Өлең, жыр, ақындар

Достықтың да шегі бар

  • 23.04.2019
  • 0
  • 1
  • 4833
І
Шыңда мұз, қар жарқырап,
Жаздың ашық күніне.
Сайларда су сарқырап,
Бой балқытар үніне.

Беткейлердің әр алуан
Гүліне көз тұнады.
Желпіп соққан самалдан,
Тарқайды жан құмары.

Ет, қымызға тойып ап,
Ұлымызбен екеуміз,
Серуен құрып кей уақ,
Сайды өрлеп кетеміз.

Алдан суыр шіңкілдеп,
Хабарлап бір-біріне.
Тұс-тұс жақтан біртіндеп
Жүгіреді ініне.

Торғайдың да түрі көп,
Сәл нәрседен шошиды.
Бірі кетсе, бірі кеп,
Ұяға жем тасиды.

Ішіне сыр түйген көп,
Көз тастаймыз жотаға.
Бір сұр жылан иреңдеп,
Жасырынды бұтаға.
– Әкесіне ере ме,
Жыланның да баласы?
Адамдарды келе ме
Шағуға оның шамасы?

Арай қойып сұрағын
Аттап еді бір адым,
Қозғады шөп құрағын
Балалары жыланның.

Жиырылып, созылған
Бір-бір сабақ шуда жіп
Менен емес, болмыстан
Арай жауап тұрды алып.

Ұлым тіпті қызығып,
Ұстай ала жаздады.
Кетті иреңдеп тізіліп,
Бұта жаққа саздағы.

Арай үнсіз қала ма,
Шебер сұрақ табуға.
Деді: – Көке, бола ма
Бірін ұстап бағуға?

Жауап берер бұған кім,
Үнсіз қалсам мен тегі.
Жыры жайлы жыланның
Бастадым бір ертегі.

II
Жалықтырса тыңдама,
Тартпаса жоқ таласым.
Болған екен бір бала,
Баққан жылан баласын.

Күндізорап сүріпті
Білегіне, мойнына,
Түнде жылан кіріпті
Ирелеңдеп қойнына.
Бірге тамақ ішіпті,
Бірге шығып серуенге,
Бірге суға түсіпті,
Қырық күн шілде келгенде.

Айдан-айға ұзарып,
Жуандапты жылма-жыл.
Көзі шоқтай қызарып,
Жылт-жылт етіп қара тіл.

Жатуына үй түгіл,
Болып қора-жай да тар.
ЬІсқырыпты қара сұр,
Секілденіп айдаһар.

Атағына сай ерлер,
Қорқып аяқ баспады.
Екіқабат әйелдер
Көрсе, түсік тастады.

Айдаһардай болса да,
Мерей жүрді: «Жылан, – деп. –
Бұл не қылды соншама,
Қорқатындай бұдан», – деп.

Ауылдағы барлық жұрт
Келді қоршап бір күні.
– Жыланыңның көзін құрт
Болсаң ауыл тұрғыны.

Тілімізді алмасаң,
Көреміз бір шарасын.
Сөзге құлақ салмасаң,
Өзің де мерт боласың.

Тұрып жатқан жерінен
Жылан аузын ашқанда,
Дауыл соғып демінен
Шаң бұрқайды аспанға.
Тұрды күліп иесі,
Жиылған жұрт қашқанда.
Деді: – Алғашқы сый осы
Әлгі қатал жоспарға.

III
Жыл артынан жыл өтіп,
Жігіт бопты бала да.
Жүрек бір күн дір етіп,
Депті: – Қызды жағала.

Ғашық боп бір сұлуға,
Тұра алмапты көрмесе.
Қызбен серуен құруға
Жағдай керек ендеше.

Нәзік сұлу құрғыры,
Қорқады екен жыланнан.
Қосылмаса құрыды,
Бір арманға бір арман.

Не жыланың, не мен деп,
Зейнеп сөзін қорытты.
Нендей жауап берем деп,
Мерей қатты қорықты.

Бас тартуға бірінен,
Екеуін де қимайды.
Дөңбекшиді түнімен
Күндіз де өзін қинайды.

Зауқы соқпай асқа да,
Қайғы-мұңды етті азық.
Жұмбақ болып басқаға,
Аз-ақкүнде кетті азып.

Күтіп таңда тұруын,
Сүйгеніне ұшады.
Аймалап кеп сұлуын,
Жыланын да құшады.
Рөлінде «ұрының»
Жүрген жанға ұқсады.
Өзінің бұл қылығын
Ұнатпайды іші әрі.

Жүрегінің жылуын
Екі жаққа тең бөліп,
Көрмеді өмір тынымын,
Сергелдеңде сенделіп.

Біреуі деп екінің
Ескертеді қыз күнде.
Демей жігіт «бекідім»:
– Болсақ, – дейді, – біз бірге.

Дәу жыланнан қорықпа,
Достарға жоқ залалы.
Қара, мендегі оны ұқ та,
Қорғаушың боп қалады.

Шошып Зейнеп қарадай,
Қашты алып ат-тонын.
Кездесуді қаламай,
Үйден жеке тапты орын.

Қызсыз өмір қараңын
Жан-тәнімен сезді де,
Орындауға талабын
Қайтты үйге тез, міне.

Келсе жетіп, алқынып,
Орнында жоқ жыланы.
Шартарапқа шарқ ұрып,
Көрінгеннен сұрады.

Өзге шаруа қойылды,
Тартты өзге сөзден бой.
«Менің арам ойымды
Алдын ала сезген ғой».
Деп күйініп жас жігіт,
Кезіп кетті тау-тасты.
Табудан жоқ басқа үміт,
Бала кезден жолдасты.

Аяқтарын тас тіліп,
Бұта жыртып киімін.
Жан ұшырды жас жігіт,
Кезіп жер-су қиырын.

Білмейді күн қанша өтті,
Үздігуге шақ қалған.
Жыланы бой көрсетті,
Жігітті аяп шатқалдан.

Тұрған кірмей сұры әлі,
Әбден тоңған жігітті
Атырылып жыланы,
Жіпше оралып жылытты.

IV

«Жүр» десе де жыланы
Сүйресе де ермеді.
Қалдыруын сұрады:
«Қозғама, – деп, – сен мені.

Сен де өз үй-ішіңді ұқ,
Шатқал – менің мекенім.
Махаббатта түсіндік –
Үшінші артық екенін».

Деп тұрғандай жыланы
Қимылымен, көзімен.
Ешкім емес кінәлі,
Аян ғой өз-өзінен.

Бірге болып бірер күн,
Жігіт қайтты ауылына.
«Келіп-кетіп жүрермін,
Үйім деп бұл тауды да».
Жыланы жоқ жігітін
Қыз қуанып қарсы алды,
Ақталды деп үміті,
Күліп, билеп, ән салды.

Махаббаттың құрығы
Көндірерін біліп пе?
Баурап қыздың қылығы,
Жуасыды жігіт те.

Күннен-күнге көңілді,
Ашық бола бастады.
Риза болып көрінді,
Бұл ісіне достары.

Дәу жыланын сағына,
«Аң аулаймын», – деп кетті.
Кесек олжа табылса,
«Сәті түсті», – деп кепті.

Аң аулауға шынында,
Көмектесті жыланы.
Жасырды бұл сырын да,
Болмау үшін кінәлі.

Жігіт жедел кірісті,
Үйленудің қамына.
Тындырды көп жұмысты,
Күнде келіп бабына.

Ұлан-асыр той жасап,
Отау тікті оңаша.
Қырда қызық, ойда шат,
Басталды өмір тамаша.

V

Көрсетті елге үлгіні,
Бір-біріне серік боп.
Айтты жары бір күні,
Қалғандығын жерік боп.
– Әке боп күн кешем бе,
Неге тартты тәбетің?
Құстың сүті десең де,
Мен табанда табамын!

Айт міндеттің ауырын,
Берем қазір суырып.
– Жыланыңның бауырын
Жегім кеп тұр қуырып.

Қапелімде жас жігіт
Тілін тістеп қалды үнсіз.
Айтты ма әлде қас қылып,
Шын айта ма, қалжыңсыз?!

– Үнсіз қалдың неге сен,
Құмарымды тартқатпай?
Егер оны жемесем,
Өлемін мен нәр татпай.

– Маған жүктің сен кейде
Артасың тым ауырын.
Айтшы, жегің келмей ме,
Басқа жылан бауырын?

– Керек боп тұр дәл сенің
Өз қолыңнан баққаның.
Содан тәңір салса емін,
Сұлу болар тапқаным.

Еш нәрсе ішіп, жемеді,
Жатып алды сүйгені.
– Жыланыңды не мені,
Құрбандыққа қи! – деді.

Қалай қимақ жан жарын,
Қалай қимақ баласын.
«Көріп тағдыр салғанын,
Жыланыңа барасың», –

Деп тұрғандай дос-жаран,
Деп тұрғандай ел-жұрты.
Өз ойы да қостаған,
Бармауға жоқ енді ырқы.

Бес қаруын асынып,
Жігіт тауға беттеді.
Жар қабағы ашылып:
«Жылдам алып жет!» – деді.

Көрді жылан біреуді
Келе жатқан жаяулап.
Кім болды екен бұл енді,
Келген досы таяуда-ақ.

Қажытқан ба жол жырақ,
Ілбімей, тез келсеңші.
Иықтары салбырап,
Түсіп кеткен еңсесі.

Кісікиік тағыдай,
Жаяулап жүр бұл неғып?
Қалды тіпті танымай,
Кетіпті өңі сұрланып.

Дегендей-ақ «Жол болсын!»
Атып шықты алдынан.
Қуанбаған жан досын
Көріп тіпті қалды таң.

Дәу жыланға тіл бітті,
Деді: «Саған не болған?».
Айтты досы шындықты,
Алып орын көгалдан...

– Қуан, сол да сөз бе екен,
Аман жар, ел-жұртың.
Болмақ енді өз бөпең
Әке атандыратын.

Екі етпен тілегін,
Өтсем шатпын сол сыннан.
Дос деп өмір сүремін,
Аярым жоқ досымнан.

Қажет болса несі бар,
Бауырыма бауырым.
Керегіңше кесіп ал,
Ал, кір, міне, ауызым.

Керегі не кешігіп,
Түбі атқарар ісіне.
Жігіт жедел шешініп,
Еніп кетті ішіне.

Қалар деп дос ауырлап,
Ілеспестей көз тіпті
Бір жапырақ бауырды ап,
Жылдам кіріп, тез шықты.

– Жарың күтіп қалмасын,
Бөгелме, тез жет, – деді.
Жігіт тыңдап жан досын,
Ауыл жаққа беттеді.

– Аман бол, – деп, – көргенше, –
Күбірледі күштене.
Жігіт ұзап кеткенше,
Білдірмеді ештеңе.

Дәу жылан шақ төзеді,
Тісін қойып тісіне.
Барады өртеп өзегі
От түскендей ішіне.

Кернегендей у тәнін,
Тар болып тау шатқалы.
Қуырылған қу жанын
Қоярға жер таппады.

VI
Қуырып жеп бауырды,
Әйел басты жерігін.
Жігіт жаны ауырды,
Ойлап жомарт серігін.

Шын дос қой ол дос десе,
Етінен ет кесетін.
Не нәрсемен, ендеше,
Қайырамын есесін?

Қайтамын деп аң аулап,
Барды халін білуге.
Жылан қызып алаулап,
Жатыр шатқал түбінде.

Сусын беріп, шөп беріп,
Болды біраз қасында.
Өзін-өзі жек көріп,
Мініп қайтты ашуға.

Қабағынан танып жар,
Қарсыласпай тапты емін.
Дереу етіп бәрін бар,
Оралтып шат сәттерін.

Жыланы да айықты,
Уақыт бәрін емдеді.
«Еш нәрсеге айыпты,
Емессің, дос, сен», – деді.

Содан жігіт жаны да
Жадырады жеңілдеп.
Тапты бір ұл жары да,
«Мұрагерің сенің» деп.

Бала, бала демей не
Дейді ана алаңдап?!
Жүріп жатты Мерей де
Оқта-текте аң аулап.
Осыменен ертекті,
Бітірер ек тәмамдап.
Шекке Мерей ең шеткі
Қамалмаса арандап.

VII
Зейнептің бір құрбысы
Келе қолқа салыпты.
Бітіп ішке тұңғышы,
Жерік болып қалыпты.

– Естігі келдім күйеуің,
Баққан екен сенің деп.
Сол жыланның жүрегін
Өліп барам жегім кеп.

Қолқа салды деп құрбым,
Жыланыңа ал аттан.
Көндірем деп кеп тұрмын,
Досты жерге қаратпан.

– Тұрсың маған текке кеп,
Білмен қайда екенін, –
Деді Мерей өкпелеп –
Ауыстырған мекенін.

– Елемей дос тілегін,
Бас тартуың бұлтақтап!
Жыланыңның жүрегін
Сенен басқа кім таппақ.

Орындамай қалдың ба,
Бұл тілекті осыдан.
Табанда көз алдыңда
Қан боламын жосыған, –

Деп жан жары долданып,
Ақ аяз боп қақады.

Ақ пышақты қолға алып,
Ақ төсіне тақады.

– Ойбай, қой де анаған,
Жыланыма мен кеттім.
Жүрегін ап оралам,
Тездеттім, ал, тездеттім.

Қалып үйде оңаша
Зейнеп көңілі жайланды.
«Сенді Мерей балаша,
Асырдым мен айламды.

Ешкім жерік болған жоқ,
Ойлап тапқан амалым.
Өлсе жылан арман жоқ,
Болмас басқа алаңым».

Көрді жылан біреуді,
Келе жатқан жаяулап.
Кім болды екен бұл енді,
Келген досы таяуда-ақ.

VIIІ
– Бала-шағаң аман ба?
Неге жабық қабағың?
Орындайын табанда,
Бар болса айтар талабың.

– Мен айтайын, ал тыңда,
Көнбе, еркің бар бүгін.
Баяндады қалпында
Болған істің барлығын.

– Зорламаймын, өтінем,
Айтшы, қандай бар ойың?
Жүрегіңнің шетінен,
Көнсең кесіп алайын.

– Дос деп өмір сүремін,
Аярым жоқ досымнан.
Екі етпен тілегін,
Өтсем шатпын сол сыннан.

Бұл да досқа бір сын деп,
Қарсы аламын, несі бар.
Жүрегім тұр дүрсілдеп,
Керегіңше кесіп ал.

– Аузыңды аш ендеше,
Мен кірейін шешініп.
Тағат бар ма ем десе,
Қалмаймын көп кешігіп.

Асау жүрек бұлқынып,
Әуре қылды ұстатпай.
Екі қолдап ұмтылып,
Жармасты шет-пұшпақтай.

Соғып тұрған жүректі
Ұстарамен орды кеп.
Сорлы жылан дір етті,
Жан ұшырды «болды!» деп.

Жүректен қан шапшыды,
Дос жүзіне атқылап.
Ал жыланның ащы үні
Тағы шықты қаттырақ.

Еркінен тыс ауызы,
Бара жатты жабылып.
Кең дүние қауызы,
Қарауытты тарылып.

Өшіп Мерей үні де,
Қанға бөкті тұншығып.
Ажал боп бір-біріне
Тынды екі тіршілік.
ІX

Ері олжалы келер деп,
Әйелдер түн, күн күтті.
Сезді сонан соң елеңдеп,
Тауда болған сұмдықты.

Әбден үміт үзген соң,
Іздеуге суыт аттанды.
Шарлап екі күннен соң
Тапты жұмбақ шатқалды.

Жігіт өзі кінәлі,
Білер басқа кімді кәп.
Асыраған жыланы,
Ажалы боп тынды деп.

Осы уәжге сенді елі,
Болмады ешкім күдікті.
Сол шатқалға жерледі –
Жылан кебін жігітті.

Жетіп өлі жүрекке,
Жерік тұтас болды ие.
Жатып қара түнекте
Жаңғырды жас дүние.

Кім жазықты сол білді,
Етті ерді неге тап?!
Кетті халық сол жылды
«Жылан жылы» деп атап.

Сырды паш қып әлемге,
Енді ертек-жыр бітті.
Кейде нағыз дәлел де
Аша алмайды шындықты.

– Ертек солай ал бітті,
Сен бір нәрсе ұқтың ба?
– Мен жануар, жәндікті
Айналдырман тұтқынға.
Бұл ертектің мәнінде
Алар сабақ бар талай.
Дос көнер деп бәріне,
Бермеу керек қолқалай.

* * *

Көкейіңе егіп ал,
Достықтың да шегі бар.



Пікірлер (1)

Аяна Муратбекова

Достың шеги бар ма

Пікір қалдырыңыз

Сағыз

  • 0
  • 0

Түнделетіп жеттік біз,
Сағындырған жайлауға.
Ерте тұрып Лаула қыз,
Шықты тысқа ойнауға.

Толық

Қазақпын

  • 0
  • 0

Қазақпын мен ұлт боп ұзақ ұйыған
Сері елмін ұнатқан күй, сүйіп ән.
Досқа құшақ ашып, жауға бас имей
Тарихтың өткен талай сынынан.

Толық

Ең әдемі ағаш

  • 0
  • 0

Жаздың күні орманда,
Саяхатта болғанда,
«Әдемі, – деп, – қай ағаш?» –
Айналаны шолғанда,

Толық

Қарап көріңіз