Өлең, жыр, ақындар

Нартайлар

  • 29.03.2019
  • 0
  • 0
  • 1598
I
Нартай десе болады
Ақын ғана ойыңда.
Ақтарған жыр топанын
У-шу қызық тойыңда.
Ақын да емес Нартай бар,
Болсын о да ойыңда.
Жүрсе бір күн тойыңда,
Жүрер жүз күн қойында.
Екеуі бір колхоздан,
Аудандары Шиелі.
Бірі айдаған ән-жырды,
Бірі қой мен түйені.
Әнші Нартай жаз шыға
Кетеді екен алты айға;
Жетеді екен жайлауда
Қуып қойшы Нартайға.
Жайлауды бір шайқауға
Басып ақын айқайға.
Арнайды екен ән-жырды
Қойшы досы Нартайға...
Бұрынғыша қыс өтті,
Тағы оралып келді жаз.
Жайлау бойын түзетті,
Жұрт былтырдай емес мәз.
Қойшы сыйлы, қой күйлі,
Тол шығынсыз марқайды
Газеттер де сан қилы
Мақтар малшы Нартайды.
Қойшы өнерін үйренер
Қыздар саны молайды;
Жігіттерге үйленер
Жағдай да өтe қолайлы.
Жайлау тіпті әсем - ақ
Жетпейді тек қызуы.
Былтырғыдан бассаң - ақ
Ән мен жырдың қызығы.
Ұзақ түнге жететін
Тойлар ерте тарқайды.
Әні алысқа кететін
Аңсайды жұрт Нартайды.
Шырқа, Наке, Наке деп
Ешкім енді айтпайды.
Күтер еді - ақ мәпелеп
Ақын бірақ кайтпайды.
Гармон былтыр аңырған,
Аңырай тұрып жырлаған.
Қол содан соң мұздаған,
Ән содан соң қызбаған...
Сонда жаны жасыған
Қойшы Нартай құсады,
Қыран құсын қашырған
Бүркітшіге ол ұсады.
Жаздың жылы лебінен
Жайлау гүл-гүл жанады.
Жасыл жайсаң шөбінен
Сүт пенен май тамады.
− Жетпейтін не бұл жазда?
− Жетпейтіні сәл ғана?
Жылда келіп, жайлауда
Нартай салар ән ғана.

II
Күн де батты, түн басты
Ел отырды орынға.
Қыз бен жігіт қырды асты
Оңашарақ болуға.
Кешегідей қой үркіп,
Кешегідей «шәйт - шәйт!» тап
Әріректен әндетіп,
Қалды біреу айтақтап...
Жарып түнді кенеттен
Гармон үні ыңыранды.
Тастап кетті күңіренте
Биікке ұшар бір әнді.
Ауыл сыртын айналып
Гармон өтіп барады.
Бір қуанып, бір налып
Тыңдаушылар қарады.
Иесіз - ақ тартылған
Өзі ме екен гармонның...
Іздей ме екен Нартайын
Тарауынан ор жолдың?..
− Айнымайды Накеңнен
Гармон тілін басқаны.
− Кім болды екен әкелген?
− Көп қой оның достары.
Гармонға әнші бір кезде
Қосып даусын жөнелді.
Тірілгендей ілезде
Накеңше айтты өлеңді;
− «Халқым сүйген Нартаймын,
Нар боп жүріп қартайдым.
Қартайсам да жаным жас,
Әнім де жас байқаймын.
Гармоныма қосылып
Көзін ашсам айқайдың,
Жыр дауылы соғады
Боранындай қаңтардың...»
Тыңдаушылар қызығып
Түнгі жырға қойды ықлас.
Талай көңіл бұзылып
Талай көзден шықты жас.
− Сұңқылда, әнім, сұңқылда,
Түнгі ауылдың сыртында.
Замандасқа жыр жырла,
Алаңдама қиқымға!
Сұңқылда, әнім сұңқылда,
Малшы қазақ жұртында.
Атар таңның алдында
Тамылжыта бір шырқа!»
Өте берді түн жылжып,
Жете берді жазғы таң.
Күншығыстан уылжып
Көтерілді күн шапшаң.
Қойшы Нартай өзі екен
Жазған гармон құлашын
Жайлауына әкелген
Әнші Нартай мурасын.

1955



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Зоя

  • 0
  • 0

Көбісі осы жиналғандардың баламыз,
Бұларға біз де әкеміз бүгін, анамыз.
Тірлікте осылар сүйенішіміз, панамыз,
Өлсек те осылар жерлеген жерде қаламыз.

Толық

Аида

  • 0
  • 0

Зеңбірек гүрс-гүрс, жаңғырық,
Таудың беті көк тұман;
Құйып тұр оқтың нөсері,
Бояған жерді ыстық қан.

Толық

Жер және мен

  • 0
  • 0

«Елім» менен ұйқастырған «жерімді»,
Талай ақын таусылғанша төгілді.
Ұйқас тозды, бірақ жерім тозбады,
Әр ақынның жан-жүрегін қозғады.

Толық

Қарап көріңіз