Қорқыттың кіндік қаны тамған ата мекені Қараспан тауы еді дейді. Ол дүниеге келерде анасы құлан етіне жерік болып, құрсақтағы баласын үш жыл тоғыз күн көтерген екен. Сол үш жылдың әр жылында толғақ қысып, дүниеге нәресте келетіндей қамданып, Қорқыттың анасы бөбеу қаға қиналатын болған. Бірақ бірінші жылы да, екінші жылы да бала тумайды.
Содан үш жыл тоғыз күн дегенде Қорқыттың анасын шын толғақ қысады. Бұл жай толғақ болмайды, дәл сол күні Қорқыттың анасымен бірге бүкіл дүние қоса толғатып қиналғандай, көк жүзін түнерген қара бұлт торлайды. Күн күркіреп, найзағай ойнап, дауыл соғып, дүниенің астан-кестеңі шығады. Мұның бәрін дүниеге келер нәрестенің киесіне жорыған жұртты үрей билейді.
Бұл жөнінде ел есінде сақталған мынандай сөз бар:
Қорқыт туған кезінде
Қара аспанды су алған,
Қара жерді құм алған.
ол туарда ел қорқып,
Туғаннан соң қуанған!
Шынында да, Қорқыт туысымен жел тынып, бұлт ыдырап, күн шығып, дүние тіршілік маужыр күйге түседі. Жұртшылық мұны да жақсы ырымға балап: «Бұл бізді қорқытып дүниеге келген бала болды, есімі Қорқыт болсын!» — деп, құлағына үш рет айқайлап, атын Қорқыт қояды.
Қорқыттың дүниеге келуі қандай бөлек болса, оның өмірі де сондай ерекше болады. Жастайынан ұшқан құс, жүгірген аңға, соққан жел, жауған жауынға ден қойып, табиғатпен тілдес болып өседі.
Күндердің бір күнінде, бойы өсіп, бұғанасы қатқан Қорқыт түс көреді. Түсінде ақ сақалы беліне түскен, ақ таяғы көк тіреген әулие қарт аян береді: «Уа, Қорқыт, тұр! — дейді әулие. — Сен бір аспап жаса. Аспабың алты жасар нар атанның жілігіндей болсын, шанағы қара бақырдай болсын, көні аруананың бауыр терісінен болсын, тиегі ор текенің мүйізінен болсын, ішегі бесті айғырдың құйрығынан болсын. Аспабыңның аты қобыз болсын. Сол қобыз қиялыңа қанат, жолыңа шырақ, жаныңа араша болар!»
Қорқыт осы сөзді өңінде естігендей болып оянса, көкірегі күйге толып, көмейінен сөз саулағандай халде екен дейді. Сол бетінде қобыз жасауға кірісіп, әулиенің қойған барлық шарттарын орындайды. Сонан соң қобызды қолына алып, құлағын бұрап, қияғын шалып көрсе, сарнап қоя береді. Әлгі көкірегін кернеген күй қобызына көшіп, аспан асты сазды сарынға бөленеді. Ұшқан құс, жүгірген аң, ескен жел — бәрі сүттей ұйып, қобыз күйін тыңдайды.
Қорқыт тартқан көп күйдің бір қайырымы осы екен.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі