"Негелер?" кезіп жүр жағада...
-Назары сұқты
ел екен,- демеңіз:
"Сүйе де білмейтін сүйрікті"
Жоқтауын асырып,
жолынан көмеміз
Көмбеге жеткізбей
Жүйрікті...
Қар жастанбай-ақ
қала жастанған
Қауқарсыз қал неге
Жасқаншақ?
Мұз төсенбей-ақ,
"Мұра" басқарған
Мұқтажсыз ханзада -
Ақсаусақ.
Жауын да
жарылқап,
жарасын таңады.
Жақынын
"дұшпаны" көрген
Ел.
Орден мен
Медальға
Өлшеніп барады -
Отаны үшін өлген
Ер...
Ертегі бақытқа
жеткеніменен,
Жақсы адам
ылғи да –
Құрбандық.
Өзекке тепсең де,
кетпейді сенен,
Өз маңдайыңда
Тұрған құт.
Оттық сұрайды
Неге,
Қызғалдақ?
Тұтату үшін, тек,
шылымын...
Өзегі өртенген.
Өңшең
Сүр бойдақ
Ошақтан таба алмай
Жылуын...
Сұрақ-теңізінен
Жауап-кеме үзілген:
"Негелер?" тулап жүр
Жағада...
Көктен түскендер
мен
Жерден үстемдердің
Ең соңғы бекеті
Бола ма?!
Шынар Кендін (Аршын Керей)
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі