Өлең, жыр, ақындар

Кенен мен Есдәулет айтысы

  • 10.04.2019
  • 0
  • 0
  • 1929
К е н е н:
Көсем адам сөз бастар,
Көпті көрген жол бастар.
Батыр адам қол бастар,
Көсем серке қой бастар,
Ақын адам той бастар,
Ал, тыңдаңдар, жолдастар!
Қордайдағы қос ақын
Қозғамаса болар ма!
Домбырасы — жан жолдас,
Қолға алмаса болар ма.
Ұл-қыздарға үлгі айтып,
Жол салмаса болар ма.
Халық ақыны бұл көпке
Сөз салмаса болар ма.
Ел алдында сол үшін
Айтысқалы отырмыз.
Жетістік пен кемшілік
Салысқалы отырмыз.
Көп алдына кесіліп,
Жарысқалы отырмыз.
Сексен жасқа келгенде
Тірескелі отырмыз.
Қоғам үшін қос ақын
Күрескелі отырмыз.
Жетістікті жырла деп,
Кемістікті сына деп,
Домбыраңды бұра деп,
Тапсырған соң келгенім.
Халқыма сәлем бергенім,
Ардақты елім «Ақтерек»
Ел-жұрты маған көп керек.
Қатар жатқан ауылмыз,
Туысқан аға - бауырмыз.
Колхоз, совхоз тілектес,
Еңбекте бірге білектес.
Ауылымыз аралас,
Қойларымыз қоралас,
Даласы мен тауымыз,
Өсірген елім мәпелеп.
Қызықты көрдім еркелеп,
Асып ішіп, ат мініп,
Түйелерді жетелеп.
Тұзыңды ақтап айтпасам,
Қаларсыздар өкпелеп.
Жан жолдасым, Есдәулет,
Шық майданға, жекпе-жек!
Әліңді білмей алыссаң,
Мыжылайын желкелеп.
Қара бұқа секілді,
Жер тарпына күжілдеп,
Күзгі желдей уілдеп,
Атты алысқа айдаса,
Ал жарыстық төтелеп,
Қара байыр сен едің,
Қазанаты мен едім.
Қашан маған тең едің?!
Тұрып қалма күрсілдеп,
Жастан бірге жүрсек те,
Айтысқамыз жоқ еді.
Қалжың-әзіл болмаса,
Қағысқамыз жоқ еді.
Келді міне бір кезек.
Е с д ә у л е т:
Келсең кел, енді батыр, қоян-қолтық,
Шын жорға қамшыласа кетеді орғып.
Осы жұрт рұқсат берді екеумізге,
Тұрам ба шешінген соң сенен қорқып.
Енді біз қызбалықты жырды айталық,
Қазыналы ұлан-байтақ жерді айталық.
Мыңғырып кең далада сыймай жатқан,
Бес түлік асыл тұқым малды айталық.
Сол шаруаға еңбек қып атаң алған,
Үлгілі озат шыққан жанды айталық.
Енді мен сөз бастайын тұрғын тыңдап,
Халқымыз қарап отыр бізді сынап.
Қасыма кәрі дауыл келді білем,
«Мені айтқын», «мені айтқын» деп бәрі
шулап,
Құлағын домбыраның алғын бұрап,
Жайлаудың басы бізде Қасқабұлақ.
Жүз метр бір - аң қарғып жатыр құлап.
«Ақтерек», «Ырғайты» мен «Жамантыдан»
Күмістей жарқыраған су сорқырап.
Жайлаған сол жайлауға асыл дойлар,
Аңша бұлт секілденіп будақ-будақ.
Сол өрісте бес түлік мал өседі,
Қозы мен қой бірдей боп тең өседі.
Жүйріктің шапқан сайын қозар желі,
Аянбай алысудың келді кезі.
Темірдей қақтыққандай қызып тұрған,
Өзіне сенген батыр келсін бері.
Бастадық, міне ақыным, жарысуды,
Байқағын жібермеуге намысыңды.
Көп алдында әйгілеп айтып берші,
Бес түлік малдан алған табысыңды.
Егістен қандай өнім алдыңыздар,
Көрейін, Кенен батыр, шабысыңды?!
К е н е н:
Киров атты колхозым,
Жетпіс мың гектар жері бар.
Егінге бай,
малға жай,
Тау мен дала белі бар.
Төрт колхоздан құрылған,
Бес жүз үйлі елі бар.
Қоңыр салқын Қордайдың
Дертке шипа желі бар.
Қордай батыр тарихта
Атағы асқан ері бар.
Бұл өңірдің қалыпты,
Баға жетпес кені бар.
Сағасында салынған,
Шалқып жатқан көлі бар,
Аққу қазы саңқылдап,
Балықтары бұлтылдап,
Дыз - бозбала ән шырқап,
Жолаушылар шомылып,
Ары-бері тоғылып,
Жаны рақат лебі бар.
Алма - өрігі жайқалған,
Бұлбұлдары сайраған,
Барған халық сауықтар,
Жұмыртқасы жұдырықтай,
Ақ қайыңдай тауықтар.
Осындай көркем жайыңды,
Ақындықпен тауып қал!
Е с д ә у л е т:
Ойнадым енді саған танысуды,
Мен айтайын көрсетіп табысымды.
Көрген соң совхозымның мол табысын,
Қоярсың мойныңа алып жарысуды.
Көрсетем шопандардың табыстарын,
Ардақты еңбек адам данышпанын.
Сыйлыққа үш мың үш жүз ақша алды,
Еңбек еткен әйгілі Арыстаным.
Көрсетем қой өсірген саңлақтардан,
Кімің бар Шәдікбектей ардақталған?
Алтынмен жазған кітап алып отыр,
Осындай шопан бар ма ел мақтаған?
Тайыптың таң қаласың өрнегіне,
Совхозға қандай табыс бергеніне.
Отыз екі қозы алды қосымша ақы,
Көрнекті үздік шыққан еңбегіне.
Байжүніс пен Қапар да озат шопан,
Қолайлы шаруаға қандай маман.
Жиырма екі қозы алды ол да үстеме,
Бір бас шығын болмаған малы да аман.
Ей, Кенен, бойыңды өлшеп өзіңді біл,
Долданса құлаш болар бұл қызыл тіл.
Дабысын совхозымның білмеп пе едің,
Бетінде Құрмет тақта жазулы тұр.
Көрерсің тағы менен қызықтарды,
Есекеңнің табаны қызып қалды.
Одаққа ерке болдың жемісін жеп,
Колхоздың жағдайымен танысқың жоқ,
Ауылдың жағдайларын шын білмейсің,
Үйде бес күн тұрмайсың, өрісің көп.
К е н е н:
Бар шығар ел болған соң балшық монша,
Жатпайды мәдениетке мұның онша.
Топырлап үйге сыймай отырады,
Бас қосып бес-он кісі қатар барса.
Асыл сөз ақтарылар сермеген соң,
Бұл Кенен сөзін қояр терлеген соң,
Халықтың бізге көңілі шат бола ма,
Еңбегін елестетіп бермеген соң...



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жамбылдың түсі

  • 0
  • 0

Сен барсаң, Жәкең кейде құрыстайтын,
Ондайда келмедің деп ұрыспайтын.
«Қонақтар асығыс»! — деп, шай қамдатып,
«Жолыңнан қалмағанды» дұрыстайтын.

Толық

Кенжеқожа мен Кенен айтысы

  • 0
  • 0

Арғы атам Мәделі мен Майлы қожа,
Ғылым мен өнерге асқан сайлы қожа.
Қазыны, қарта менен сары қымызды,
Қонаққа соятұғын тайды қожа.

Толық

Кенен мен Әбдіғали айтысы

  • 0
  • 0

Ел анасы — жер болар.
Ел ағасы — ер болар.
Кіндік кесіп, кір жуған
Жер балаңмен тең болар.

Толық

Қарап көріңіз