Өлең, жыр, ақындар

Назым

  • 18.04.2019
  • 0
  • 0
  • 6408
I
(1900-1939)
Дүниеден өмірім бітіп, өтсем де өзім,
Аралап жердің жүзін жүрер сөзім!
"Көре алмай кейінгіні кеттім - ау!"- деп,
Арманда болмай-ақ қой, екі көзім!

Жасымнан назым сөзге шебер едім,
Өзімнен шебер кім? — деп кебер едім.
Әр түрлі хикая мен дастандардың
Ширатқан шым жібектен көгені едім.
Тай түгіл, түйе етіне толмайтұғын,
Шаһналық шаммен қайнар шөген едім.
Ат - есімім - Тұрмағамбет, асылым - Алшын,
Баласы Байсарының Шөмен едім.
Байтақтан басып озып бәйге алуға,
Көңілдің кер бедеуін төбеледім.
Қас тұтып қатарыма келгендерді,
Асаудай ұсталмаған тебер едім.
Түбінен дарияның дүрлер теріп,
Алдына аға-інінің төгер едім.
Жай қылған жабықтырмай жанның көңілін
Өзімді Атымтайға теңер едім.
Мәз болып марапатқа мас бурадай
Күркілдеп көрінгенге шөгер едім.
"Қылдың, - деп, - шыдамсыздық", - шытса қабақ,
Сөзбенен олпы-солпы сөгер едім.
Кеудемді көк пәуеске күйме қылып
Ат қылып көңілімді жегер едім.
Ұятқа тым орасан ұшырасам,
Қасірет соң жағынан шегер едім.
Балалық бәріңе де дегізеді:
"Жайқұнды жалғыз өзім бөгер едім!"
Бұрынғы бұл уақытта бу басылып
"Отыр" деп өзімді-өзім шегеледім.
Жоқтан — бар жұмыла жанды қылып қойған
Есіме енді түсті Егелі едім.
Қаһарынан қорықпайтын Қожайынның
Бос жүрген салдыр қағып вагон едім.
Көңілдің, шама келсе, шаңғытына
Суынан сабыр, тағат себер едім.
Сынығы сирағымның бітсе дұрыс,
Аяқты аңдап басып, демер едім.
Ұятты енді ойларлық ес кірмесе,
Наданға нан танымас немере едім.
Сөзіне ешбір жанның салмай құлақ,
Балаша бармағымды емер едім.
Орасан өткен күнгі істерімді
Тексерсе біреу келіп, не дер едім?
Тентекке түстен кейін ес кіргендей,
Бас изеп айтқанына: "е" дер едім.
Кірмесе көңіліме Хақтың ісі,
Өлімді ойламайтын емен едім.
Есіркеп, Егем таупық бере қойса,
Құрмасын құлшылықтың егер едім.
Келтірсем кемалатқа күн-түн күтіп,
Шайтан мен нәпсібадты жеңер едім.
Олжаны ойыма алған арқаланып,
Жаһанның жаппасынан зеңер едім.
Тарттырып таразыға тапқанымды,
Құсша ұшып, қыл көпірден жөнер едім.
Һұр ертіп, күллә киіп, пырақ мініп,
Ұжмақтың үйлеріне енер едім.
Құдайым: "Қош келдің!" деп қуандырса,
Сестеніп сонда өзіме сенер едім.
Данаға диянатты дәркары жоқ,
Демектің: "Онан бұрын мен ер едім".
Көңлімді бұл құллия бірлеген соң,
Бойымды билеп, тұрқымды шенер едім.
Сәруарға сәлем беріп Сәйділ анам,
Қолынан құмарланып өбер едім.
Оңынан "Үмбетім" деп, орын берсе,
Ұялтып көп дұшпанды көмер едім.
Шаһарияр Әлі Асқапқа араласып,
Кәусардың көлайтына келер едім.
Суынан, сүттен де ақ, қанып ішіп,
Одақтап, ор текедей желер едім.
Көрмекке жамал қақын Жаппар Ақтың,
Көз тігіп көңілімді бөлер едім.
"Мияссар маған дидар болама",- деп,
Шайқалып, ағзаларымды елер едім.
Көрінсе көзге нұры Тәбәрәктің ,
Қызықтың бәрін босқа берер едім.
"Жеттім, - деп, - арманыма!" - ойлап шүкір,
Көпке бой "Көріңдер!" деп керер едім.
Мәртебе сол сияқты сыйлау қылса,
Ерлерге Хақ еркесі ерер едім.
Олардың айтуымен Алла қосса,
Жүдеген жар, жуықты жебер едім.
Еш болмас, иншалла, осы үмітім,
Арқарлы асқар таудың кемері едім.
Әһлі Ислам әулетінен танып ғылым,
Өткізер өзеннен ел кемелі едім.
Сөзімнің оғашына "уай!" демеңдер,
Құр жүрген көптен бері көбең едім.

1907ж.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Қауынбайға

  • 0
  • 0

Баласы Қаумен ағам Қауынбайсың,
Иісті, пісіп тұрған қауындайсың.
Тұрғанда бақ басыңда, халық қолында,
Бұлт шөгер Алматының тауындайсың.

Толық

Болғанмен білімсізге бақыт серік

  • 0
  • 0

Болғанмен білімсізге бақыт серік,
Жүрмейді жүз айтқанмен, дәулет еріп.
Ұрынып өз-өзінен от пен суға,
Жоқ қылар жошағыдай жинап, теріп.

Толық

Үш бәңқор хикаясы

  • 0
  • 0

Үш бәңқор отыр еді тамақ жесіп,
Құйқалы қой етіне қолды көсіп.
Сипалап сақал, мұртты сыбап майға,
Кәйіп етіп, күліп-ойнап желдей есіп.

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар