Жеңілді сүйгіш жеңгейлер
Жеңілді сүйгіш жеңгейлердің бір тобы табылыпты-мыс деп " ұзынқұлақ" құйындай құйқылжытып ауыл-ауылды дүрліктірді:
Солардың бірі — колхоз председателі Бекеңнің бәйбішесі екен. Жаздай үйінде жатыпты, бір де еңбек таппапты, аңдығаны ұйқы, баққаны әңгіме болыпты. Бұл жеңгейдің аты Нәзігүл. Жақында Нәзігүлге арналып бір ауыз өлең тарап кетті.
Белгілі Беке ағаның Нәзігүлі,
Жоқ екен табелінде еңбеккүні.
Бухгалтер қондырыпты аздап еңбек
(Бұл бірақ биыл емес өткен жылы.)
Қ а й ы р м а с ы:
Еңбек сүймес сылқым соқ,
Қазаны отта, қарны тоқ,
Нәзігүлдей жалқауды,
Колхоз бұрын көрген жоқ!
Нәзігүлдің шашпауын көтеретіндер де табылды. Кәрібайдың Талшағы шықты. Күйеуі колхоз басшыларының бірі, еті тірі, әрі епшілдің өзі болғандықтан, мұның әйелі Талшаға да табель берілді. Өтірік еңбек жазылды. Бірақ табельдің ішінде цифры сөйлеп қоя бергенде, тұла бойың тітіркеніп кетеді:
Талша — тіп-тік талша,
Жемісі жоқ онша...
Еңбеккүні қанша?
Шай ішіп, ұйқы қанса,
Тамаққа тойып алса,
Еңбегі оның сонша!..
Қ а й ы р м а с ы:
Күйеуіне назы бар,
Жүрегінің сазы бар,
Жатсын, тұрсын бәрі бір,
Оған еңбек жазылар.
Екіншіге үшінші қосылды. Шәмшия жеңгей де бұлардан қалғысы келмеді. Жұмысқа шықпай жатып алды, еңбеккүнді сатып алды. Шәмшия жөнінде де алып қашты сөздер көп:
Табельде еңбегі жоқ Шәмшияның,
Мүгедек адамыңдай пенсияның,
Отырар ертелі-кеш от басында,
Тұрғаны самаурыны от басында.
Қ а й ы р м а с ы:
Құр қыдырма зіркілдеп,
Бостан-босқа желкілдеп,
Аңдығаны әңгіме,
Табелінде бір күн жоқ!
Үшіншінің қатарына төртінші боп Дәрікүл тіркелетін болды. Оған айтылған сықақтық түрі бұлардан басқаша:
Колхозда кім білмейді Дәрікүлді,
Дәрікүлді есітсе бәрі күлді.
Табелінде бір цифр болмаған соң,
Еңбегіне күйеуі жары қылды...
Бұл сықақ өлеңнің қайырмасы да қызық:
Дәрікүл - ау, Дәрікүл,
Артық еттен арып,
Семіре бермей бос жатып
Күйеуіңді жары қыл!
Төртіншінің біріне бесінші боп Руфан жеңгей де қосылды деген қауесет бар. Оның табелінде де бір еңбек жоқ. Сондықтан да оны колхозшылар "Типыл жеңгей" атап жүр. Жақында қабырға газетіне жазылған бір өлеңде:
Түгі жоқ табелінде Типыл жеңге,
Өтірік пен өсекке бипыл жеңге,
Ала жаздай жұмысқа бір шықпап ең
Қайдан қонды табельге цифр, жеңге?!
Қ а й ы р м а с ы:
Типыл ұста өсекке,
Сондай жетік есепке,
Өтірік тапқан еңбек бар,
Түк таппайды десек те!
Осы жеңгейлердің табеліне еңбек қондырып, жұмысқа бармаса да барады етіп жүргендер кімдер десең, оған да колхозшылардың айтары дайын. Ең алдымен бухгалтер мен Тәуіршінің атын атайды.
Баласы есепші боп Тәуіршінің,
Сиырды сырттан сауған сауыншының
Міндетін атқарғанға масаттанбай,
Қабыл ал колхозшының әділ сынын.
Сендер неге жазасың,
Еңбексізге еңбекті?
Жатып ішер жалқауға,
Қайдан таптың бермекті?
Кімнің қолы істесе,
Еңбек соған жазылар.
Өтірікке жаза бар
Соны мықтап жазып ал.
Председатель Бектасов,
"Ойыннан да от қашып " —
Кететіні болатын
Жүрме, байқа шоқ басып!
Еңбекке тегіс жұмылсын,
Еңбексіз бір жан боласын.
Еңбексізден түңілсін,
Жұмысқа шықсын жолдасың! —
деп жазылыпты. Біздің де айтарымыз сол.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі