Алтай асулары
Күн көзі сары үрпек жас балапандай,
Күзгі аспан ала шабыр, ала таңдай,
Әр ұста бытыраңқы қорғасын бұлт,
Ырғиды долы ашуын тарата алмай.
Анау бір бұлт маңдайы бұзылған ба?
Жалын ба лапылдаған, қызыл қан ба?
Жасынның атылмаған соңғы оғы ма,
Салғандай ақбас нарға қызыл таңба?
Ешкімнің жұмысы жоқ аспанменен!
Жыр етіп жас ғасырды басталды өлең:
Сол жылғы аш-жалаңаш Москвада,
Сол әнді шырқап жүрген жастар көрем.
2
Құрыштай шыңдалғандар жортуылда,
Қолдарын сүрте салып қолтығына.
Қираған зауыттарды жөндеп жатыр,
Алданбай күн көрістің ол-пұлына.
Басылып отты жылдың топалаңы,
Елімнің орман - тауы, жоталары
Арылып зеңбіректің түтінінен,
Ауылда ойнар бопты бота дағы.
Ал қызыл туын көріп Москваның,
Қамы,— деп қызыл карын жас баланың,
Шешейлер зауытқа әкеп тапсырып жүр,
Сүт саумақ болып жиған каскаларын.
Жүз елу миллиондардың жүрегінің
Жүздіріп қуанышқа тілек үнін,
Москва биігінен қоңыраулап,
Куранты күй шертеді Кремльдің.
Қонақтап зәулім үйлер дуалына,
Ақ қанат көгершіндер қуануда.
Әндетіп қыз-келіншек бара жатыр,
Ақтасы көпір жақтан су алуға.
Айналып Қызыл қорған қабырғасын,
Аялап әр кірпішін, әрбір тасын,
Оқтаулы винтовкасын оңтайлы ұстап,
Сақ шолып күзетте жүр сақшы - лашын.
Сықырлап күні бұрын мұз жетегі,
Ысқырып қыс түсерде күз етеді.
Сақшының омырауы ашық жүрсе,
Сап етіп Ленин қолы түзетеді.
Сол сақшы, күзетте де, тыныста да,
Көсемді жүрегімен күзетеді.
— Сұрасаң әкең кім? — деп, —
Менің дейді.
Ол ма? Ол — Ульянов Ленин,— дейді.
Тыныстап жатқан сақшы атып тұрып;
— Әкең емес бір ғана сенің, — дейді, —
Біліп қой, бәріміздің әкеміз ол,
Туғызған бүкіл Совет елін, — дейді.
Мұндайда бірі сөзден жеңілмейді,
Сөйлеуге, тыңдауға да ерінбейді...
Ленин кеп қала ма деп қапылыста,
Қағазға қамыр жағып асығыстау,
Сынығын терезенің желімдейді.
3
Жүз елу миллиондар жүрегінің
Жүздіріп қуанышқа тілек үнін.
Москва биігінен қоңыраулап,
Куранты күй шертеді Кремльдің!
Атқанша рауандап тан ағарып,
Сөнбейді бір бөлмеден түнде жарық.
Әрине, Ленин оты ол бөлмеде,
Көк тұман ғасырларды шыққан жарып.
Сонда оның данышпандық ой тізбегі
Келер күн керектерін көп іздеді:
Ескінің жарамсыз жана өмірге —
Қасқырдай ұлып жатты елсіздегі.
Тірлігін түгел қамтып бүгін таңның,
Озат ой орағытып өмір алдын;
Жүзіне келешектің кескін жасап,
Көрді ол коммунизм ғасырларын.
Ұлы ойдың мұхитының толқындарын
Көтеріп жеткізе алар қандай ағын!
Көрер ем поэзия шалқарын,
Жыр етсем бір ойының тамшыларын.
4
Бар тірлік ие болған жан атына,
Мініп ап арманының қанатына
Кұс болып, құдірет бітсе ұшар еді
Ленинге бір кездесу сағатында.
Тап сондай көкіректе жан күйімен
Алтайдың алтын қазан үңгірінен
Ленинге келе жатыр бір топ кенші,
Арманға жету үшін жан сүйінген.
— Жүр, Зейнеп, қалып қойдың!
— Қарайын да!
Лениннің болсаң қызыл сарайында
Қандай екен? — дегенде не демекпін,
Жұмысшы — Риддерлік ағайынға!
Нұрлы аспан күз бұлтымен тартып тарлан,
Мезгіл еді кек жиегін қырау шалған.
Ұмытты алтайлық оның бәрін...
Көзде де, көңілде бір ғана арман.
— Басқаны қой!
Басқаның бәрін ұмыт! —
Деп Ленинге ынтыққан албырт үміт
Бастап кетіп барады, тек қана алға!
Бастап кетіп барады асықтырып.
— Шахтерлікке қояр жер келді нүкте,
Жүрмін деп келем рудникте,
Аяғыңды жеңіл ал, — деп өзіне,
Ақыл айтып келеді Қарабек те.
Аттарын, жөндерін
Сұрайды кеншінің.
Мұнда кеп кергенін,
Ондағы ел сырын.
Сыр бүкпей бұлар да,
Отырды кеңесіп.
Үзілді әңгіме,
Ашылды тер есік.
Көзінде алтын ершік пендесі,
Лондонның тырна мойын елшілері
Шытынып кабинеттен шыға берді,
Беттерін жүре сүртіп тершігені.
Ол бір сыр өзіне де аяңдайын.
«Ильичке сіздер жайлы баяндайын!» —
Деп хатшы кіріп кетті кемеңгерге,
Мен енді кеншілерге аялдайын.
5
Сыймастай қуанышы жер шарына,
Әрқайсы бақыт құшып өз алдына,
Жұлдыздай, үнсіз қарап жымыңдасып,
Сәбидей қуан басқа төзе алды ма!
Ақыл, ес, адамзаттық сезім дүние,
Ырзамын болғаныма сендерге ие! —
Жүрегім кеншілермен бірге соғып,
Отырған тәріздімін Кремльде!
— Уақытын көп алмайық тартып кірбең!
— Әрине, бастау керек сөзді бірден!
— Неден бастап, немене аяқтаймыз?..
— Не үшін келген едік Рицерден?
— Алмайық ойымызды жамыратып
Сөзіміз әрі қысқа, әрі жатық,
Тап - тинақ боп шықса, уа, дүние!..
— Кім сөйлейді?
— Сен сөйле! Сөйлеу — бақыт!
— Менің жайым мәлім ғой өзгеден де,
Дүниеде жоқ адаммын сөз дегенге,—
Қарабек адал сырын теге салды.
«Мен сөйлейін!» — демеді өзгелер де.
Қарасаң көздерінің шарасына,
Теңіздей толқын ұрған сағасына.
Асығып күлімдейді кенші достар
Талпынған нәрестедей бабасына.
Құйғытып құйын сезім тасығанда,
Өзінен өзге күшке бас ұрған ба!
Ормандай кеше өртенсе, ертең көктер,
Ар — арман, көнбейді ешбір жасырғанға.
Сөкпейік сезім күймен алысқанды,
Тілейік тез көрсін деп данышпанды.
Тез айтып, тағдырын тез шештірмесе,
Жүректе жауға кетер намыс бар-ды.
Есігі кабинеттің ашылғанда,
«Шүйінші» сұрағандай ғасырдан да.
«Жүр, апа, кірейік», — деп құлдыраңдап,
Орнынан атып тұрды жас ұлан да.
Құлындай, құлдыраңдап түрегелген,
Жас Есей бірге кірді үлкендермен.
Жарқырап жаңа шыққан Күн секілді,
Данышпан көтерілді үлкен төрден.
Күн болып көтеріліп үлкен төрден,
Бір ғана өзіне тән жүрістермен
Шапшаң басып...
Қашаннан таныс жандай,
Достармен амандасты тұңғыш көрген.
Лениндік ұлылықтың жәйін терең
Кемелге келтіре алар қандай өлең?
Адамзат бақыты үшін бар әлемді
Ақ нұрға бөлеп атқан таңдай көрем!
Қашаннан жыр канаты еншің еді,
Қайдасың, Шабыт құсым, келші бері!
Аяғын жаңа басқан жас баладай
Алтайдың қуанып тұр кеншілері.
Пайғамбар, Иисус, Құдай дегендерің,
Қасында сөз еместей Кемеңгердің;
Алтайлық ағайындар қалды аңырып:
«Бар екен бұл ғажапты көрер де күн!»
Қан, жүрек лып-лып соқпай тынар ма енді,
Ыстық сыр лай болып тұнар ма енді!
Ленинді көру арман — іште жүрген,
Нұр болып жүздеріне шыға келді!
Әрқайсы сенбегендей өздеріне,
Әрқайсы сенбегендей көздеріне;
Ленинге тез-тез қарап «білдіртпестен»,
Жат етті көргенін де, сезгенін де.
«Ақ сары, орта бойлы, жазық маңдай,
Ар — арман сол маңдайда жазылғандай.
Тік дене, биік кеуде, қалын қабақ,
Ақылды көзінде әлем нұры бардай.
Болғанмен кәдімгі адам өзіміздей,
Жан екен дауыл күштің теңізінде.
Көктегі жалқы күннің жер әлемде
Көп үшін жаратылған егізінде!»
Риддерде азаппен күн кешірген Кеншілер
Қарапайым зердесімен: Азаттық, Тендік, Бақыт,
Социализм Сәулетін көрді Ленин бейнесінен.
Компартия, Революция, Жеңіс, Сенім,
Жас ғасыр, жаңа құрылыс жасаушы елім, Ерлік, Достық,
Тыныштық, жауға Өшпендік
Дегеннің бәрі — Ленин!
Бәрі — Ленин!
— Түсіміз бе?!
— Өңіміз!!! Сол өңінде,—
Кәдімгі өзіміздің Кремльде
Лениннің өзіменен дидарласып,
Жұмысшы достар бүгін отыр бірге!
Кесеммен кездескен бұл бауырлары,
Бақытты санап өзін қауымдағы;
Мас жандай, ойларынан кетті шығып,
Кеннің де, кеншінің де ауыр халы.
6
Ленин бастап жіберді сөзді бірден: —
Әрине, келдіңіздер Ридцерден.
Жайы қалай жұмысшы туыстардың,
Жоқ шығар зауыттарың әзір жүрген?
Сұрағы мен жауабы Кемеңгердің
Дәл басып сым пернесін тілек шердің;
Туған әке тәрізді қамқорлықпен,
Хал-жайын білмек еді жұмыскердің.
Мұндай шақта именіп бөгелер кім,
Алайда жұла сөйлеп жөнелер кім?
Көңілдегі көрікті ой бек жең тартып,
Кеп қымсынды алдында Көрегеннің.
Қашанда сөзден гөрі іске құмар,
Қажыры ақ болаттай жұмысшылар;
Қапелімде аузына сөзі түспей,
Ақырында «Сыр тапты» шыңға шығар.
Дегендей «Ұлы өткелден өтер жерім» —
Тез тыйып тамағының жөтелгенін,
Инженер Горин барып қойды столға,
Көнетоз жәшіктегі көтергенін.
Әрине, келген жоқ-ты жәшік тегін;
Көрсін деп қамқорымыз ұлы Ленин,
Риддер кеншілері тиеп берген
Алтайдың алуан түсті түйір кенін.
Ашқанша жұмбақ сырлы бұл жәшікті,
Жаутаңдап бала асықты, ана асықты.
Айтуға Кенді Алтайдың кереметін,
Гориннің сүттей адал жаны асықты.
— Тереңде, — деді ол, — кенді асыл шындар!
Жердің үстін тіміскіп ағылшындар,
Тереңге бара алмады... біз де айтпадық...
Байлық көп түгесілмес! Ғасыр сынар!
«Шешендік» — Яшкаға да болып пайда;
«Кенді Алтай атанған жоқ жайдан жайға!»
Жүрегінің әмірін актара сап...
Қарғып мінген тәрізді аспанда айға.
Ақиқатты ашуға осындайда,
Адамзатта Лениндей көсем қайда!!
Сұрақпенен жетелеп тағы ілгері,
— Жеріңіз, — деді, — кенге сонша бай ма?
Баладай білмейтін алдау - айла,
Яшка айтты секілді өзі шахта - қайла:
— Сұрамаңыз, таулары былай тұрсын,
Байлықсыз бір тебе жоқ Кенді Алтайда!
«Неміз бар, — деп, — килігіп біздің сөзге»,
Отырған екі-үш қазақ қара көзге:
— Сіз не дейсіз, кен деген ерен коп пе? —
Деді Ленин күш құйып көкірекке!
— Кен көбі рас Алтайда, жолдас Ленин!
Жарыса айтып Зейнеп те, Қарабек те,
Ойпатта жел үрлеген оттай лаулап,
Жарқ етті жатқан шындық ақ жүректе!
— Бір түйір рудада шоғырланған
Алпыс алуан кен бары емес жалған,
Көріңізші, — деді де, Зейнеп тұрып
Ильичке кенді ұсынды алып барған.
Көсемнің алдында сол тұрған кеннің
Өлеңім қайдан қамтыр бар бедерін!..
Ат басынан шағындау көрінгенмен,
Сол кенде таудай салмақ бар дер едік!
Аспаннан сыпырып ап бар жұлдызды
Сол бір кенге төккендей, тартып көзді:
Асылдары жарқылдап баяндап тұр,
Ленинге бұлар айтар барлық сөзді.
7
Алдында жатқан сол бір түйір кенге
Көсемнің ұлы жаны сүйінгенде:
— Бергенін нендей асыл бір көрмедік, —
Деді Зейнеп, — кен тауын үйіргенде.
Қарабек айтты:
— Арманың, Зейнеп, сенің
Дұрыс шығар.
Ал менің бар білерім
Қайла керек қолыма, забой керек...
Наныңыз, забой керек, жолдас Ленин!
Тулардың сол бір сөзін сол әп-сәтте
Ленин жазып жатқанда блокнотқа.
8
Рудникті қарық боп суға батқан,
Забойды, штректі қирап жатқан
Көріп келген секілді осы сәтте,
Ол айтты сұрамастан делегаттан.
Жүргізілсе! — дейсіндер, — нұрлы талап!»
Деп Ленин қуланып, бір сынай қарап:
— Уркварт сұрап жатыр арендаға,
Соған берсек қайтеді аз жылдарға?
Отырған кенші достар, кеңілі тасып
Қолын шауып алғандай өңі қашып:
— Сіз, шын айтасыз ба? — дей берді олар...
Оқыды Ильич Уркварт хатын ашып.
Көздерін оқ қып атып сол бір хатқа:
— Бет жоқ екен Уркварт лағынатта!
Бермеңіз арендаға,— деді бұлар,—
Өзіміз жүргіземіз не қылсақ та!
— Жоқ, Ильич, ол болмайды... атамаңыз!
Біз түгіл көрде жатқан ата-анамыз
Күңіренеді... Берсеңіз Урквартқа,
Несіне азат еңбек атанамыз?
— Өзіміз жүргіземіз, жолдас Ленин!
Бермейміз Риддердің түйір кенін! —
Деді де көз айырмай Данышпаннан,
Алтайлықтар алқына алды демін.
Ойлады Ильич:
Бұлардың тілектері
Біздің жас мемлекеттік жүректегі
Ұлы арман мұхитына құйған қайнар...
Жылмен тең бұларға бос күн өткені.
9
Пердесін терезенің қолмен түріп,
Кремль биігінен қарап тұрып,
Тұлғасын ұлы Отанның шолып көсем,
Иә,— деді кең мандайын қайта бұрып.
— Иә,— деді,— Россия ауыр жылда, Уақа емес,
Қызыл ту биік шында!
Дон, Сібір, Украина қирап жатыр...
Аштық жүр жалаң қағып ой мен қырда.
Елімізде ежелден астықты өңір
Поволжье қуарып, ашықты өмір.
Қирап жатыр фабрика, зауытымыз,
Тот басқан өңешінен шашып темір.
Қирап жатыр темір жол шпалдары,
Мұқтаждықтар қысып тұр қыстан да әрі.
«Россия мерт болды», — деп бөсіп жүр,
Жас совет елінің бар дұшпандары.
Айта берсін! Дәрменсіз жаулар лағып,
Россия Батыр боп туған Алып.
Советтік Россия — Жер шарында —
Әлем Таңы — жаңа атқан түнді жарып!
Халықтың өзінікі бар келешек!
Ескілікпен біржола жасап есеп,
Жарқырап жаңа ғана келген өмір,
Туған жоқ торғын киіп, мамық төсеп.
От кешіп қанды айқаста аш, жалаңаш,
Орнатқан азаттықты әлемге паш,
Нұрландырмай қоймайды совет халқы,
Тау құлап, төбесіне жауса да тас!
Бүгінгі біздің, өмір — бұрқау өзен,
Сүймейді мінін бүркеп, қымтауды өзен!
Коммунизм мұхитын жасайды өзі...
Сүйеді еңбек әнін шырқауды өзен!
Зор көпірді өзенде жатқан қирап,
Жараланған
Жас Алып күшін жинап
Көтеріп тұр...
Көпірді ел түзеп жатыр...
Жетіспей балға жатыр қинап.
«Сен ашсың, жараласың, балғаң да жоқ,
Көпірді жөндер күшің қалған да жоқ.
Мен жасатып берейін, бер, маған бер,
Техникамдай техника жалғанда жоқ», —
Деп шетелдік мырзалар жалтылдайды,
Ол үшін әңгімесі алтын жайлы. —
Жоқ, болмайды оныңыз,
буржуй мырза! —
Деп, біздің Отан даусы саңқылдайды!
Шегені, балғаны да қолдан соғып,
Бүлінгенді жөндеуге ашып жорық,
Аттанды совет халқы алып күшпен,
Күйрейді аштық - қылыш талқан болып.
Өмір үшін өмірге қарсы барып, —
Дауылда туған біздің — дауыл халық
Оятады даланы, кенді, жерді,
Өмірді құшағына баурап алып.
Сол күнде металл алыбының
Бірі боп Кенді Риддер Алып үнін
Одақтың Донбасс, Кузбасс, Оралында
Тербейді еңбек күймен халық үнін!
Ильичтің шындық сөзі
Селдей қаптап
Бөгеттерді қиратып,
Ғасырға аттап,
Әрі қызу, әрі тез шалқи түсті,
Оңай ма бәрін түгел алу жаттап!
Әрқайсы өз зердесіне алып шақтап,
Жанмен ұғып, жүрекке берік сақтап,
Лениннің ұлы ойларын Іштерінен
Кеншілер айта берді тез-тез жаттап.
10
«Сол күнде...» — деп,
Ленин бір жымиғанда,
Қимылы не бір түкпір қиырларда
Қирағанды жөндеп сап, Болашақты
Жасап жатты алып кеп биыл.
«Сол күнде!..» — деп тағы да басты ілгері...
Глобустай айналып жер шеңбері
Бөбектей алдына кеп, күлімсіреп,
Жайып сап жарқын жүзін бұрды бері.
Қызыл сызық қоршаған совет жері:
Орман, тау, жасыл алқап, айдын көлі;
Егінжай, кенді қойнау, ұзын өріс,—
Құлпырды қызыл тулы жер бедері!
Коммунизм нұрының жарқын лебі
Көсемнің қимылымен толқып еді;
Тоғысып теңіздердің толқындары,
Балтықтық есіп тұрды самал желі.
Ойлайды Ильич: мұхит не?
Мұхит сөз бе мұхиттай шалқып жатқан
Отан бізде,
Күн егер аспанына сыймас болса,
Алыпты қайдан табар бұдан өзге.
Қос мұхит, он төрт теңіз толқын атқан,
Ұлы Отан, ұлан-байтақ шалқып жатқан.
Ильичтің көз алдынан өтіп жатты
Бар өмір, бар болашақ жұлдыз жапқан!
Қарт Кавказ, кәрі Тянь-Шань, долы Сібір
Әрқайсысы Парнас болып көрініп бір;
Кең - байтақ Россия маңғаз жатыр,
Төсінен төңірегіне төгіліп нұр.
Осылардың бәрі де, басқалар да,
Ауылдың, астананың жастары да
Лениннің саулығына көтерді ту,
Әрқайсы шақырып өз асқарына!
Асау толқын бұйра жал өзен біткен,
Турбинасы аспаннан бұлт тербеткен
Құрылыстар
Салынып біткендей боп,
Жарқылдасты жаңа бір кереметпен.
Картада
Алтайдағы бір өзенге
Қызыл ноқат салды Ильич;
Сол кезеңге:
Қызарып шыққан күндей қызыл ноқат
Алтайдың жүрегі боп туды өзенде.
11
— Су электр станция болар мұнда...
Биыл емес, — деді
Ильич, — он бес жылда
Ильичтің ноқат салған өзен атын
Дауыстап оқыды Есей:
— Ертіс! Ульба!
— Саған не жоқ?
Былай тұр, ұяты жоқ, —
Деп, Есейді сөккен кім?
Рудаков.
Жабырқап қалған ұлды жас құлындай,
Шақырып алды Ильич жұбатпақ боп.
— Атың кім?
— Атым Есей.
— Нешедесің?
Жақсы жас, — бақытты боп есейесің.
Қайсыңыздың балаңыз?
— Менің балам, —
Мақтанышын жасырсын шеше несін!
— Әкесін шахта тірі жұтқан бала, —
Қарабек айта салды іле-шала.
Жетімсіреп жасыған не
Есей жоқ,
Немесе күрсінбеді Зейнеп ана.
12
— Сен дағы Риддерден делегат па?
Не дерін білмей бала тұрған шақта
Көсем оған әзілдеп: кәрісің ғой,
Кәрілік тұр шашында,— ойдым ақта.
Шер көкірек, тас бауыр, бағы өшкен,
Жетім қозы секілді жетім өскен Есейді
Жан деп елеп бұл күнге
Жан бар ма тап бұлайша бір тілдескен?
Әкедей,
Баласымен әзілдескен,
Лениннің жылы сөзі Жетім ескен
Есейдің «өлі» жанын тірілтіп,
Тербетті көкірегін қасірет тескен.
Тоқтату жүрек сөзін қайда енді!
Жас білек түргендей боп ескі жеңді.
Жабырқау жаны түлеп бала Есейдің
Шаттық боп жүзіне ойнап толқу белгі,
Жыламсырап алды да сөйлеп берді:
— Старадатель болғанмын он жасымда,
Довернайдың өзінің олжасына
Тапқанымды бір күні бергім келмей,
Қашып бердім жетсем деп жолдасыма.
Айырып үлгірген де жоқ ем өзім,
Тапқаным — алтын ба, әлде қорғасын ба?
Қуып келеді довернай, қашып келем...
Қашып келем...
Артыма қарай берем...
Қуып келеді...
Күмп беріп құлап түстім...
Ашық шахта екен бір жатқан терең.
«Күл - парша болған шығар бүкіл денем», —
Дауысым бір-ақ шықты өлдім деген.
Есім жисам үйдемін... қасымда апам...
Қол мертігіп... құйқасыз қапты тебем.
Сол жаранын орнына қайта шыққан
Арылмай қойды шашым ақ қылшықтан...
Деп Есей Ленинге өзі айтып шықты, —
Не қылсын мұрны тершіп, шақ қыстыққан.
13
«Басқаның бәрі тіпті өз алдына;
Өзге боп шықты-ау құлыным көз алдымда.
Мұндай өнер шығар деп ойламаушы ем...»
Демеске Зейнеп жаны төзе алды ма!
— Москваға жетелеп жаныңызды
Әкелген не! Айтыңыз халіңізді!
Айтыңыз! — деді Ленин, бек қадалып —
Қалайша «шахта жұтты» жарыңызды?!
Түу, сонау түкпірдегі Риддерден
Арнап кеп, баласын да ертіп кірген
Жұмысшы, қарақат көз бұл Зейнептің
Қашаннан жүрегінде шер боп жүрген
Жан сыры... Ұялып тұр кемеңгерден.
Жетелеп сұраулармен дана сезім,
Сөйлетті қазақтың сол қара көзін.
Шерінің шежіресін кестелеген.
Тында дос, қарапайым ана сөзін:
— Уркварт не қылмады жұмыскерге
Шіріп кеткен жүгенді ат үзгенде:
Алпыстан асып кеткен
Пантелей қарт
Штраф тартты тоқсан кызмет күнге.
— Сонан соң?
— Ішіп-жерлік болмай түгі,
Кемпірі үйден - үйге зыр жүгірді.
Бармактай барымызды тең бөлістік...—
Деп Зейнеп күрсінді де сәл мүдірді.
— Сонан соң?
— Жұмысшылар қартты аяп:
«Жазымсыз көз, жаңылмас жоқ қой аяқ».
— Ей, мырза, тоқсан күнгі еңбегін бер...
Деушінің бірі — менің ерім — Саят.
Оны қайдан тыңдасын содыр Лессик? —
Кеншіге қаудағы өрттей қаулатты өштік.
«Штраф емес мұның —кісі өлтіру;
Қашанғы шыдау үшін туып-өстік?
Жолдастар, бұға бермей бұрқау керек!» —
Деген даусын Саяттың қалыпты естіп.
— Сонан соң?
— Жұмысына таң біліне
Кете беріп, күйеуім шамды ілді де;
Ұйықтап жатқан қарғашы
Есейжан мен Шабданжанға мейіріммен үйірілді де.
Екеуін алма-кезек сүйіп беттен,
Асығыс шахтасына жүріп кеткен.
Қайда жүр үйге келмей?
Бұ не ғажап?
Келер күн, күні шықты көкжиектен.
«Көкем қайда? Қайда жүр, үйге келмей?» —
Деп Есейжан «құдірет» сездіргендей
Түнімен шошып, жылап шыққан еді...
Ағылшын кіріп келді еңгезердей.
— Саят қайда?
Шақырып жатыр Лессик!
Жұмысқа шықпағанын қалыпты естіп.
Дірілдеп кетті денем:
Бір сұмдықтың
Болғанын ұқпадым ба... әлде ұқтым?..
«Түбіне жетпесе игі еді жауыздар?» — деп,
Түйсіктім... тұрған күйім... жүгіре шықтым.
— Сонан соң?
— Істің түбі болды жаман:
Саяттан бұлт жуық боп алды маған.
Тұрғанын бір забойда қайла сілтеп,
Шахтада көргендер бар түске таман.
Сонан кейін білмейді Саятты ешкім...
Сонан соң баспады ол жердің үстін.
Шахта ішін күңіренте зарлай - зарлай,
Штрек, забойларды жылап құштым.
Горизонт қоса жылап тұр ма десем,
Газы екен, кейін білдім, улы кесел,
Қашаулап көк жартасты тұрған шахтер,
Шахтадан кайтар ма екен аман-есен?
Күн сайын, апта сайын, айлар сайын
Шахта ішін жарымды іздеп ара лайым.
Түскен ізі сайрап тұр көкірегімде,
Шыққан ізін іздеймін... таба алмаймын...
Тарылды мендік өмір кең жалғанда,
Қайратқа кем түспеспін бір адамға
Деуші едім,—
Жүз бүгілдім, мың сүріндім...
Арулап қолдан көмсек, арман бар ма?
Шахтада Саят жоқ боп кететін күн,
Лессиктің он жендеті — ағылшын сұм.
Жуытпай басқа ешкімді маңдарына,
Шахтада өткізіпті бір күн, бір түн.
«Солардан жазым болды-ау, қайран жарым», —
Деген ойға келдім де, қайнап қаным.
Лессикке тап беріп ем... сұлап түстім,
Білмеймін одан әрі не болғанын...
— Сонан соң? — деді Ленин. Зейнеп сөзін
Қайта жалғап:
— Көп көрдім өмір тезін;
Күн көріс қоймайды екен ықтиярға...
Сол шахтада қашы болдым өзім.
— Кімің бар? — деді Ильич.
— Мынау ұлым.
Қатқан жоқ бұғанасы әзір мұның.
Өзім болсам вахтермін... қызым тым жас...
— Тәп-тәуір білесіз ғой, орыс тілін?
— Саяттың әкесі мен әкем бірге
Жұмыс іздеп келіпті Риддерге.
Қайтпапты елдеріне содан кейін,
Келіппін мен де сонда сұр өмірге.
Кеншілер бір баракта тұрып бірге,
Жұмысты бірге істейді күндіз - түнде.
Жүрекпен ұғыныстық «мұң» дегенді —
Орысша, қазақша да екі тілде.
Мендегі орысшаның жайы осы,
Үйренген қаршадай қара күнде.
Шахтада, жер астында жатыр ерім,
Тачка тарту болса да өнерім.
Тірлігім — Риддердің тірлігінде;
Сонда жатыр жас күшім, маңдай терім.
Риддер — өмірдегі бар білерім:
Үйім - күйім, қызығым, алған демім — Риддері
Үнсіз жатыр сол Риддер...
Риддердей зауыт жоқ, жолдас Ленин!
14
Арманы — өмір; ойы — мол; сөзі — шағын
Зейнептің Ленин түгел ұқты жанын:
«Риддердей зауыт жоқ» — жүрек сыры;
Сөнуді білмек емес мұндай жалын!
Кіп-кішкентай шындықтан үлкен күштің
Тұлғасын тұтас сезіп — ойы Ильичтің
Алдағы көп жылдарды орап қайтты,
Әйелдер де солдаты құрылыстың!
— Иә! Иә! Иә! Ол солай басталады:
Аспазшы әйел мемлекет басқарады.
Ол солай (Есейге Ильич бетін бұрып)
Көреді оны мына жастар әлі!
15
— Ойың не? — деді көсем жас Есейге,
Ересек жан тәрізді Есей бейне:
— Риддерге қайтамын... Жүргізісем...
Үйлі жан ауыр тиіп жүр шешейге.
— Қайтпасаң қайтер еді,— деді Ленин.
— Неге? Мен не бітірем?
— Қазір сенің,
Оқыр кезің! Сенсіз де жүргізеді...
— Оқитын қаражатым қайда менің?
— Қазынадан оқытам, қаласың ба?
Жас Есей жалт қарады анасына.
— Оқиды! Оқытыңыз, жолдас Ленин! —
Деді Зейнеп қуанған жаны асыға.
— Оқимын! — деді сонда баласы да.
16
Кемеңгер ұлы Ленин жаны ізгі;
Ақсары, ақ қылшық шаш, ашаң жүзді Есейді
Шақырып ап өз алдына:
«Луначарскийге!» — деп қағаз сызды.
— Луначарскийге! — деп жазды да
Ильич Балаға: Оқы! Оқы — деді,— оқи түс!
«Үлкен Алтай» жылында
Құрылысты
Салысар бол! Ғалым боп жауынгер күш!
Самғайтын көк қияға ең бір тұңғыш,
Тәрізді көк қауырсын балапан кұс;
Қуанып тұрған тақта жайнап бала,
Ашылды бөлме есігі жайлап қана.
Бір төрткөз жылмаң етіп кіріп келді —
Ақылдасып, алыпсың қайраттана.
Онша хош көрмесе де ол келгенін:
— Таныс! — деп ұсынды Ильич —
Алтай кенін
Ақтарамыз, деп келген делегаттар...
Ал енді, кер мына бір кен бедерін!
Жау қолынан жаралы — батып суға
Жатқан шахта түбінен келген руда!
Риддер ауыр халде... — деді Ленин,
Кім білсін төрткөз не сыр ұғынуда?
— Арендаға сұрайды Риддерді.
— Уркварт па?
— Уркварт.
— Сол тиімді
Деді Төрткөз көздері бейне ала құрт:
Мысық құйрық сақалды, ағылшын мұрт.
— Өзіміз жүргіземіз! — дейді кенші! —
Төрткөз айтты: — бұлардың онысы ерсі,
Соншама қирап жатқан рудникті
Құралсыз, күш қуатсыз қозғап көрші!
Басқа да бүлінгенді, қирағанды
Жөндеуге отырмыз ғой болып жарлы —
Беру жөн Риддерді Урквартқа,
Арендаға беру жөн... беру заңды.
* * *
— Бұл төрткөз кім, көзіне әйнек киген?
— Бұл пәле қашан кірген, мұрны итиген?
— Аузынан қонжитар ма ем? — деп Қарабек
Кезі еді жұдырығын тастай түйген.
«Ия...с...соо...» — деп қалған кім? «Эх, Рудаков,
Оның не? Жап аузыңды, саған не жоқ?» —
Алексей Деев көзін алартқанда,
Рудаков отыра кетті шашалған боп.
Өз ойын айтпай тұрып ұлы ұстазым,
Білмек боп кеншілердің тыныстарын.
— Риддер күйреп жатыр... жұмыс жүрмей...
Сондықтан нашарлап түр тұрмыстарын.
«Істемеген жемейді» — өз күшінде!
Ағылшынға берсек, ол — ай ішінде
Жұмыс бастап, сіздерге төлейді ақы,
Нан беріп, шай береді әр ішімге.
Мүмкін, осы жөн болар сіздер үшін? —
Деді Ленин өзгертпей өңі - түсін.
Алтайлықтар аңырып, қалды да тез
Ақтарды жүрек сырын, сенім күшін.
Шетелдің мырзалары бізден жалға
Кен тілеп кеңірдегін созбас болсын.
Өмірді өзі оятады орақ-балға!
Жемтікшіл, жаны пасық қара құстай
Тіміскіп келген Төрткөз болды пыштай.
— Сенемін, сертке берік пролетарға! —
Деп Ленин кесіп айтты біржолата.
Тайып тұрды төрткөз сұм,
Ленин нұрлы:
Жүргізуді тапсырып Риддерді КазЦИК-ке,
Қаз обкомға жазып жатты...
Алексей күлімсіреп қарап тұрды.
1953 жыл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі