Өлең, жыр, ақындар

Ақ бата

Бір күні таңертеңгілік қой өргенде Балпықтың зайыбы Сұлушаш малға барса, ең соңында малға ілеспей, қайта-қайта маңырап, малының басы көкқасқа қошқар тұрып апты. Сұлушаш күндігін салып жіберіп, жетелеп кеп үйінде қонақ болып отырған Ескелдіден бата сұрапты.

Ескелді би белдігін мойнына бос тастап:

— Иә, Құдай, мені шын Ескелді ғып жаратқан болсаң, келер жылдың осы уағына қаратпай, Балпыққа осы көкқасқа қошқардай ұл бер! — деп бата жасапты.

Келер жылы Балпықтың бауырлары «шүйінші» сұрап алдымен Ескелдіге келген екен, ол үш бестілік нар түйе жетелетіпті. Өзі жора жолдастарымен «бауы берік болсын» айта келіп:

— Өскен ауыл едік, Құдай біздің жолымызды берсін! —  деп сәбиге өз әкесі Жылкелдінің атын беріпті.

Әйгілі колхоз құрылысының қайраткері, екі дүркін Социалистік Еңбек Ері атағын алған Алдабергенұлы Нұрмолда марқұм сол Жылкелдінің шөбересі көрінеді.

 


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз