Аңыз-ертегі – Қадыр Мырза Әли

Бұл бетте «Аңыз-ертегі» атты Қадыр Мырза Әли жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 27.04.2019
  • 0
  • 0
  • 4972
Келер ұрпақ ертегіңе жарыды-ау,
Жарымаған рухынан арыды-ау.
Аңыздағы адамдардың — байқасаң —
Досы да — дәу,
Қасы да — дәу,
Бәрі — дәу!
Басқыншыдан қорғағанда еліңді,
Батыр халық састырыпты өлімді.
Бір кешкеннен қалдырмапты өзенді,
Бір ішкеннен қалдырмапты көліңді!
Бір-ақ кесіп түйін-түйін дауыңды,
Келтіріпті тәубасына жауыңды.
Бір шерткеннен қалдырмапты шәһарды,
Бір тепкеннен қалдырмапты тауыңды!
Баулап солай әлуетті әулетті,
Болашаққа асығыпты сәулетті.
Бір бергеннен қалдырмапты жиғанын,
Бір шашқаннан қалдырмапты дәулетті!
Міне, осыған —
Бар қасиет бұл менде —
Күйінемін фольклор деп күлгенге.
Не жетеді
Бадырайтып жақсыңды
Елің жайлы ірі сөйлей білгенге!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері