Дінмұхамед Қонаев- ұлы тұлға.

Қазақстан тарихында ерекше орын алатын тұлғалардың бірі – Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев. Оның ел дамуына қосқан үлесі зор. Мен жақында Д. Қонаев музейіне барып, қазақ халқының көрнекті мемлекет қайраткерінің өмірі мен қызметі туралы көптеген қызықты мәліметтермен таныстым.

Музейге кірген сәттен бастап ерекше әсер алдым. Ғимараттың іші тыныш әрі тарихи атмосфераға толы екен. Алғашқы залда Қонаевтың балалық шағы мен білім алған жылдары туралы деректер қойылыпты. Мұнда оның мектеп кезіндегі суреттері, құжаттары және отбасына қатысты материалдар көрсетілген. Бұл деректер арқылы оның қарапайым отбасынан шыққанын және еңбекқор болғанын түсіндім.

Келесі бөлімде Дінмұхамед Қонаевтың мемлекеттік қызметтегі кезеңі туралы экспозициялар орналастырылған. Онда оның жұмыс үстелі, пайдаланған заттары, марапаттары және ресми құжаттары бар. Әсіресе оның Қазақстанды басқарған жылдарындағы жетістіктері туралы мәліметтер қызықты болды. Сол кезеңде елімізде көптеген зауыттар салынып, қалалар дамып, ғылым мен мәдениет өркендегені айтылған.

Музейде Қонаевтың жеке өміріне арналған бұрыш та бар екен. Онда оның кітаптары, қолжазбалары, күнделікті қолданған заттары қойылған. Бұл заттар оның қарапайым, кішіпейіл адам болғанын көрсетеді. Сонымен қатар музей қызметкері бізге Қонаев туралы қызықты деректер айтып берді. Ол кісінің халықпен жақын болғаны, әділдігі мен адамгершілігі туралы мысалдар келтірілді.

Музейге саяхат мен үшін өте пайдалы болды. Мен Қазақстан тарихындағы маңызды тұлғаның өмірімен жақынырақ таныстым. Бұл сапар маған өткенді құрметтеуді және елге қызмет етудің маңызын түсіндірді. Осындай музейлерге бару әр адамға қажет деп ойлаймын, себебі олар тарихты тереңіретүсінуге мүмкіндік береді.

Қорытындылай келе, Д. Қонаев музейіне барған күнім ерекше әсерлі өтті. Мен бұл жерден көптеген жаңа мәліметтер алып, тарихи білімімді толықтырдым. Болашақта тағы да осындай тарихи орындарға барғым келеді.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің логистика мамамандығының 1 курс студенті-Таукешова Назым  

Қазақстан тарихы кафедрасының доценті-Джолдыбаева У. М


WhatsApp Telegram

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз