Қазақ музыкасымен жете таныс болмаса да, қазақтың әншілерін, күйшілерін көп тыңдап, біраз көзі ашылып қалған Лавочкин, күй тыңдап болғаннан кейін Құрманғазыға өзінің сезгенін, алған әсерін айтады. Досының өз ойынан шыққанына Құрманғазы да риза болады. Олай дейтініміз — күйдің ортасында келетін ат шабыс ырғағы күйшінің анасына деген барлық жылылығымен бірге, қашу да ойында барлығын меңзегендей болады. Екі тұтқын музыка тілінің мұндай өткірлігін тағы біраз әңгіме етіп, күлісіп те алады. Жаман домбыраның біраз қолқабысы тигенін де айтып, музыканың адамды рухтандырып жіберетін қасиетіне тоқталады. Осы кезде түрме қараушылардың бірі Лавочкинге оның шешесі келгендігін айтады. Ол түрме бастықтары рұқсат еткен бөлмеге барып шешесімен көріседі. Шешесі пісіріп алып келген тамақтарын баласына береді. Бір нанның ішінде болат ара барын ыммен білдіреді. Шешесі қоштасып кеткен соң, Лавочкин тамақтарды камераға алып келіп, болған жайды Құрманғазыға баяндай ды. Екеуі қашу жоспарын жасап, ол ойларын өздерінше іш тартып жүрген, баяғы домбыра алып келіп берген күзетшіге білдіреді. Ол бұларға жәрдемдесуге уәде береді. Бір түнде екеуі болат арамен кісендерін кесіп, қашуға дайындалады. Қашу жоспары әбден піскен соң, Құрманғазы көңілденіп: «Бұл оқиғаны да ескерусіз қалдырамыз ба?» — деп тағы күй шертеді. Бұл күйді тыңдаған Лавочкин Құрманғазыға: «Е, нағыз қашатын күй мынау ғой, әкімдердің біреуі естіп, ойымызды біліп қалар, жетер», — деп күліп тоқтатады. Сонымен күйдің аты «Түрмеден қашқан» болып кетеді.
Шынында да, «Түрмеден қашқан» күйінде басынан аяғына дейін тынымсыз атшабыс ырғағы бар. Екпіні еш уақытта әлсіремейді. Баса қуғаннан аяғына бірақ шығады. Күйдің жылдамдығы сондай — жеке домбырада тартатын шеберлердің бәрі бірдей өз екпінінде «Түрмеден қашқан» күйін аяғына шейін тартып шыға алмайды. Ал оркестрде өз екпінінде таза тарту тіпті қиын.
Айтушылар Құрманғазы осы күйді тартып отырғанда, түрменің тұсынан бір шенеуник өтіп бара жатыр екен. Ол тұра қалып күйді басынан аяғына дейін тыңдап болып, басын шайқап: «Мына бір қазақтың домбыра тартысы маған ұнамайды, қашып кетіп жүрмесін, мықты болыңдар!» — деп түрме бастықтарына айтып кеткен екен дейді. Осы хабарды әлгі достасып жүрген күзетші арқылы Лавочкин естіп барып, Құрманғазыға қалжыңдаған деседі. Ал «Түрмеден қашқан» күйінің қандай жағдайға арналып шығарылғанын айтпаса да, музыканы түсінетін адамдар оның дыбысынан тарсылдаған тұяқ дыбысын естиді.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі