Өлең, жыр, ақындар

Екі салдың бәсекесі

Жамбыл облысында он тоғызыншы ғасырдың аяқ кезінде бір байдың асы болып, үлкен жиын болған екен. Сол көп жиынның ішінде Оңтүстік Қазақстаннан бір сал, Арқадан бір сал келген екен. Ол екеуінің де өзге жұрттан сән-салтанаты ерекше болып, көпшіліктің көңілін аударса керек.

Ұлы жүздің жігіттері:

— Біздің оңтүстіктің салының салтанаты, ат-тұрманы, киімі артық.

Арқа елінің жігіттері:

— Арқаның салының салтанаты артық, — деп бәсеке, талас сөздер болса керек. Сол топта арқаның салы былай депті оңтүстіктің салына:

— Ертең екеуіміз адам баласы кимеген киім, адам баласы мінбеген атқа мініп келеміз. Мақұл ма?

— Мақұл.

— Ертең түсте осы топқа келеміз, — десіп кетісті.

Ел асыға күтуде. Салдың киген киімі мынандай еді: шұбатылған кең шалбарының балағының ішіне бір қыз сыйып отырады екен. Торғыннан, жібек шағилардан тіккен киімдерінің айналасын оқаланған, баста үкілі құндыз бөрік, кестелеп, маржандап, моншақтап оқалаған. Мінгендері жорға, үстінде кестелі кежім, жалын дейін маржандап безендірілген, үстінде сом күміс ер-тоқым, құйысқандап, өмілдіріктеп тасталған. Бір түйеге екі сандық артқан, іші толған асыл киімдер, жолдастары да біркелкі киінген. Халық екі салдың келуін күтіп, ертеңін де түс болмай жиналды. Топтың бір шетінен оңтүстіктің салы келді. Астында шоқтығына қол жеткісіз боз жорға арғымақ, төрт аяғына күміс білезік салған, жал-құйрығын оқалаған қоза маржанмен оқалаған кежім, үкілеп тастаған. Үстіне киген киім де кешегі киімнен екі есе артық киінген. Жолдастары да бір түсте киініп, бір түсті аттар мінген. Ел таңғалып тұрысады. «Мынадан Арқаның салы қалай артылта алар екен» деп, оңтүстік жігіттері көтеріліп тұр.

Халық енді Арқаның салын күтуде, ол бұдан артық қандай салтанатпен келер екен деп. Бір кезде келе жатқан тобы көрінді. Ылғи ақбоз ат мінген, ақ киім киген, қатар түзеп, салтанатпен келе жатыр. Сал көрінбейді. Халық тобымен күтіп тұр. Жақындап келгенде салдың жолдастары
қақ жарылып, ортасынан Арқаның салы шыға келді. Астында күміс ер-тоқым ерттелген қабан шошқа, күміс жүген, үстінде кежім жапқан, маржандап, оқалап, өмілдіріктеп тастаған. Ал үстіне кигені құрым киізден шапан, шалбар, қалпақ тіктіріп киіпті. Айналасын оқалап, құндыз ұстап әдемілеген. Ел мұны көріп тіпті тамашалады. Арқаның салы юктің салына:

— Біз кеше уәделесіп едік қой. Адам баласы кимеген киім, адам баласы мінбеген ат мініп келейік деп. Ал сенің мына арғымағыңды әркім мінеді. Мына киімдеріңді де әркім киеді. Ал мынандай құрым киізден киім киіп, шошқа мінген адам баласы жоқ шығар, — деп Арқаның салы жеңіп кетіпті.

Мың тоғыз жүз елуінші жылы Шымкент қаласында тұратын Жаролла Сатыпалдиев бала кезінде көрген екен. Сол қарттан естіген әңгіме.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз