Өлең, жыр, ақындар

Әпенді мен үш ұры

Бір жолы Қожанасырдың бағына үш ұры түсіпті. Бақ ішіндегі тасыр-тұсырды естіген Қожа:

— Қатын-ей, шам жақ, баққа түскен кімдер екен қарайық! — дейді. Қожайындарды көрген ұрылар тұра қашпақшы болғанымен көзге түсіп қалады. Ұрылардың біреуі тез арада бір ағашқа жабысады да, демін ішке тартып, үнсіз тұрып қалады. Екіншісі шіріген жапырақтардың арасына жасырынады. Үшіншісі жол үстіне сұлап түседі.

Әпенді ағашқа жабысып тұрған ұрыға барып:

— Сен кімсің, менің бағымда не істеп жүрсің? — дейді. Үн жоқ. Екінші рет сұрайды. Ұры байғұстың қорыққаннан тілі таңдайына жабысып, а деп аузын ашуға шамасы келмейді. Қожа үшінші рет сұрайды шақырылмаған қонақтан «неткен жансың?» деп. Ақыры есін жиған ұры:

— Мен ағаш ұлуымын, — дейді.

— Мұндай рабайсыз зор ұлуды бірінші рет көріп тұрмын, —  деп күледі Әпенді.

— Биыл жауын-шашын мол болып, содан сорайып өсіп кеттім, — деп түсіндіреді ұры.

Қожа басын шайқап, шіріген жапырақтардың арасында жүресінен отырған ұрыға келеді.

— Ал сен кімсің, менің бағымда неғып жүрсің? — дейді Қожа.

Үн жоқ. Екінші мәрте сұрайды. Ұры жұмған аузын ашпайды. Үшінші мәрте Қожа сұрағын қаттырақ айтады. Манағы дан да күлкілі жауап естиді.

— Мен улы саңырауқұлақпын...

— Ой, қатын-ай! — деп ішек-сілесі қатады Әпендінің. — Мына зор саңырауқұлақты қарашы!

— Мен қара шірік бар жерде өсемін, міне, сонда сорайып өсіп кеттім.

Қожа «саңырауқұлақ» жаққа түкіре бергенде, жол үстінде сұлап жатқан тағы біреуді көреді. Ол тағы да үш мәрте мұның кім екенін сұрайды. Үшінші мәрте сұрағанда ғана жауабын естиді.

— Мен өлікпін, — дейді ұры.

— Өліктер сөйлей алмайды ғой, — дегенде, ұры:

— Өздерінің өлік екенін ұмытқан кезде сөйлей бастайды! —  дейді ол. Молда бұл сөздерге ішек-сілесі қатқанша күледі, тіпті шам да сөніп қалады. Шам сөнгенін пайдаланып үш ұры шарбақтан секіріп тұра қашады.

— Ей, қатын, жүр ұйықтайық, баққа ешқандай ұры түспепті ғой, — депті сонда Әпенді.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз