Өлең, жыр, ақындар

Африкада

  • 29.03.2019
  • 0
  • 0
  • 1149
I
− Көк қожасы - империя,
Жер қожасы - империя - Англия!
Англия!
Ағыттық біз линкорларды якорьдан,
Теңіздерді, океандарды сапырған.
Эскадра тарт ілгері, ілгері,
Жат жерлерге жат тәңірі боп кіргелі –
Деп бастады мистер Киплинг өлеңін,
Әнге қоса алыптарын кеменің.
Сыңғыр - сыңғыр хрустальдар,
Қан толғандай бокалдар...
Ақын да емес, музыка да қызыпты.
Министрлер биге басты қызықты.
Ұйықтар емес лордтар бүгін Лондонда,
Coғa - coға әлі кеткен қолдың да.
«Саулығы үшін адмиралдың алыңдар!»
Жұтты лордтар, тола түсті қарындар.
− Африкаға, Африкаға, жол болсын!
Эскадра жеңістері мол болсын!
− Король өзі берді дұға,
Тілектеспіз адмиралға.
− Британия ұлы арыстан ақылды;
Британия берді әмірін ақырғы.
Африкаға тартты лек-лек солдаттар,
Африкаға тартты ақшалы жалдаптар.
Зеңбіректер жалмай қарап ілгері,
Жүзіп келеді Африкаға кіргелі,
Корабльдер толқындармен сайысты,
Шайқалды да теңіз белі майысты.
Салонында адмиралдың -
Нышанындай ағар қанның
Шөлмектерден қызыл шарап төгілді.
Африкаға арналды әндер көңілді...
Сфинкс тұр тілсіз, үнсіз тілсімдей,
Қарап тұр ол болашаққа күрсінбей.
Санап тұр ол өткен айлар, жылдарды,
Күтіп тұр ол келер жаңа жырларды,
Төкпесе де көзден жасын
Сүйеді ол Африкасын,
Күтеді ол империя қирауын,
Көтереді ол тағдырының қинауын.

II
«Бәдәуилер неткен мықты, -
Көтереді пілше жүкті.
Арзан аяқ, арзан қолдар, алданғыш,
Аз-ақ алып, көп беруге жалданғыш.
Ақшалылар Африкаға барыңдар,
Арабтардан сыбаға алып қалыңдар!»
Улай - шулай рекламалар салды жар,
Ұйықтамады Лондондар мен Париждер.
«Биржаларда өсті баға,
Мың береді бір сыбаға!
Ұмтыл, мырза, Африкаға,
Африкаға, Африкаға.
Көк теңіз бен Қызыл теңіз арасын
Оп-оңай-ақ қосасың да аласың.
Жол түседі Индияға, Шығысқа,
Арзан араб жегіледі жұмысқа!» -
Деп газеттер дабыл қаға,
Құмарланды мол олжаға
Аттандырды Африкаға.
Африкаға, Африкаға.

ІІІ
Тамырлары тарамыстай,
Терілері қара мыстай,
Шаба берді өңшең араб кетпенін,
Салу үшін болашақтың өткелін.
Қарқындары соққан қара дауылдай,
Терлері де сел боп аққан жауындай.
Бір ғажайып қаналды олар бастады;
Бейнеттен де, өлімнен де қашпады.
− Шаршадың ба?
− Шаршамадым, - дейді араб, -
Тыңшысына Европаның бір қарам.
− Жаның жоқ па?
− Әрине жоқ, - дейді араб, -
Топырақ толы қызыл көзін уқалап.
Басып араб солығын сәл өкпенің,
Жөнеледі қайта шауып кетпенін.
Бір минутін бос жіберсе уақыттың,
Жоғалтардай тең жартысын бақыттың.
Сөйлеп кетті бір мезетте сол араб
Күнге қолын әнтек қана қалқалап!
− Ей ағайын, шаршамаңдар, тынбаңдар,
Мұқалмаңдар, майыспаңдар, сынбаңдар.
Тәңірі бізді еңбек үшін жаратқан,
Сұрары көп болашақтың арабтан.
Өлген шәйіт, қимылдаңдар тірілер,
Қазың алда әділдікке жүгінер.
− Қимылдаймыз, қимылдаймыз өлгенше,
Қос теңіздің қосылғанын көргенше.
Сәл кідірсек, жүре алмаймыз,
Сәл жыласақ, күле алмаймыз.
Жарамайды аялдауға, жылауға,
Жарамайды жаттан мейірім сұрауға! –
Деп арабтар баса берді ілгері,
Болашаққа бөгелместен кіргелі...
Бастағандай бір сұрапыл соғысты,
Толқындары теңіздердің тоғысты.
«Суэц бітті, канал толды,
Индияға аштық жолды!» -
Деген үні газеттердің жер жарды.
Тағы ілгері корабльдер қозғалды.
Алтын жауды Париж бенен Лондонға,
Министрлер қарқ боп қалды орденға.

IV
Жылдар өтті. Уақыт оты сенген жоқ
Уақыт жолын құм да, жел де көмген жоқ.
Қан орнына өсті гүлдер қып-қызыл,
Қайғы жасын құрғатты жел, жуды
Ніл. Өлген ата қабырының басында
Жанды сөздер жазылған көк тасында –
Лапылдайды: «Өлме, ұрпағым, өлме!» - деп
«Қиянатқа, қияметке көнбе!» - деп.
Кипаристер баяғыша мүлгіген
Тұр күйінде, жұмбақ ойға сүңгіген.
Пальмалар да төккен шашын жия алмай,
Қиналғандай құлшылығын қия алмай,
Тек жас араб жалтылдап көз жанары
Қаранады ұстап басын жоғары.
От құйыңдар ойнап соның ойында,
Шырқайды әнін тынық, Нілдің бойында:
− Тозды темір, біз тозбадық,
Аймен, күнмен бір қозғалдық.
Оттар өшті, өшпей қалдық,
Жұлдыздармен бірге жандық.
Көп езілдік, кеп шыңдалдық,
Көп есіттік жаттан жарлық.
Өткірледі арымызды
Европалық тәкаппарлық.
Қайда семсер, қайда семсер!
Кел бостандық, қолыңды бер!
Жер менікі - жерімді бер,
Жол менікі - жолымды бер!»

V
«Лондон қайран
Париж қайран
Африкада басталды ойран!»
− Араб үлгі алды қайдан?
− Әрине, ана Россиядан!
Мннистрлер қалшылдайды тоңғандай,
Европаға қара түнек қонғандай.
Бокалдардың сыңғырлары тұншықты,
Суық хабар мырзаларды ыршытты.
Суэц кетті, кеміді алтын ағысы.
Компания - империя табысы.
Компания - империя,
Империя компания!
Аянатын не қалды?
Жоғалтпаймыз алтын өзек каналды,
Ағытыңдар линкорларды якорьдан,
Мұндай кезде күш пайдалы ақылдан.
Төгу керек оқ пен оттың барлығын,
Өртеу керек Әбдел Насыр жарлығын!» -
Деп мырзалар атой салып майданға,
Тастады ұран тағы да отпен ойнауға.

VI
Жатыр Суэц жыртып ескі құндағын,
Жаңылған жоқ толқындары ырғағын.
Аспанындай мөлдірі де ғажайып,
Алады дем кеудесін ол кең жайып.
Айдынында жалтылдатып желкенің.
Шырқап әнін сүйіп тыңдар еркенің.
Жас балықшы желмен ойнап барады,
Жағада қыз күлімсірей қалады,
Сол жағада шляпалы біреу тұр.
Сұрғылт беті қаны қашқан тып - тықыр.
Кекті көзін қадай түсіп қарайды,
Кемелерді тізбектелген санайды.
Келеді еркін, келеді еркін кемелер,
Секілді бір суда жүзген төбелер,
Лоцман араб тастап көздің қиығын
Өтті, үдетіп сұрғылт тыңшы күйігін.
Салмақты араб, сабырлы араб сенімін
Шындапты әбден шымырындай темірдің.
Тіреп табан билігі шындықтың
Тұр қасқайып тосып жолын сұмдықтың.
Өлуге бар, көнуге жоқ енді олар,
Өтті күні Европадан қорғанар.
Қорықпай қару ұстағанның білегі –
Сынғанша өзі сындыра да біледі.

1956



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Көкшеде

  • 0
  • 0

Көліне түстім Көкшенің
Көбікпен ойнап балаша,
Толқынмен кеттім таласа,
Тамаша, қандай тамаша! .

Толық

Жұлдыз-қыз

  • 0
  • 0

Ерте кезде, тіпті ертеде...
Бір қыз бопты Шолпан атты.
Ақ жібектен қос қанаты,
Таң алдында ұшады екен,

Толық

Парижде

  • 0
  • 0

Париж. Вокзал. Экспресс тоқтады.
Күн орнында Юпитерлер оттары.
Түнгі ауадан тамылжыған
«Париж, Париж!» - дейді бір ән.

Толық

Қарап көріңіз