Өлең, жыр, ақындар

Төле бидің сөзге тоқтауы

Жаздың ел жайлауға шыққан күндерінің бірінде Арқадағы құдаларына барып, қонақшылап келе жатқан Төле би қайтар жолда бұрыс болса да, Қазыбек бидің ауылына ат басын бұрады. Жанындағы жолдастарымен үлкен би Қазыбектің ордасына келіп, «сөйлес» қылғанда, ауылдас ағайынның дауына билік айтып отырған Қазыбек «біреуің шығып жолаушының жөнін біліңдер» дей қоймайды. Бұл өзі ешнәрсе демеген соң күтуші жігіттер де қозғалмайды.

Сыныққа сылтау іздеп жүрген қыңыр би көп күтсін бе, атының басын бұрып алып жөніне жүре беріпті. Сәлден соң билік сөзін байлап болған Қазыбек қызметшілерінің біріне:

— Жаңағы жолаушы кім болды екен, сыртқа шығып білші, — дейді. Бұл кезде Төле би атын жай бастырып, ауылдан дауыс жетерлік жер ғана ұзап кеткен екен. Бидің қызметшілерінің бірі белдеуге байлаулы тұрған аттардың біріне міне салып, қуып жетіп, Төле биді таниды да, алдынан шығып атынан түсе салып, сәлем береді де:

— Төле би ата, біздің би үйде, ордаға жүріңіз, — деп шылбырына жармасады.

— Жоқ, біздің жолымыз алыс. Бір барған жерімізге қайтып барып жүре алмаймыз, — деп атын тебініп қалады да, Төле жолдастарына: «ал, кеттік», — деп жүре береді.

Қызметші ордаға қайтып келгенде Қазыбек жігітін сөйлетпей-ақ:

— Біліп едім Төленің бұрылмасын. Бізден қателік болды. Бергі ауылдардың біреуі ме деп, қапы қалғаным-ай! Ол екі айтпайтын, айтқанынан қайтпайтын Төле ғой. Енді ол менің бұл қылығымды кез келген жерде бетіме басады-ау, — деп шын қынжылып, өкініп қалады.

— Өзіңіз бармасаңыз, ол қиқар шал бізді кісі құрлы көретін емес, — деді жаңағы жігіт.

— Айттым ғой, ол енді менің өзіме де қайырылмайды, — деді Қазыбек.

Әкесінің тізесіне басын сүйеп барлық әңгімені үнсіз тыңдап жатқан сегіз жасар Жолжақсы бала үй ішіндегілер бір сәт дағдарып қалғанда басын көтеріп алып:

— Осы үйдегі атамның асау ала тайын дәл қазір ұстап ерттеп беріңдерші, мен ол қисық шалды алдыма салып, сатырлатып қуып келейін, — дейді.

— Қой, қарағым, ол сенің қолыңнан келмейді. Атаң — өзім барсам да Төле қайырылмас деп отыр ғой, — дейді үлкендердің бірі.

— Иә, солай, Төкең айтқан бетінен қайтпайтын қатал адам ғой, — деседі үй ішіндегілер. Бала барамын деп болмайды. Манадан бері еңсесі түсіп, екі иығы салбырап кеткен Қазыбек бала сөзіне селк етіп:

— Баланың бетін қақпаңдар! Барыңдар да қалаған тайын ұстап беріңдер, — дейді.

Ала тартқан ала тайдың басын Төле би кеткен жаққа бағыттаған бала сай-сайды өрлеп, қырат-қырлардың тасасымен ала тайын құйғытып келіп, Төле би тобының қарсы алдынан шыға келеді. Ұлы бидің алдына тақап келіп тізгін тартқан бала сәлем берген соң:

— Мен мына ауылдың қозы баққан баласы едім, құрып қойған қақпандарымды қарап жүргенімде айырылып қалдым. Жол жөнекей көзіңізге қозы түскен жоқ па, ата? — дейді.

Көрмей қалдым ба дегендей жан-жағына мойынын соза бір қарап алған Төле би:

— Қарағым, бізге қозылар кездескен жоқ, — деді тізгінін жинап жүруге ыңғайланып.

— Ата, осы сіз Төле би атам емессіз бе? — дейді бала тайын тебіне түсіп жақындап.

— Болсақ болармыз, — дейді Төле би.

— Қозысы құрсын, кешке дейін бір тауып алармын. Сіз кездесе қалсаңыз, сұрап алармын деп жүрген үш сұрағым бар еді. Сұрасам жауап бересіз бе? — дейді бала.

— Сұрай ғой, — дейді би.

— Бірінші сұрағым ағайын арасының аласы туралы. Ағайын адамдар араздасып, бір-біріне ренжісіп жүреді. Олардың өкпесі немен тарайды, — дейді.

— Дұрыс айтасың, балам. Ағайын арасында араздық болып тұрады. Өзің күнде көріп жүрген ауылыңды алайық, ауылыңда адамдардың пейілі кең, дастарқаны мол, сабасы қымызға иіндеп тұратын бір үй болады. Сол үйге қымыз іше сен де барасың, мен де барамын. Сөйтіп жүріп тіл табысып, татуласып кеткендерін адамдардың өздері де білмей қалады, — дейді Төле.

— Екінші сұрағым: ерлі-байлылардың араздасып барып татуласуы еді, — дейді бала.

— Е, балам, бұл сұрақтың жауабын үйлі-баранды болғанда өмірдің өзі береді. Тақа білгің келіп бара жатса, айтайын, ерлі-зайыптылардың араздығы бір жұмадан аспайды, өкпелері төсекпен тарайды, — дейді би.

— Енді үшінші сұрағымды тыңдаңыз, ата, — дейді бала, — ата, аға мен іні біріне-бірі өкпелеп араздасып қалады ғой. Солардың өкпесі немен тарқайды? — дейді бала астындағы тайын тебініп, Төлеге жақындай түсіп.

— Иә, олар да араздасып тұрады. Бірақ аға — бордан, іні — зордан болады. Бордың атасы — тас, анасы — құм. Тас мүжіледі, құм үгіледі, іні кесірлі болса да, аға кешірімді болуы керек, — дейді Төле би.

— Талайды сөзбен табанына таптаған тәкаппар би, түстіңбе қақпаныма. Менің де естиін дегенім осы сөз еді. Жаңа ғана ініңнен бір білместік болып еді, соны кешірмей жоныңды сыртқа салып кетіп бара жатырсың. Бұр атыңның басын! — деп, бала Төле бидің атының шылбырынан шап беріп ұстай алады.

— Сен жеңдің, мен жеңілдім. Шылбырымды қоя бер, жетексіз жүріп отырайын, — дейді би атасы.

— Олай болса, менің бір шартым бар, ата, — дейді бала.

— Оныңды да тыңдайық, — дейді би.

— Бастығы би атамның өзі болып сіз қайырылмай өкпелеп кетті деп сандарын соғып қалғанда, мен: «қазір ол шалды алдыма салып сатырлатып қуып келейін» деген едім. Алдыма түсіп шауып отырсаңыз, мен соңыңыздан түсіп қуып отырайын, — дейді бала.

— Ол тілегің де болсын. Алдыңа түсіп шауып отырайын. Қуып отыратын сен ғой. Атымды ұрсаң ұр, өзімді ұрма, — дейді Төле.

Содан ала тайға мінген бала атағы алты алашқа белгілі биді алдына салып:

— Ендігәрі ініңе өкпелеп ақ орданы аттап кетесің бе? Түс деген соң, түс Қазыбек атамның ордасына, — деп айғай салып келе жатады.

Мұны естіген үйдегілер қаз дауысты Қазыбек бидің өзі бастап далаға шығып, Төле биге құшақтарын жайып аттан түсіріп алыпты.

Қазыбек балаға риза болып:

— Бұдан былай сенің атың «Төле биді сөзден тоқтатып, аттан түсірген тапқыр бала» болсын, — деп бата беріпті.


Пікірлер (2)

Мұндай әрекет, сөзге тоқтау тек қазаққа тән. Қайра

Бұл әңгімеде қаншама тәрбие, тағылым жвтыр.

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз