Өлең, жыр, ақындар

Қожанасырдың түс көруі

Қожанасыр бір күні ұйықтап жатып мынадай түс көріпті. Түсінде Қожанасырды хан алдына шақырып алып:

— Сенің сұлу әйелің бар деп естідім, сол әйеліңді қиып маған өзің әкеліп берсең, бас уәзір қылып аламын, — депті. Бұл сөзге Қожанасыр көп ойланбай-ақ:

— Құп, болсын, тақсыр, бірақ қасыма отыз тоғыз уәзіріңізді ертіп, мені бас уәзір етіп жіберіңіз. Әйтпесе әйелім нанбай жүрер, — депті. Хан бұл сөзді мақұл қылып, отыз тоғыз уәзірін ертіп, өзін бас уәзір қылып, үйіне қоя беріпті. Қожанасыр уәзірлерін ертіп, үйінің алдына келіп уәзірлеріне:

— Сендер тұра тұрыңдар, мен әйелімді өзім ертіп шығайын, — деп үйіне кіріп барыпты да:

— Қатын, қатын, тез киін де жүр, сен ханға қатын болатын болдың, мен бас уәзірі болатын болдым, — деп оянып кетіпті.

Әйелі ұйқылы көзімен әлгіндей деп тұрған Қожанасырға:

— Сен не деп сандырақтайсың, бейшара саған ұйықтағанда да тыныштық болмайды екен, — десе, Қожанасыр орнынан атып тұрып:

— Не дегенді қайтесің? Жүр, жүр, — деп әйелінің қолынан ұстап дедектете есікті ашып далаға шыға келіпті. Дәл осы мезгілде есігінің алдынадағы жолмен ханның қырық уәзірі өтіп бара жатыр екен. Бұларға Қожанасыр айқай салып:

— Әй, сендер мені тоспай неге кетіп бара жатырсыңдар? — депті. Бұл сөзге ханның өте қу бас уәзірі Қожанасырдың бір іспен шатысып жүргенін сезіп қалып:

— Сенің әйелің өте нашар адам деп естідік, сондай әйелге қор болып жүргеніңе саған көңіліміз қалып кетіп барамыз, — депті.

Бұл сөзді Қожанасыр ести сала санын бір соғып:

— Қап, сенің нашарлығың әлгі ортада білініп қалыпты. Аяқ астында уәзірліктен айырылып қалдым-ау, — деп өкініпті.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Пікірлер