Бір әңгіме тыңдашы, ұлан, менен – Қадыр Мырза Әли

Бұл бетте «Бір әңгіме тыңдашы, ұлан, менен» атты Қадыр Мырза Әли жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 30.04.2019
  • 0
  • 0
  • 2400
Бір әңгіме тыңдашы, ұлан, менен.
Жекжаттығым жоқ емес бұланменен.
Тамырласпын,
Тектеспін тарпаңменен,
Тағдырласпын,
Түздеспін құланменен.
Кей кездерде түспейтін барыстан кем,
Өліп кете жаздаймын намыстан мен.
Жеті атадан қосылам жолбарыспен.
Алты атадан қосылам арыстанмен.
Тағдыр қолы жақсылап сілкігенде,
Аз болмайды құсаның бұлты менде.
Ақ аюдың өзімен ағайынбыз,
Ағайынбыз айлакер түлкімен де!
Осылай деп атапты алаш атам,
Туыстықпен сұлу ғой тамаша таң,
Қоңыр қазбен бөлемін,
Айдындағы
Аққу ару — ол менің нағашы апам.
Біздер үшін көз жасы тамшылаған
Табиғат бір кәрі әже,
Шамшыл ана...
Бәрі маған туысқан аң мен құстың,
Құныкерім сияқты аңшы маған!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері