693 және 7 немесе Қазақстан жазушылар одағы
Ұлықбек Есдәулетке
Бірде «Ана тілі» газетінің редакциясына бара қалып ем, Мереке Құлкенов ішкі бөлмесіне шақырды. Кірсем, ұлтымыздың екі қанатты ақыны Жарасқан Әбдірашев пен Темірхан Медетбек отыр екен. Байқаймын, екі інімнің де температурасы сәл жоғарылау. Бір кезде Жарасқан:
— Мұха, көңліңізге келсін, келмесін, бірақ айтуға тиістіміз, біз Сізді ұзақ жылдар бойына жек көрдік, — деді.
Мен ешбір таңданыссыз басымды изедім.
— Жуырда мынадай ойға тірелдік, — деп әңгімесін жалғады Жарасқан. — Біз бұл ақынды не үшін жек көріп келдік? Радиода, теледидарда жұмыс істеді. Қанша рет шақырып алып өлеңдерімізді бергізді. «Жалын» журналында бас редактор болды, мұнда да құлаш-құлаш жырларымызды жариялады. Жолыққанда еркелетіп, арқамыздан қақты. Қайта мен өзім бұл кісіні мазақтап, бірнеше рет пародия жазыппын. Сонда біз бұл ақынды не үшін ұнатпадық? — деген сұрақ ылғи да алдымыздан құлағын қылтитып жүрді. Сөйтсек, тікелей ақындық белсенділікті қажет ететін ұлтымыздың көкейтесті мәселелерінде Сіз, Мұха, поэзияңызбен де, азаматтығыңызбен де бізден едәуір биік тұрыпсыз. Биікте тұрған жан көзге көп түседі. Ал ылғи да жұрт назарында жүрген адамның соңында түрлі-түрлі пенделік көпірме сөздер мен жөнді-жөнсіз жорамалдар еріп жүреді... Біз Сізді тым кеш- теу болса да түсінуге мүмкіндік таптық, енді інілік алғысымызды қабылдаңыз!
— Жігіттер, — дедім көңлім толқып, — менің ең үлкен ақындық бақытым — ешкімді қызғанбағандығым. Осыны түсіну арқылы сендер де мені бағалауға бет бұрдыңдар. Өз пенделік құрылысынан оқ бойы оза ұшпаған адам ғалами ақындық, жазушылық парасаттың шырқау биігіне көтеріле алмақ емес. Бұдан былай да сендерге ағалық баспалдақ болуға жарасам — қуаныштьшын.
Төртеуміз орнымыздан тұрып, бір-бірімізбен құшақтаса төс түйістірдік.
...Бірақ Жазушылар одағының мүшелері арасындағы пенделік иірімдер біздің күткенімізден әлдеқайда тармақты әрі күрделі болатын.
Адамға адам қасқыр болған,
Қасқыр азу тістілер «тақсыр» болған,
Ізгіліктің боз өкпесін нарық қысқан заманда,
Қазақстан Жазушылар одағы деп аталатын қоғамда
Шыншыл рухтан, үлкен тобы пенделіктен күш алар
Жеті жүздей мүше бар.
Сол жеті жүз жазушыдан, ақыннан
Адамзатты тазалыққа, ізгілікке шақырған,
Ұлттық әрі ғаламзаттық көлемде,
Күллі қазақ парасатын алып ұшар әлемге
Оқ бойы озып көтерілсе жеті қалам иесі,
Бар деп білгін халқымыздың киесі.
Тек құлагер ұлттың ғана бір ғасырда жеті рет
Тұлпар туар биесі.
Иә, мәңгілік бәсеке бұл — арман шабыс, бақ шабыс,
Ешкім бөгей алмас оны... ал алты жүз тоқсан үш,
Үлкен даңқсыз, бақсыз қалған қаламгерді не етеміз?
Жасын, ниетін сыйлаймыз ғой... көбісі — аға, көкеміз.
Егер олар шындығымен елді өзіне сендірер,
Жалтақ, үркек сезімдерді сөз күшіне жеңдірер
Қуат тапса, шарықтата ұлтымыздың атағын,
Толықтырсын дара шапқан жеті алыптың қатарын.
Амал қайсы, егер оған жете алмаса ерлігі,
Тартылмағай кеңдігінің белдігі.
Көзсіз ермей пендегерлік ағымға,
Тілектес боп жүргені жөн жеті ұлы дарынға.
Тіпті оған жете алмаса қуаты мен айбыны,
Ол бейшара қаламгердей зиянкес жоқ қайғылы:
Кеудесіне қызғаныштың шойын бұлтын түнетер,
Сөйтіп, жеті нар тұлғаға ор қазумен күні өтер...
Құрылған тор, қазылған ор біздің елде есепсіз,
Тұлпар жарыс бір рет те өткен емес есексіз.
Есек мінген қанатсыз топ жүрмес тассыз, кесексіз,
Кесектінің барлығы да рухсыз, гүлсіз, шешексіз.
Ұлтымыздың ұлылары ылғи жіпсіз байланып,
Осы топтың кедергісін өте алмаған айналып.
Назарбаев дәуірінің мазмұнына боялған,
Ақын-тағдыр, сен емессің өзіңді-өзің аяр жан.
Бәрі ақшаға сатылса да, құнсызданып ой, арман,
Біздер көрген кедергіні сен көрмейсің дей алман.
Сен неғұрлым өз ұлтыңның тағдырына болыссаң,
Оның сатқын ұлдарымен, мұң-зарымен алыссаң,
Құрмет көру орнына (қарай гөр бұл мазақты),
Кей қызғаншақ қаламдардан шегесің зор азапты.
Олар қалың жұрт ішінде өршітіп ой көкпарын,
Саған қарсы бағыттайды аңқау елдің шоқпарын.
Хас шындықты ажыратып көрсететін әрінен
Қазір бізге рухсыз қалам қауіптірек бәрінен.
Сөзін, өзін Жазушылар одағы деп атаған,
Сол алты жүз тоқсан үшсіз шығар ма еді жеті адам?
Шығар еді. Бәлкім, бағы тіпті шырқап жануы,
Одан да асқақ биіктерге еркін ұшып баруы.
Тағы, мүмкін, босаң әрі болбырлау боп қалуы,
Шынықпаған ақыл-ойды қиын әлем тануы...
Ал алты жүз тоқсан үшсіз мамырлап ой, бақ шабыс,
Жеті тұлға күресінде байқалмай ма тоқталыс?
Байқалады! Онда қайттік? «Кедергісіз жоқ табыс...»
Жә, ендеше, аман жүрсін сол алты жүз тоқсан үш!
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі