Қайырылы Жұмаш Тұрсынға
Қайрылла, Үмбет пенен Жұмаш, Тұрсын,
Ойға өрен, ойлауымда, көзге нұрсың.
Біз көрген үй-іш түгел, отбасы аман,
Жақсы ма жағдайларың, неғып жүрсің?
Жаным сау, жағам бүтін уақытында,
Айтылып отыратын маған жырсың.
Хатпенен қалайда да хабар білдір,
Қуантып, қандырғандай құлақ құрышын.
Есітіп үндеріңді отырмасам,
Болушы еді таңылғандай бойға бір сын.
Қатармен ойнап-күліп отырмаған,
Қызықтың біреуі емес, бәрі құрсын.
Іш күйер өздеріндей енді қайда,
Күндіз - түн кезгенменен дүние бұрышын.
Ақырын Алла өзі оңғармаса,
Боп тұрмын торға түскен тап көгершін.
Мұңымды мұндайынша сөз қылайын,
Есіткен дұшпаным күл, досым күрсін.
Тұратын төртеуің де пәрімді ашып,
Иісті бағымдағы піскен гүлсің.
Жүруге аға-інімен араласып,
Басым шақ, байқауымда бетім кірсін.
Орында екіталай өре тұрып,
Жақ болған жас кезімнен жаны ділсің.
Өтініш, осы күйде көрініңдер,
Өкініш ойдан тегіс ұмытылсын.
Жөнінен қатын, бала қам қылмаймын,
Ауыр жүк артылатын бәрің пілсің.
Ортаңда өздеріңнің отырғанда,
Ісі жоқ, бала-шаға нені білсін?
Тұрғанда халық орныңда, хан — тағында,
Ұратын ер едіңдер елдің қылышын.
Сондықтан саулықтарыңды сұрап ақтан,
"Қаулат, - деп, - халық тілеп тұр өмір ырысын".
Тартылып таланыма қалмасаңдар,
Көктемде төртеуің де тасқан Сырсың.
Аз ғана заман сазын сөз қылайын,
Десеңдер халық қызыққан сен бір сүрсін.
Тұз-дәмін домызақтың татып жатыр,
Кемпір, шал, ақсақ, шолақ, небір қыршын!
Көрсеткен кеп керемет аталары,
Атақты әулетте бар дейтін "пірсің!"
Басынан бәрінің де бақ тайған соң,
"Болды, - деп, - бұларға обал!" - кім қол ұрсын.
Болсаң да жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар,
Тайса бақ, танаға өтпес бір тұғырсың.
Қалғанмен қақ айырылып құрғап, кеуіп,
Шық түссе, шығатын гүл, сен бір бүрсің.
Жетісті Жаппар Ақтан жұртқа жарлық,
Дегендей: "Азып-тозып, жан қыдырсын!"
Қалайда қайғысы кәп қуаныштан,
Болатын барлығың да бас жұмырсың.
Ерте, кеш ырза болып үкіміне оның,
Күйінбей күліп, ойнап көнсең құлсың.
Бәлеге басқа келген сабыр етсең,
Сәруарға Сәйділанам сәуіклі ұлсың!
Кепкенмен көз ажарың, күнің жауса,
Гүлдей-ақ көктемдегі қып - қызылсың.
"Сапа жоқ—жапа шекпей" асылында,
Иленіп, иіп басынды бол ымырсын.
Көрікті көп көзіне көрінесің,
Кетірсең кеуіліңнің мыс пен мырышын.
Сөзімде осы айтқан оғаш бар ма,
Белгілі білімге бай бәрің дүрсің.
1933
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі