Өлең, жыр, ақындар

Кете Жүсіп пен Даңмұрынға айтқаны

  • 22.04.2019
  • 0
  • 1
  • 11129
Татулық — таусылмайтын кен секілді,
Кен сақтау – шама келсе, шен секілді.
Ортаңда татулықтың тұрса туы,
Дос, дұшпандемес сені "кем секілді".
Осы айтқан үгітімді үлкен, кішің
— Көріңдер ауруыңа ем секілді.
Өмірің өтіп кеткен, ойласаңдар,
Кірмейтін, шықса, қайтып дем секілді.
Жігіттің жақсы-жаман мінез құлқы
— Салынған сара тілік ен секілді.
Көрікті көп көзіне көрінетін,
Ізді ауыз, өздеріңе оң секілді.
Кетпесін көңіліңнен көргендердің,
Мағашықтың бетіндегі мең секілді.
Келгендер, кідіре алмай кетіп жатқан,
Шөлдегі, шіркін, дүние – көң секілді.
Масығып мәртебе мен мал-мүлікке,
"Кім бар,– деп, – кеуіп-іспе мен секілді!"
Қуанып қу бас пенен қуыршаққа,
Болмаңдар, босқа қалған жын секілді.
Мекерге мұндайынша мойынсұнып,
Құр қалу құлшылықтан мін секілді.
Дін менен дүнияны қатар қойған,
Жұмысы Саттар Хақтың сын секілді.
Жаһанда жауға өзіңді жаралатпай,
Болып кет, бойың бағып, тың секілді.
Әр түрлі ақуа пысат, пасық пытна,
Бөлетін ақылыңды жын секілді.
Ойланып өз қамыңды, уақытың барда,
Дуал соқтұралыққа шың секілді.
Жалғыздық — жан шығарда түсер басқа,
Тіріңде болғаныңмен мың секілді.
Тимейді туысқаннан титтей жәрдем,
Құбарса қызыл бетің құм секілді.
Саянда саулығында жататындар,
Сескеніп, сені көрер сұм секілді.
Бетіңе бөрен салып баса көмер,
Жер кеулеп, кісі бойы ін секілді.
Қақ жарып құлағыңды түр ғой өлім,
Тынықта таңертеңгі үн секілді.
Жеті ықылым жетегінде болғанменен,
Аңғарсаң, ақыры әлің түн секілді.
Қысқасы, құрт пен шаян құмырсқаға,
Тән шіріп, түтілерсің жүн секілді.
"Қалайда ғапылатта қалмайық", – деп,
Бұл сөзім бәріңе айтқан мұң секілді.
Айтайын тіріліктен тағы да сөз,
Татаусыз тартылынған сым секілді.
Айтқаның ақылдыға әсер етер,
Көгалға көктемдегі дым секілді.
Ессізге есіл сөзің еш болады,
Кереңге көзбен еткен ым секілді.
Тыңдаңдар, топ тарқатқан төрелерім,
Дерсіңдер: "Өтірік, иә шын" секілді.
Қыс күнгі қонысыңнан қуалайтын,
Араздық — аяздағы сең секілді.
Сен буып, буы аспанға бұрқыраса,
Көрінбес көзге дала кең секілді.
Бұртиып, бір-біріне қырын қарай,
Көмпиме күнге күйген көң секілді.
Тұрмысты тірілікте ол сияқты,
Дей көрме өзіңе-өзің "жөн" секілді.
Жақтырмас жан аяспас жар-досың да,
Жаһанда жарымес жоқтай сен секілді.
Ортаңа оты түссе араздықтың,
Боласың жат пен жауға жем секілді.
Жатқанда бүйіріңді бөрі ойып,
Болмайды бір туғанмен оң секілді.
Әл бермей артқан түйең тулағанмен,
Біршілік — аумайтұғын тең секілді.
Қамқор боп қарындасқа қоғамдасу,
Қолыңды қорғайтұғын жең секілді.
Жан кеулін жабырқатпай, жаныңа тарт,
Болғанмен, білдірмей сыр, "нең секілді!"
Бірліктен барлық пайдаң түгелденіп,
Боласың бұлт шөгетін дөң секілді.
Бұйдасын біршіліктің белден үзіп,
Болмаңдар бақырауық жөн секілді.
Қиналтар қыңырлығың қылған ондай,
Жанбастан жарып шыққан сом секілді.
Орынға ойына алған жеткеретін,
Ерлерге ықпал, ырыс — қоң секілді.
Ер қолын емін-еркін батырмайтын,
Жоқшылық — тоқсандағы тоң секілді.
Кигенмен, күннен-күнге түрленетін,
Тозбайтын, толымды ақыл тон секілді.
Кебіңкі, көкірегі кем ойлылар
— Қу дала, құс қонбайтын жөн секілді.
Көңілінде қанағаты бар құлдарға
— Бір малы көрінеді он секілді.
Толғанмен қора малға, қалта пұлға,
Қақыңдар, қас ақымақтар зоң секілді.
Дегендей "дәурен кезек" дәусінгеннің
— Белінен басты еңбекшіл шом секілді.
Өксімей, өткен күніңді, өңшең шонық,
Кезегің, кідіре түр, соң секілді.
Қармақшы, 1920



Пікірлер (1)

Айдан

Маған ұнады әдемі екен, бәрі керемет екен

Пікір қалдырыңыз

Қаңбақ хикаясы

  • 0
  • 0

Ілгергі өткен заманда,
Көріпті біреу қаңбақты.
Аяғы жоқ, қолы жоқ,
Жүреді деп қалай таңлапты.

Толық

Болғанмен білімсізге бақыт серік

  • 0
  • 0

Болғанмен білімсізге бақыт серік,
Жүрмейді жүз айтқанмен, дәулет еріп.
Ұрынып өз-өзінен от пен суға,
Жоқ қылар жошағыдай жинап, теріп.

Толық

Астыңда аң құтқармас атың болса

  • 0
  • 0

Астыңда аң құтқармас атың болса,
Хошрой қойынында қатын болса,
Әр түрлі дерт, сырқаудан денің сау боп,
Күлкі, ойын күнде көңіл шатың болса.

Толық

Қарап көріңіз