Менің жасымды сұрасаң, жетпіс сегіздемін. Көргеніміз көп болғанымен, білетініміз аз болар. Қайсы бірі есте қалды дейсің.
Соқпақсыз соқтықпалы жерде өстік,
Өмірде азап сапар талай кештік *, — (*Қолжазбада өлең жолы осылай өзгертіліп берілген)
деп Абай айтқан емес пе?! Әкеміз кедей болды. Асырауға халі келмеді. Төрт баланың (Әбеу, Әубәкір, Мақажан, Сыздық) ішіндегі үлкені мен едім. «Он үште отау иесі» дейді халық. Мен он үшін жасымнан бастап осы Қарағанды кенінде кіре тарттым. Ол кездегі осы өңірдегі халықтың кәсібі сол еді.
Ең алғаш әкем марқұм мені бұрынғы кәнігі кірекештерге тапсырып қосты. Көкалабас деген атанымыз болатын, ірі мықты, аяңшыл жануар еді. Нілдіден мыс зауытына көктас тасимыз. Пұтына төрт тиын төлейді. Әлгі менің түйем 70 пұтқа дейін іркілмей қозғалады. Бірақ сол кезде қолға ұстата салатын ақша жоқ. Қолына қағаз береді. Мен төрт рет қатынадым. Қолыма тиген ақша жоқ. Мен жүрген қостағы біреуге 80 пұтқа дейін тартатын Жазылы атан деген түйесін жалдаған Бәсен тиін Қалует деген кісі ақысын алуға келген екен. Елге қайтып бара жатқан сол кісі арқылы әкеме мынадай деп хат жаздым:
— Иә, әке, қабыл болғай берген батаң,
Сенгені бір үйлі жан Көкала атан.
Көк тиын әлі алғаным жоқ
Білмеймін қожайынның түрі қатаң, —
деп. Аяғын ұмытып та қалыппын. Әкеміздің парсыша сауаты бар еді. Бір қатынасқан кісіден мынадай жауап алдым:
— Қарағым, айналайын, жаным балам,
Азайған несібесі әлсіз бабаң.
Сөзіңе «рақымсыз мырза» деген
Күдіксіз ешбір оған мен де нанам.
Қаламаса ешбір жағдай оған сенер,
Ақыңды дұрыс санап бермесе егер.
Өксітпе өміріңді, қарашығым,
Деп отыр анаң дағы «қайтып келер».
Жауыздар сорлыларды әсте арбаған,
Бақалшы, сәудегерлер жұрт алдаған.
Тәлкесу кіре тартқан бола алмады,
Тілейік күнкөрісті бір Алладан.
Ақша орнына берген талон бойынша қожайынның лавкасынан қант, шай, сіріңке және шешемнің тапсыруымен ақыреттік бөз сатып алып, ауылға қайттым. Бірақ ол кезде қайда барып күн көресің. Қайта сол Қарағандыға барып тығылдық. Тағы да кіре тартумен айналыстым.
Есейе, ысыла келе ұзақ сапарға шығатын болдым. Мыс заводында қорытылған мысты Қызылжар тартатын болдық. Бірақ қысқы жол қауіпті де болатын еді. Қыс ішінде 150-200-деген түйемен мыс тартқан керуен қарлы жолдарда талай далаға да түнейтін еді. Түйемізді шөгергенде астына қорда орнына төсеп қоятын садақ төсенішіміз, үстінде боса да жылы жабуы болатын. Қар үстіне шөгерілген түйені ықтай сауырына тығыла өзіміз паналаймыз. Қысқы қызылдарда талай түйе ұшып өлсе, талай адамдар үсіп те жатушы еді. Түбі Барғана еді, аты есімде жоқ, бір жігіт үсініп аяқ-қолынан айрылды. Суық тиіп, кем қадам-қайыршы болып кетті. Соның мына бір зарлы әні есімде:
— Үсінді сол аяғым мұжық болды,
Сол қолым жаны кетіп, о да солды.
Қу маңдай домаланған мен бір бейбақ,
Табармын күн көрерлік қайдан жолды?
Ақыры сол жігіт қайыр сұрап кетті. Зауыттан ақша, лавкадан зат алуға келгендерден:
Жасы үлкен аға-іні, құрбы-құрдас,
Ойыммен ойы бірге әмсе мұңдас.
Болса егер қалдырыңдар қайыр-зекет,
Бұрынғы көз көргендер, жақын сырлас, —
деп, өлең айтып қайыр-зекет сұрайтын еді. Азапты көп кештік. Қорлықты көп көрдік. Бірақ қайсыбірін айтып тауысарсың...
1904-1905 жылдары ғой деймін, әйтеуір, менің жиырма жасқа келген кезім. Рязанов кетіп, Жұмабек төре арқылы Қарағандының ағылшын байларының қолына ауысқан кезі. Ағылшындар Рязановтан да қатал келді. Ақшаның орнына «ақ талон» деген пәле шықты. Нілдіден әкелген көктасты зауытқа өткізерде өлшейтін. Одан тағы да жейтін болды. Ол туралы мынандай өлең айтатынбыз:
Ағызып аязды күн көзден жасты,
Шанамен біз тартамыз ауыр тасты.
«Боқат» деп бір ұстаса, герьден екі
Қымқырған есепшінің қылығы асты.
Біз дағы талай қиғылықты салушы едік. Есепшілер мен қожайындарды үйлерінен суырып алып сабайтын кездеріміз де болатын.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі