Бір байдың алақанына салып аялап өсірген жалғыз қызы болыпты. Жалғыз да болса жүзге татитындай ақылына көркі сай болып өскен екен. «Қыз өссе, елдің көркі» деген рас, бай қызының ақыл-көркі аңызға айналып, төңірегіндегі аяқ жетер жерден арнайы ат сабылтып келушілер көбейді. Малына сенген байлар, әліне сенген батырлар сөз салады. Жалғыз перзенті болған соң, бай қызының қас-қабағына қарап, өмірлік жар таңдау еркін өзіне береді. Ал қыз болса анау-мынауға көңілі толмаған сыңай танытып, «теңім емес» деген жауаппен тойтарып тастай береді.
Сонымен, күндер зулап, жылдар жылжып өтіп жатады. «Кербез қыз» атанған бай қызының көңілінен шығар ешкім кезіге қоймайды.
Әрине, бұл жағдай алдымен ата-анасын алаңдатып, кербез қыздан жеңгелері арқылы шешесі «не ойлағаны бар екен?» деп сыр тартады. Сонда қыз: «Ертеңімді ойламай кергіп жүрген жайым жоқ. Бірақ көрінгеннің етегінен ұстамай, көңілім құлаған біреуге тағдырымды тапсырсам ба деп едім. Ата-анама ризамын, жарық дүние сыйлады, әлпештеп өсірді, еркімді өзіме берді, соның арқасында ел ішіне «Кербез қыз» атым жайылды. Ендігі ойым, менің осы кербездігімді кімде-кім сыбызғы тілінде жеткізе алса, жанымды түсінетініне көзім жетіп, соған барар едім» дейді.
Қыз ниеті ел ішінде тез тарайды. осыдан кейін-ақ бай ауылына жорға мінген бай да емес, найза ұстаған батыр да емес, енді небір нәнталап сыбызғышылар ағылып келе бастайды. Кербез қызға көпке дейін бірде-бір сыбызғышы ұнамайды. «Жай тақпақ, белгілі сарын» деп жақтырмай қайтара береді.
Содан күндердің күнінде кедейқолдылау киінген қарапайым бір жігіт келіп, «Кербез қыздың көңілін өсірейін, кербездігін сыбызғыма көшірейін» деп күй тартады. Кедей жігіттің күйі қыз көңілінен шығып, екеуі көңіл қосады. Бұған қыздың ата- анасы да риза болып, ұлан асыр той жасайды.
Сонда тартылған осы «Кербез қыз» күйі еді дейді.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі