Баяғыда бір шал мен оның жалғыз қызы болыпты. Олардың күн көретіні де жалғыз нар екен: ішсе асы, мінсе көлігі. Күндердің күнінде сауып отырған түйесінің ботасы өліп қап, қызы мен әкесі ас-сусыз қалады. Үйлерінде үнем жоқ, аштан өлуге айналады, шал не істерін білмей қатты қапаланады. Ақылды қызы оны жұбатып: «Әке, қайғыра берме, Құдайдың бір жақсылығы бар шығар, шыдай тұрайық», — дейді екен. Сол айтқан сөзін естігендей күн сәскеге көтеріле кедейдің үйіне екі жолаушы келіп түсіпті. Келген ақсақал қарт кісі де, жанындағы жас жігіт те домбырашы болып шығады. Қыздың әкесі өзегі талып, өлімнің аз-ақ алдында отырған жайын қонақтарына айтып беріпті. Қарт домбырашы екі сөзге келмей «қызыңды маған қисаң, нарыңды ботасыз-ақ иітіп беремін» деген. Бұл сөзді әкесі қызына келіп айтады. Сонда қызы: «Бетін қайтарма, әке. Әуелі түйені идірсін, қалғанын көре жатармыз» дейді. Күйші қызға: «Қарағым, көнегіңді алып барып, желінін ұстап дайын отыр» деп, домбырасының құлақ күйін келтіреді. Сосын түйенің жанына барып тарта жөнелгенде, домбыра «қос, қос» деп сөйлеп қоя береді. Бір кезде қыз түйе иіп, емшегіне сүт келе бастағанын байқайды, бірақ шалға тигісі келмеген ол, сүті ағып кетпесін деп үрпісін саусағымен қысып ұстап отырады. «Қалай?» деп ымдаған қарияға әлі сүт келген жоқ деп ымдайды, қыздың жайын қабағынан ұққан жігіт домбырасын алып, енді ол тарта жөнеледі. Сол кезде сүт қысқан желінді қоя беріп еді, сүт көнекке сауылдап төгіле бастады. Қарт домбырашы бұған аң-таң қалады. Отағасы өзінің берген уәдесін орындап нарды иіткен жігітке қызын береді. Сол түйенің сүтін азық етіп, әкесі, қызы, күйеу баласы үшеуі ештемеден тарықпай көзін сатып ешкімге телмірмей, көңілі де, қарыны да тоқ болып өтіпті деседі.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі