Махаббат
Болгар әуенімен
Сыңсытып әнін салатын шеше,
Елігіп жаны тыңдайтын бала.
Жалынып қайта айтқызған кеше
Отырған кезде оңаша ғана.
Не деген жақсы болгардың әні!
Не деген ғажап болгарлық ана!
Әніне қоса айтады бәрін,
Албыртып беті тыңдайды бала.
«Толқынсыз Дунай ағады жым-жырт,
Тереңге жинап кегі мен күшін.
Тартады көңілім сол кезде күнгірт,
Қазандай қайнап кетеді ішім.
Жарқылдап жалын, жыртылып аспан,
Өтеді бұлттар салғандай майдан.
Құдіретті сондай аңсаймын жастан,
Көрер ме ем соны - көрер ме ем қайран!
Ұйқыда көзім, көңілім ояу,
Тыншып та дамыл таппайды жаным.
Алыстан әлсіз естимін баяу
Күрсініп теңіз - шағады зарын.
Тазарту үшін түріктен жерін
Аямай басын ажалға байлап.
Соғысқан әкем, қазірде менің
Алдымда отыр қылышын қайрап.
Өлген жоқ әкем, өшкен жоқ көзі,
Естимін соңғы алқынған демін.
Естимін әлі ақырғы сөзін –
Сұраған: жаудан әпер - деп кегін.
Толқынсыз Дунай ағады жым-жырт
Тереңге жинап кегі мен күшін.
Тартады көңілім сол кезде күңгірт
Қазандай қайнап кетеді ішім...»
Сыңсыған әнді, толқыған жырды
Тыңдады Марко алмастан демін.
Алдында оның бір сұрақ тұрды:
«Кім алмақ - деген - атаның кегін?»
Шымырлап бойда ып-ыстық қаны,
Жанына жанған бір шоқ кеп түсті.
Аямас еді майданнан барын
Өссе екен тезірек, болса екен күшті.
«Кім алмақ жаудан өлгеннің кегін?»
Ойынан кетпес дәл осы сұрақ,
Жадына жаттап шешенің сырын,
Үйінен тұңғыш жөнелді жырақ.
Келеді жүріп, келеді тынбай
Жетектеп жанын жаңа бір сезім.
Мейрімді неткен аспаны мұндай,
Қадап тұр оған көгілдір көзін.
Қабаттап киген үстіне сауыт
Қаһарлы түгі сыртына тепкен,
Батырдай нағыз қабағын жауып,
Қарайды шыңдар ызғарын төккен.
Шырқалды бір күй алдынан кенет,
Кім екен тауда сыбызғы тартқан?
Ән ұққыш Марко жайындап келеді,
Балапан құсша қанатын қаққан.
Сақал мен шашы қураған шөптей,
Жартастай бетін көп әжім басқан,
Күйменен шертіп өткенін бастан,
Биікте бір шал төгеді дастан.
Беткейде жатыр жайылып қойы
Кете алмай ұзақ сиқырлы шалдан.
Қайда екен қазір қойшының ойы
Құздарды күймен тылсымдап алған.
Келіп тұр Марко. Қойшы қарт көрді.
Жазып кеп қалды жиырылған қасын
Күлімдеп қария қадала берді
Ұнатып қара көзі мен шашын.
− Іздеп пе ең мені, жол болсын, қарақ
Марко оған үнсіз шайқады басын.
Көріп тұр о да таңдана қарап,
Қойшының қудай сақал мен шашын.
− Сіз кімсіз, ата? Туғансыз қашан?
Бұл тауда жалғыз не қылып жүрсіз?
Тыңдағым келеді - тартыңыз маған
Әдемі күйден: қайғысыз, мұңсыз.
Ойлана қалып қарт қойшы сонда
Жымиып біраз тіл қатпай тұрды,
Кенеттен тағы ұқсады шыңға
Толқыған қиял мың құбылдырды.
Кеудесін кере алды да демін
Таяққа берік сүйене берді.
Желпи түс таудың жібектей желі,
Тыңдайық қарттың жауабын енді.
− Білмеймін атын әкемнің әлі,
Болыпты бірақ юнактың1 бірі.
Өзіндей батыр жар - жолдастары,
Құтқармас көрсе түрікті тірі.
Жалынды достар күндерде бір күң
Жасанған қалың кездесіп жауға,
Аянбай бәрі салыпты қырғын,
Сол жылы бәрі батыпты қанға.
Тұтқындап түрік әйел мен қызды,
Жөнепті жолмен шұбыртып айдап.
Жүрекке талай басыпты мұзды,
Кетіпті талай зығырдан қайнап.
Қаралы шешем тұтқынның бірі
Еріксіз еңіреп түсіпті жолға.
Баурына қысып алыпты мен!
Қайғымен қабат көтеріп зорға.
Тас тиіп, әбден табанын тесіп,
Жүріпті шешем біткенше халі.
Арқасын қамшы пышақтай кесіп
Ағыпты жолда қып-қызыл қаны.
Теңселген дертті - орманнан таңдап
Жапырақты, биік еменге барып,
Тұншығып, үнсіз ішінен аңырап
Тұрыпты жасы шоқ болып тамып.
Еменнің берік бұтағын сайлап,
Белбеуін байлап жел бесік құрып,
Жатқызып мені бесікке жайлап,
Еңірепті былай тербетіп тұрып:
«Жат жерде, болгар үйренбей тілін
Отансыз, құл боп өскенше бейбақ,
Қала ғой туған елінде, күнім,
Қалмаймын деме шешеңді қинап.
Мен үшін туған жерімнің желі
Тербетіп сені өтіп бір жүрсің.
Мен үшін - жауған жаңбыр мен желі
Кіріңді шайып кетіп бір жүрсін.
Қала ғой тыныш, күзетшің, жаным –
Даланың көкжал бөрісі болсын.
Маңыраған ешкі - жоғалтқан лағың,
Есіркеп сені емізіп тұрсын.
Емендей еркін өсе бер, жетіл,
Анаңды жүйрік желдей боп ізде.
Көз жасым құрғат жыласа жетім
Аяма жауың кездессе түзде...
Депті де шешем, қалдырып әрең
Жөнепті тағы арқалап дертін.
Жасадым талай, өлмей-ақ келем
Жасқанбай кешіп өмірдің өртін.
Жас шағым түгел жорыққа кетті,
Семсерді талай сындырдым асыл.
Қайтару үшін қайнаған кекті
Ұшырдым талай түріктің басын.
Қартайдым енді, сарқылды қайрат,
Байлығым жалғыз - сыбызғым, әнім.
Тыңдатып келем тау-тасқа сайрап,
Қоштасқан маған анамның зарын.
Күйім жоқ бұдан тартатын басқа,
Мұңсызын, балам, кейіннен ізде.
Болмасын обал ағарған шашқа,
Сұрама жоқты, кінә артпа бізге.
Күрсінді сонда жас Марко қатты,
Аяп-ақ кетті қадірлі шалды.
Қарт сыры жастың жанына батты,
Ұланды және мейірі қанды.
Кемсеңдеп зорға сөз қатты шалға: -
− Жатпайсыз иеге дем алып енді?
− О, қайран жастық, түспейтін қолға
Деді де қарттың күлкісі келді.
Жатар ем, балам, тынығып жаным,
Кім бағар қойын корольдің онда?
Бағушы маған берер ме нанын?
Ашығып өлгім келмейді жолда!
Марко
Heгe олай, ата, сыбызғың қайда,
Демеп пе ең жаңа байлығым осы?
Болгарлық король дәл осындайда
Болмайды, қалай күйшінің досы?
Қойшы
Корольда көз бар, құлақ жоқ, балам
Болгардан оған қойлары жақын.
Алуға шебер, беруге сараң
Шімірікпей жейді қойшының хақын.
Марко
Сіз үшін, ата, етейін қызмет,
Бағайын мен - ақ корольдің малын.
Күй тартып елден көріңіз құрмет,
Бейнеттен біраз тыншысын жаның.
Қойшы
Ризамын, балам, ризамын саған,
Көндіккен мен - ақ жүрейін қойда.
Қойшы көп мендей, болған соң адам
Бейнеттен бәрін босатуды ойла.
Аң-таң боп Марко қарап тұр қартқа
Белгісіз бір от қыздырды бойын.
Не дерін білмей қарт қойған шартқа,
Айта алмай сөзбен ұғымсыз ойын.
− Қош! - дейді Марко.
− Қош! - деді қартың, -
− Күтеміз! - деді, қарқылдап күлді.
Аңғарып ұлан күлкінің парқын
Әкетті бір ой - аурудай зілді.
Шолып тұр шыңнан қырандай кәрі
Буалдыр, алыс орманды бағып.
Қайғылы кекті сарнатқан әні
Жөнелді жанған қанатын қағып.
II
Атылған совет зеңбіректері
Ақтарып отты снарядтарын.
Тізесін Берлин бүккен күн еді
Қарала Туын күйдіріп жалын.
Жеңіліп дұшпан жер болып жатты,
Қанатын қақты жарқылдап жеңіс.
«Жасасын Совет!» деген үн қатты
Естілді сонда әлемге тегіс.
Қайнады Лондон, толқыды
Париж, Шулады Римның қуанған халқы
Айтылып әсем не ғажап аңыз,
Аспандай берді орыстың даңқы.
Толқынсыз Дунай ағады тыныш,
Бойына жинап сарқылмас күшін.
Кәрі өзен о да алғандай тыныс
Көп заман шаршап ұрпақтар үшін.
Балжанның бүгін аспаны қандай
Өшірген әбден ызғарын бұлттың:
Көлдері бейне көк дастарқандай
Жайылған арнап тойына жұрттың.
Жасарып жапырақ, ашылды шешек
Жан берді жерге көктемнің лебі.
Орманда жасыл үн қатты көкек
Не деген даусы әдемі - ақ еді.
Бостандық алған болгарлықтар да
Бастады қызу жеңістің тойын.
Бишілер билеп, әншілер шырқап,
Гулеп-ақ кетті күлкі мен ойын.
Келеді біреу өзенді бойлап,
Aсынып алған жаралы қолын
Самал жел бұйра шашымен ойнап,
Тұрғандай желпіп кеудесін оның.
Жас емес онша, қарт та емес өзі,
Ашаңдау келген, орташа бойлы,
Соншалық нұрлы ақылды көзі
Ұясы дерлік мейрім мен ойдың.
Бетінде оның шұғыладай ойнап,
Көрініп келед шаттықтың табы.
Айнала қарап алады дағы,
Ілгері басып кетеді тағы.
Кесіліп қымбат ақшаға басы
Маркоға жаулар өшіккен қыста.
Дұшпанның тыныш ішкізбей асын
Жүретін Марко дәл осы тұста.
Пана боп сонау тау менен орман,
Кей кезде түнеп шығатын еді.
Өткізбей жауды тосып ап жолдан
Ұшықтап оқпен тұратын еді.
Жеңімпаз совет қарулы қолы
Жеткенде былтыр аңсаған еліне.
Партизан Марко жасағын бастағы.
Қосылған еді дәл осы жерде.
Аяқтап биді, доғарып әнді.
Қалдырды қауым сүйікті шалын.
Аяңдап Марко қасына барды
Білуге сұрап қойшының жайын.
− Отыз жыл бұрын көріп ем сізді,
Балауса - балғын - бала едім онда,
Сұрап ем тарт деп күйлерден мұңсыз,
Мұңсыз күй онда түспеп ед қолға.
Көп жасап, ата, келіпсіз өлмей,
Сүрінбей сүйреп қарттықтың жүгін.
Қалдыңыз қалай өлімге көнбей
Естиін, ата, айтыңыз бүгін.
Күлді де қойшы жауабын берді, -
Өлмеске, балам, буып ем белді.
Болдырмай әлі келемін жасап,
Дәл биыл жасым жүз бірге келді.
Өткен жыл - жазда - ауырдым қатты,
Зардабы зілдей жаныма батты.
Күдерін үзіп көршілер әбден,
Көрімді қазып әзірлеп жатты.
Сыбырлап ажал: өле ғой, - дейді, -
Қасарма қойшы, - көне ғой, - дейді.
Жасадың жүз жыл жетпей ме, шалым?!
Жаныңды маған бере ғой, - дейді.
− Жоқ! - дедім оған, - аулақ. жүр өзің!
Жеткен жоқ әлі өлетін кезім.
Күтуім керек бостандық сыйын.
Тартуым керек мұңсыздық күйін!
Таласқа түсіп жатқанда жаным,
Шайқалта жерді жетті бір сарын.
Жұмылған әлсіз ашылып көзім
Жеңістің ғажап есіттім әнін.
Үйге де кірді бостандық лебі,
Ысырылып ажал жөнеле берді.
Шығыстан келген шинельді солдат
Басымнан сүйеп тұрғызды мені.
Қалдырған маған суреті міне,
Танып ал сен де сымбатты осы.
Жан екен жарқын орыстың ұлы,
Халқымның қимас қымбатты досы
Кеудесі тола қуат пен жалын,
Ұмытпа, балам, суретін осы!
Мейірімшіл екен, аямас жанын
Ата мен ана, баланың досы.
Ұйықтамай ұзақ отырып бірге,
Уақытты жақсы өткіздік түнде.
Ертектей қызық елінің жайын
Есіттім әбден ұғымды тілде.
Аттанар күні қош айта келіп,
Кетіп ед маған жұлдызын беріп.
Соғамын деп ед сол досым маған
Қайтатын кезде Берлинді жеңіп.
Қызығып көкке қараушы ек бұрын,
Сүюші ек жаздың жұлдызды түнін.
Аспанда жұлдыз армандай ойнап,
Шертетін тауда қойшылар мұңын.
Көрмедім алып - орыстай халық,
Жұлдызды жарық жерінен тапты.
Маған да бірін әкеліп тақты
Қорғады сөйтіп өлімнен қартты.
Айттым ғой, шырақ, жүз бірге келдім
Демеймін бірақ - өлуге көндім.
Болгардың жері болғанын ұжмақ
Келеді менің көзіммен көргім...
Бастады қойшы жаңа бір әнін,
Ұйыды Марко тыңдаған сайын,
Сыбызғы қайта баяндап кетті –
Жердегі жарық, жұлдыздың жайын.
1950
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі