Қоңқа бидің жасынан жауға бірге аттанып жылқы алысқан, дауға бірге түсіп олжа табысқан Жыланкөз деген досы болыпты. Екеуі екі ауылдың адамы болғанына қарамастан, бір анадан туғандай тату өсіпті. Қоңқа қартайып, жетпістен асқан шағында:
— Қой, мен сол досымды бір көріп қайтайын. Жасымда бірге жүрген жолдасым еді ғой, амандық-есендік айтысайын. Досым әлді болса, сауын бие, жүк артатын түйе сұрап алайын, — деп жолға шығады. Жол үстінде бір бала кездеседі. Жөн сұраса ол да Жыланкөздің ауылына бара жатыр екен.
Олар жүріп келе жатып сәске түс кезінде көп жылқыны көреді. Жылқының көптігі соншалық — кіші бесінге дейін шетіне шыға алмайды. Сонда жолсерік бала:
— Ата, мынау жылқы қандай байдың жылқысы болды екен? Білесіз бе? — деп сұрайды. оған Қоңқа би:
— Қарағым, бұл нысапсыз деген байдың жылқысы, — дейді.
— Нысапсыз деген қандай бай?
— Балам, айтайын. Нысапсыз деген осы малды жия берген, өсіре берген, көбейте берген. Бұл нашарға, кедейге қайырымы жоқ, ат майын бермейтін байдың малы.
Екеуі одан әрі жүріп келе жатады. Кенет жалпақ далада жайқалып өсіп тұрған қалың егіннің үстінен түседі.
— Ойпырмай, ата, мынау қандай адамның егіні болды екен? Көз жауын алып жайқалып тұр ғой. Мынау бір байдың егіні-ау! — дейді бала.
— Ә, шырағым, бұл қайырсыз деген байдың егіні.
— Қайырсыз деген бай ма? Қай ел болады, ата?
— О, шырағым, оны айтайын. Бай бір өзі пәлен адам жалдап осынша жерді айдатты. Арзанға жұмыс істетіп, еңбегін бір жеді. Енді егінді біреудің еңбегімен орып, қырманға салады. Бастырып қамбаға құйды. Мұның бәрін өзі істемейді, біреуге істеттірді. Сонан соң елде астық болмай қалған жылы қымбатқа сатады. Өзі жан қинамай үйде май шайнап жатады. Ендігі жылы тағы егеді. Енді екі есе адам жалдайды.
Жылдан-жылға осылай кете береді, одан жұртқа пайда жоқ. Ел ашыққанда қымбатқа сатады. Мұның қайырсыз болатын себебі — осы. Түсініп ал, балам.
— Түсіндім, ата!
Екеуі келе жатса бір жерде көп адам жиналып, көр қазып жатыр екен.
— О, балам, — дейді Қоңқа би, — анау жиналған топ адам кімдер? Көзің жетік қой, қарашы? — дейді.
Бала қарайды:
— Ата, өлген адамды қойғалы көр қазып жатқан кісілер көрінеді.
— Ендеше, сен барып біліп қайт. Көметіндері өлген адам ба екен, тірі адам ба екен, соны сұрағын.
Бала шапты да кетті. Барып көр қазып жатқандарға сәлем берді.
— Сіздердің жерлейтіндеріңіз өлген адам ба, тірі адам ба?
Кісі өліп, жаны күйіп тұрғандардың біреуі:
— Не деп былшылдайды мынау? — дейді, екіншісі келіп қамшымен басынан салып жібереді.
— Иттің баласы, не оттап тұрсың?!
Бозбалалардың екі-үшеуі жабыла кетіп еді, бір қариялау кісі:
— Тоқтаңдар! — дейді айқайлап. — Әуелі жөн сұралық. Қайдан келе жатқан бала екен, білейік.
Бала жөн айтады.
— Балам, сен не дедің?
— Мен көміп жатқандарыңыз өлі адам ба, тірі адам ба дедім.
— Қарағым, осы сөзді өзің айтып тұрсың ба, жоқ басқа біреу айтқызды ма саған?
— Қасымда үлкен кісі бар еді. Сол кісінің атқосшысы едім. Мені осылай сұрап кел деп жіберіп еді.
— Апырм-ай, мұны сұраған қария тегін адам емес екен-ау! Қой, баланы ұрмаңдар, жігіттер. Мұнда бір мән бар. Сол қарияны біреудің барып шақырып келіңдер.
Екі жігіт қуып жетіп, сәлем беріп:
— Ақсақал, бір қадірлі адамымыз қайтыс болып, соны қойып жатыр едік. Ілгерінің жолы, өлікке Құран оқып аттаныңыз, — дейді. Қоңқа би:
— Ә, онда болса, жарайды, — деп атының басын бұрып келеді. Өлікті қойып болған соң, көпшілік:
— Ақсақал, алыстан келе жатыр екенсіз. Өзіңіз де бір қадірлі кісі көрінесіз. Бұл кісі де қадірлі адамымыздың бірі еді. Мына баланы бізге жіберген екенсіз. Бала шауып келді де бізден:
— Қойып жатқан өліктеріңіз өлген өлік пе, болмаса тірі өлік пе? — деді. Соны көріп шыдай алмай осында тентек боз балаларымыз қол көтерді. Баладан мұның қалай деп сұрадық, «өзің бе, жоқ, саған біреу үйретті ме» деп еді, «сол кісі сұра деді» деп шынын айтты.
— Ә, дұрыс.
— Сізден сұрайтынымыз, мұны қалай айттыңыз? Бұл өлі өлік пе, жоқ тірі өлік пе дегеніңізді түсіндіріңіз?
— Ә, оны дұрыс сұрайсыңдар. Тірі өлік пе дегенім — артында өзіндей болатын бала-шағасы бар ма, ас-су беретін мал-жаны бар ма дегенім. Ал өлі өлік пе дегенім — өзіндей боп өсетін артында бала-шағасы жоқ болса, мұның аты шын өлік, шырақтарым. Осының қайсысы екенін білгім келіп еді. Бұл өлік осының қайсысы?
— Уә, ата, артында баласы бар, ас-суына жарайтын мал-жаны бар, дәулетті кісі.
— Ауылға жүріңіздер, мейман болыңыздар, — дейді көпшілік.
— Шырақтарым, маған ауылға қонуға болмайды. Мен түздің адамымын, — дейді Қоңқа қарт. Жолда келе жатып бала:
— Ата, түздің адамымын дегеніңіз қалай? — деп сұрайды.
— Қарағым, өзің аңғарымпаз, адал бала екенсің. Сенің атың кім?
— Атым — Төле, ата!
— Төле, қарағым, түздің адамымын дегенім — көпшіліктің, халықтың адамымын дегенім. Бата берейін, сені түзде кездестіріп, серік болдым. Мен секілді сенің де өмірің түзде өтсін, түздің адамы бол, балам, — деп бетін сипайды қарт.
Төле есейген соң жол үстінде жолыққан Қоңқа қартты үнемі құрметпен еске алып, өзіне ұстаз тұтқан екен.
Аружан
Өте жақсы