Өлең, жыр, ақындар

Кенесары — Наурызбай

Орыс әскерімен белдесуге күш жию үшін:

Қамауда жатып хал болмас,
Қасыңа қалың ел қонбас, —

деп, Кенесары соңынан ерген елімен, батырларымен Ілені кесіп өтіп, Шу бойын өрлей көшпеді ме? Сонан Қордайда шапырашты Тойшыбек батырдың ауылына тоқтайды ғой. Атағы жер жарған Кенесары, Наурызбай келді деген соң, ұлы жүз елі қалмай жиналады. Күні-түні Кененің ауылын босатпайды. Дулаттың батыры Сыпатай да, шапыраштының ерлері Саурық, Сұраншы да, қоңыраттан шыққан Байзақ та, төре рүстем де қалмай келеді. Кенесары екі күн ұдай ешбір адаммен сөйлеспей, маңдайын ұстап, ауыр ойланып, төмен қарап отырып алды. Рүстем төре
де, Сыпатай батыр да Кенесары отырған ақбоз үйдің алдынан анадай жерден түсіп, «алдиярлап» қолын қусырып, рұқсат сұраудан басқа бір ауыз тіл қата алмаған. Келгендердің бәрімен Наурызбай ғана сөйлескен. Сонда 19 жасар жас батыр Сұраншы атының басын Кенесары отырған үйге тіреп тұрып, есіктің маңдайшасын көтеріп, былай депті:

— Хан бетін басып, басын тұқыртып, неге төмен қарай береді? Біз ұялшақ қатын көргелі келгеніміз жоқ, ондай қатындар ауылымызда жеткілікті, біз ел бастаған, жау жасқаған батырды көргелі келдік, — депті. Сонда Кенесары басын жұлып алып:

— Уа, ерім екенсің ғой, атыңнан түсіп, жоғары шық, —  депті.

Сұраншыға оң тізесін беріпті. Сонан кейін барып Сыпатай, Рүстемдер де «алдиярлап» үйге кірген екен. Бірақ Кенесары олардың бірде бірімен жылы сөйлеспей, өзінің үйіне баса-көктеп кірген ер жігіттермен ашылып сөйлесіпті.

Он жеті жасар Байсейіт батыр да атымен құйғытып шауып келіп, Кенесарының отырған үйінің дәл табалдырығының алдына тоқтапты. Әкесі Тойшыбек:

— Бұл не бейбастылық, сен ханды басынамысың? — деп шыға келіп ұрысқан екен, Байсейіт кимелеп:

— Мен хан деп келгем жоқ, батыр деп келдім, батырдан батыр қорықпайды, — деп үйге кіре беріпті. Кенесары бұған да оң тізесінен орын берген.

Кенесарыға еріп келген өңкей батырларға Жетісудың кілең айбынды ерлері қосылып, Алатауды сілкінткендей бір қалың қайратты қол құралады...


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз