1841 жылдың қысы қылышын сүйрете келіп, ақсүйек жұттың нышаны белгі бере бастайды. Мал сүмесімен күн көріп отырған Арқа қазақтары абыржыңқы күй кешеді. «Жұт жеті ағайынды» дегендей, қардың қалыңдығына, малдың өлім-жітіміне, ит-құстың молаюына, ұры-қарының білінуіне қоса терістіктен тұрған үскірік жел жыландай ысқырып басылмай қояды. Мал мен жанның апшысын қуырған қарлы боран Алшымбайдың да көп жылқысын ықтырып, көрші рулардың қорық-теппесіне алып келеді ғой. Аштық атасын таныта ма, Алшымбайдың ыққан жылқысы қорықтарды талап, тақырлағаны былай тұрсын, ауыл-ауылдың үстін басып, арық-тұраққа деп жинаған көпен-шөмелелеріне ауыз салады.
Алшымбайдың жылқысы екенін білсін-білмесін көз алдында бөтен малдың аяқасты болып отыра ма, ауыл адамдары ығып келген көп жылқының алдын жасқап, бұрып жібереді. Сол бетінде ыққан жылқы Қарасор көлінің бықылдап жататын сорына тіреліп, біразы шығын болады ғой.
Мұны естіген Алшымбай «жылқыларымды әдейі бақастық пен сорға түсірді» деп, көрші ауылдардан өлген малын өндіртіп алу үшін төңіректің би-болыстарын жинап, салмақ салады. Берсе — қолынан, бермесе — жолынан алатын, өктемдігін жүргізіп қалған Алшымбайға ешкім қарсы келе алмай, қиналған көпшілік араша сұрағандай, елдің жаңа талап жас биі Тәттімбетке кісі жібереді.
Көптің сәлеміне құлақ асқан Тәттімбет келгенде Алшымбай би елдің апшысын қуырып, би-болыстарды ықтыра сөйлеп отырса керек. Тәттімбет Алшымбайдың жасының үлкендігін сыйлап, сөзін бөлмей шеткерірек отыра кетеді.
Сонда Алшымбай дегенін арындататын үкім сөзін бітіре бергенде Тәттімбет:
— Дат, Алшеке! Үкіміңізге қосарым бар! — дейді.
— Айт датыңды! — деп Алшымбай ошарыла бұрылады.
Сонда Тәттімбет:
— Алшеке, жалғыз Айбике емес, жапсар жатқан Шаншар да, қала берді Қарқаралы, Қуды ен жайлаған иісі Қаракесек сізді төбесіне көтеріп, дуалы ауыз, тура би деп біледі. Дуалы ауыз, тура би деп танып, тағдырының тізгінін қолыңызға ұстатып отыр! Ол ол ма, ықпалыңызға жүргізем десеңіз, Қарқабат анасын ұрандас кеткен бір шоғыр Қаракесек былай тұрсын, қырық сегіз болыс Майқы-Бошанға, одан асып Арғынға айтқаныңыз өтеді. Япырау деймін, осынша билікте отырып, неліктен терістіктен соғар үскірікті алдын ала болжамадыңыз! Қалайша жұрттан асқан құдіретіңізбен болжап, өз малыңыз ғана емес, төсекте басы, төскейде малы қосылған ағайынға қамқор бола алмадыңыз. Біле білсеңіз, мұндай үлкен міндет елдің сіздей үлкеніне лайық емес пе еді. «Тас түскен жеріне ауыр». Сіз білмегенді сіздің панаңыздағы қара халық қайдан білсін?! Боранның соғарын, жылқының ығарын, ыққан жылқының сорға түсерін болжап, біліп отырудың жолы Сіздікі емес пе?! Менің қосарым — боранда ығып, сорға түскен жылқыны осы ел бөліп төлесін-ақ. Ал осынау қалың елдің биылғы жұтта өлген жылқысын, жұттың боларын болжамағаныңыз үшін сіз төлеңіз. Ол болмаса үкім бұзылсын! — деген екен.
Алшымбай өзінің белден басып, артық кетіп отырғанын мойындап, Тәттімбеттен тосылған екен дейді.
Бұл Тәттімбеттің жұт жылы басынан өткен бір сәттік қана оқиғасы. Ел басына түскен ауырлықта Тәттімбет мұнан басқа да көп қажыр көрсетеді. Ел атынан омбыға барып, аштыққа ұрына бастаған елдің ес жиюына ерекше ықпал етеді.
Кейін осы оқиғаны есіне алып, төрт түлік малдың төресі нарды шөктірген ауыр жұт туралы «Нар шөккен» деген күйін шығарып еді дейді.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі