Өлең, жыр, ақындар

Аман бол, шешем, аман бол

Көпшілік тараған соң, Алқа баласына өзінің көптен ойлап жүрген бір ойын оңашалап айтады. Ол Құрманғазының жасы болса келе жатқанын, енді Әубәкірдің әбден жауласып алғанын, күйшінің бұл арадан тағы біраз уақыт тасалана тұрмаса болмайтынын айта келіп, өткен жазда төркініне бара жатқанда Есенқұл беріш игіліктің үйіне түсіп, қызы Әуесті Құрманғазыға атастыру жөнінде игілікпен сөйлескенін, малдан жарлы болса да, баласының өнері бар екенін, халық ауызында тек жақсылық сөздерімен ғана айтылатынын, әкімдердің «ұры», «қарақшы» деп жүргенінің шын сырының неде екенін айтқанын баласына баяндайды. Әзірше қолда бар үш-төрт қарасын беріп, Құдай қосқан құда болатынын тұжырыңқырап айтып та салды. Әкесі Сағырбайдың жасы келіп қалғанын, енді өзінің де немере көретін кезінің жеткенін қосып қояды. Ардақтап, ақ сүтін беріп өсірген анасының сөзіне Құрманғазы «үндемеген — ризалықтың белгісі» дегендей пішін көрсетеді. Іштей бәрін түсінген Алқа жаз шыққандай жадырап табанда Сағырбайға айтты. Қарт әке де қуанып қалды. Бірақ баласының тағы да жиһан кезіп кететіні әсіресе анасының дегбірін қашырды. Соңғы бірнеше түн Алқа ұйықтай алмайды. Торы атты ерттеп жолға жиналған Құрманғазы үйден шығар алдында домбырасын қолына алып, қадірлі анасына қоштасып, бір күй тартады. Шығарып салуға жиналған достары күйдің атын сұрамай-ақ білді. Өйткені бұл күйдің басындағы бірінші бастамасының өзі «аман бол, шешем, аман бол» деп қақсап тұр еді. Күйде жабығу кейпі атымен жоқ болатын. Құрманғазының бұл күйі жайбарақат басталып, тіпті қайнына аттанып бара жатқан күйеудің шабытындай көтеріңкілік жағдайда еді. Тек кейбір жерлерінде күйші аздап кідіріп қалып, дыбыстарды нақтағанда ата-анасын, алтын босағасын қимағандық кейпіндегі дыбыстар ғана шығып, көп ұзамай баяғы «аман-есен оралармын, ешнәрсе ойламаңдар» деген сияқты болашағына сенім бар еді. Айтушылар Құрманғазы осы жүрер алдында «Ертең кетем» деген күй шығарған екен. «Ертең кетем» күйінде домбыра кәдігімгідей «ертең кетем» деп
сөйлеп тұрғандай дейтін.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз