен
Комбаинның керегін.
Мен әзірлеп беремін
Кемпірлердің тебенін.
Елуге жасы келгенде
Оқып жүр менше жеңгең де,
Қуанып о да қалады
Кітап пен газет көргенде.
Жеңгеңнің көңілі көп жерде
Озбақшы менен ол демде.
Оздырар ма екем оп-оңай.
Тұрғанда жаным кеудемде.
Оқиды қазір қалада
Құндыз бен үлкен балам да.
Апырм - ау, уақыт шапшаң - ау,
Ержетіп қалды олар да.
Жетіліп қалды бақшамыз
Алмасын жедік биыл - ақ.
Отырмыз енді жүз үйге
Жетерлік жеміс жиып ап.
Соғылған сәулетті үйлердің
Шатырын тегіс сырладық.
Каналмен жаңа су келіп,
Жеріміз қалды нұрланып.
Малшылар аса көңілді,
Ажарлы, күйлі егінші.
Көргенше, шырақ, қош енді,
Қолыңды қысқан темірші!»
Өткізіп сан жылдарды зыр жүгіртіп,
Келеміз уақытпенен бірге жүйткіп,
Қоп-қою мөлдіреген қара шаштың
Ішіне ақ қылау кеп араласты.
Мінекей, жүріп келем өз ауылымда,
Туған жер сағындырған көз алдымда,
Мен жоқта туып-өскен жас балалар
Танымай, таңырқасып қарайды олар,
Оқа - емес, ертең бәрі араласып,
Шетінен кетер маған бауыр басып.
Үйіне теміршімнің түстім аттан,
Қорасы толған ағаш шешек атқан.
Ортаға оңаша еккен жас емені.
Жайыпты бұтақтарын әп-әдемі.
Айнала қатар өскен теректердің
Келеді сымбатына қарай бергің
Алдына есігінің өсірген гүл
Сан түрлі көбелектей құлпырып тұр.
Сырланған баспалдақпен көтеріліп
Отырмын енді міне үйге кіріп.
Бөлмеден сол жақтағы шығып келін
Жөнімді сұрастырып білді менің,
Саудырақ бір жан екен сөйлеп тұрған
Жай-күймен таныстырды мені жылдам:
Енесі күнде егінге кететінін,
Мектепте өзі қызмет ететінін
Көбейдің бір күн тыным таппайтынын,
Дем алып атасынын жатпайтынын –
Баяндап шай ішкенше бәрін келін,
Аңғарып әңгіменің алдым көбін.
Киіп aп жарасымды пилоткасын,
Әсемдеп желкесіне түйген шашын,
Үлбіреп нәрестедей еріндері,
Тізілген бейне маржан ақ тістері.
Көзінен жарқыраған төгіліп нұр.
Солдат қыз кімге еркелеп күлімдеп тұр?
Ғажап портрет, өмірдің дәл өзіндей
Қап-қара айналасы өртенгендей.
Таныдым: қарт кенжесі осы Құндыз.
Соғыста Отан үшін жан берген қыз...
Шашыратқан кеудесіне от ұшқынын,
Бейнесін тағы көрдім теміршінің
Көзіне кейін киген көзілдірік,
Оң жағын жіппен жалғап қойыпты іліп,
Қардай боп әбден шашы ағарыпты,
Кәрілік сиретіпті сақал, мұртты.
Белі де бұрынғыдан бүкшең тартқан,
Ала алмай көзімді мен тұрдым қарттан.
Елемей жетпіс беске келген жасын
Соғады баяғыша сом балғасын.
Қартымды құшақтадым өз әкемдей
Сүйеді қайта-қайта о да мендей.
«Жарайсың, бәрекелде, кәупегім!» - деп
Семіріп кеткенімді қойды шенеп.
− Қанекей, бас көрікті, лауласын от,
Ертерек темірімді қыздырсын шоқ
Әңгіме сонда жақсы айтылады,
Ішің де әжептәуір тартылады, -
Деді де көрік бауын маған беріп,
Қулана қарсы алдыма тұрды келіп.
− Жылқының тағалай ма биыл бәрін,
Осынша керегі не көп тағаның?
Мен сізге бермен, сірә, бұрыс кеңес
Дем алмау қартайғанда дұрыс емес...
Сезімді қартымның күп алмағанын
Түйсінген қабағынан тез аңғардым.
Қышқашпен оттан алып шоқ, темірді
Қойды да төске төсеп соға берді.
Темірден алдындағы алмай көзін
Сөйлеп тұр тағы маған қадап сөзін:
− Көсемін қашан айтты шаршадым деп?
Отыр ғой о да қазір жетпіске кеп.
Мен кіммін сонша ардақты жан күйттейтін.
Жұмысқа қолдан келер жегілмейтін!
Күні ертең соқтықса жау бейбіт елге,
Келсе әмір: «Аттан!» деген жас ерлерге,
Тағалап сонда аттарын бере алмасам,
Елімнің қарқынына ере алмасам,
Жасадым дермін жұртқа не бетіммен,
Емес пе ондай тірлік өліммен тең!
Көрініп өзіме - өзім тіпті құнсыз,
Айтарлық таппай жауап тұрмын тілсіз.
Мені де темірменен қосып бірге
Балғалап жатқандай еді сол мезгілде.
«Бас!» деп қарт сәлден кейін әмір берді,
Көріктен гулеттім көп күшті желді.
Сондағы көкшіл жалын дірілдеген,
Сондағы қарттың көзі күлімдеген
Есімнен ешуақытта шықпас менің
Біткенше кеудемдегі ыстық демім!

1950



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Ауылдағы азан

  • 0
  • 0

Естуші едім ауылда
Молдамыздың азанын.
Азан үні шыққанда,
Кетіріп жол тозаңын -

Толық

Құрдасқа

  • 0
  • 0

Иә, екеуміз бір күні тудық,
Құрдасжан,
Біpге көрдік жарықты.
Содан бері айнымастан,

Толық

Келе ғой көктемім

  • 0
  • 1

Келе ғой, көктемім, аңсаған,
Тазартшы, ызғардан аспанды.
Сен ғана әндерді бастаған,
Сен ғана бастаушы дастанды.

Толық

Қарап көріңіз