Өлең, жыр, ақындар

Қаңлы Жүсіп пен Кете Жүсіпке

  • 22.04.2019
  • 0
  • 0
  • 2862
Бірінші айтқаны:
Аппазға, абайласаң, көз едіңдер,
Келісіп, кекиіспей, дегенін бер.
Екеуің екі жаққа ақырайсаң,
Ағаңды, әркім: "Қитар — гөзелім" — дер.
Сөзі оның сыйланбаса сендерге айтқан,
Өкініп: "Осынымның өзі — өлім" — дер.
Болсаңдар екі кеміс, егесумен
— Мылтықты мұрын үстінен кезеніңдер!
Қот-қоттап қомпаңдатқан сөзге мәз боп,
"Келсең, кел, — дей бер онда, — кезегім бер!"
Десеңдер, ес бүтін боп: "Осы ұят",
Табысып, тақас сөзді тежеріңдер!
Айтқанын аға-інінің құрметтерлік,
Деп жүрген "дәмелі ердің" өзі едіңдер.
Тұсаулап тыпыршыған тіл бедеуін,
Қаңтарып ауыздыққа бежеріңдер!
Түйеден кішіпейіл тағлым алып,
Тартпа бас, тартты досың тез еріңдер!
Жазушы жағдайлатып Тұрмағамбет,
Қисаңдар, аз сөзіме тез орын бер!
Қармақшы, 1913

Екінші айтқаны:
"Сіз", "біз" деп бір-біріңді сыйласпасаң,
Маған кел, күні ертең қи баспасаң!
Күйсіздер күн аязда күнін елтер,
Өрт тиген қу қамыстай қираспасаң.
Кепілмін кетуіне бірлігіңнің,
Көніспей бір-біріңе қиғаштасаң!
Бірігіп бір шұқырда отырмайсың,
Жоғыңды бір-біріңнің жинаспасаң.
Бақ құсы бастарыңа баяндамас,
Жұрт үшін жандарыңды қинаспасаң!
Осындай үлгі-үгіт айтар едім,
Басымнан байқаусызда ми қашпасаң.
Қайткенмен көптің көңілі қожырайды,
Бұлбұлдай бостандағы ұйқы ашпасаң.
Қармақшы, 1915

Соңғы билігі
Жөнделмес, ерлер, жұмысың,
Кең ойлылармен кеңеспей.
Кеңеспен сепкен күрмегің,
Болмайды жеміс жеместей.
Арнаның суы әл бермес,
Жұрт жиналып, бөгеспей!
Бөгескен соң — тұрмайды,
Түрленіп шалғын көк өспей!
Бастарыңа бақ қонбас,
Әлсіздерді демеспей!
Олардың алсаң алғысын,
Боларсың биік дөңестей.
Сескенер сонда дұшпаның,
Сенімен бойын теңеспей.
Мал-мүлікке масықпа,
Өзгелер адам еместей!
Талайлар толып, төгілген,
Төңкерілген тегештей!
"Тойған сайын тәубе қыл!"
Айтқаныма егеспей!
Қайратың қау болғанмен,
Қазаң жетсе — қоймайды,
Орыныңнан жел еспей!
Аз өмірдің ішінде,
Бір біріңнің айыбыңды,
Жүріңдер, бектер, елеспей!
Әр кезде ырза емеспін,
Барлығың да бас изеп,
Айтқаныма: "е" деспей!
Көріңдер, көптер, бұл сөзді
Қызылсырап келгенде,
Сойдырып жеген шинештей.

Ақмешіт, 1915



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Сам батыр

  • 0
  • 0

Сам батыр "Саудагер" деп өзгертті атын,
Әр түрлі сатушы еді жауһар затын.
Жеті ай Қытай жерін қоныс етіп,
Танитын болды тегіс еркек, қатын.

Толық

Ұядан ұшқанда

  • 0
  • 0

Пайда көп өмір сүрсең, өнерінде,
Нәрсе жоқ өнетұғын өлерінде.
Ойыңа тіпті өлмейтін сияқтысың,
Әр жаққа ақылыңды бөлерінде.

Толық

Тоқсанбай ақынға

  • 0
  • 0

Жаманның жақсы шыдар табасына,
Қолайсыз қоймас құлақ намасына.
Кемістік күндегенмен келе қоймас,
Ол ердің яки бақыт, я басына.

Толық

Қарап көріңіз