Ертеде жұрт жазға таман жайлауға, қысқа қарай қыстауға қоныс аударып, арлы-берлі көшіп жүргенде, сол төңірекке ақылдылығымен, қайырымдылығымен танымал болған Кәдір деген бай алғаш рет отырықшылдық тіршілікті бастаған екен. Ол көрші елден жердің «тілін» білетін дихан алып келіп, бақша салдырады. Суы мол, топырағы құнарлы жерді жыртқызып, көкөніс ектіреді.
Қауын-қарбызды өмірінде бірінші рет көріп, дәмін татқан ауылдастары байдың бұл бастамасына риза болады. Ісінің оң нәтижесін көрген Кәдір де енді жыл сайын ерте көктемнен өзінің сүйікті шаруасына құлшына кіріседі.
Байдың жаңа тіршілігінен хабардар болған алыс-жақын тұрғындар науқан кезінде арнайы жалданып, табыс табады. Бірде жұмыс сұрап, ала шапан киген бір жас жігіт келеді. Кетпен-шотын әзір ұстап, сақадай сай тұрған жігітке риза болған Кәдір:
— Бақшада жұмыс істей ғой, еңбекақыңды жемеспін, — дейді.
Бақшалықты аралап, жұмыстың ауқымын шамалаған жігіт:
— Алдымен еңбекақы жөнінде келісіп алсақ, — дейді.
— Жарайды, қалауың білсін, — дейді Кәдір жігіттің пысықтығын құптап. — Еңбегіңе не сұрайсың?
— Бес тоқты...
— Келістік, айтқаның болсын, — дейді Кәдір еш саудаласпастан.
Жігіт құлшына жұмысқа кірісіп кетеді. Ерте тұрып, кеш жатады. Күн бойы кетпенін арқалап, бақшаның басында жүреді.
Арада тура ай өткенде жұмыс сұрап, байға және бір кісі келеді. Кәдір бір көзі соқыр, таяқ сүйенген жанның меселін қайтармай оны да бақшада жұмыс істеуге жібереді.
Содан және бір ай өткенде байдың қақпасын дорба асынған диуана келіп қағады. Үсті-басы кір-қожалақ, азып-тозған кісіні бастан-аяқ шолып өткен Кәдір:
— Әй, пірәдар, бүйтіп жүріп бір жерде қылжиып өліп қаласың ғой, одан да сен маған жалданып жұмыс істе, тамағыңды тойдырып, әл-қуат жина, еңбекақыңды да жемеспін, — деп ақыл-кеңес береді.
Бұған диуана келіседі. Сөйтіп ол да бақшадағы жұмысқа араласады.
Сол жылы көкөніс жайқалып шығып, күзге қарай мол өнім жиналады. Бақша күтушілердің еңбегіне сүйсінген бай сондай бір ризашылық пейілмен олардың еңбекақысын үлестіреді. «Істі бірінші бастаған өзің едің, негізгі еңбек сенікі ғой, үлкен рақмет саған!» — деп, Кәдір ең семіз, мықты деген бес тоқтыны қорасынан шығарып, ала шапанды жігіттің алдына салады. «Кейінірек келгендеріңмен, сендер де аянып қалған жоқсыңдар ғой!» — деп және бір бес тоқтыдан қалған екі кісіге бөліп береді.
Бірақ Кәдірдің мұнысына жігіт тулап кеп ашуланады.
— Байеке, бұ қалай, олар менен көп кейін келіп, неге бірдей үлес алуы тиіс?! — дейді ол қатты қапаланып.
— Алса ше, бірақ мен сенің де ақыңды жеген жоқпын ғой, — дейді Кәдір о бастағы екеуара әңгімені еске түсіріп. — Келісілген бес тоқтың әнеки алдыңда.
— Дегенмен кейін келгендер де бес тоқтыдан алғасын, мен олардан көбірек алуым керек емес пе?! — деп жігіт жеңістік бермейді.
Өзара түсінісе алмаған екі жақ биге жүгінуге барады.
Жігіттің шағымын мұқият тыңдаған би:
— Шарт бойынша қанша алашақ едің? — деп арызданушыдан сұрайды.
— Б-бес... тоқты-ы... — дейді жігіт күмілжіп.
— Ал сен нақты қанша алдың?
— Б-бес... т-тоқты...
— Демек, шарт бұзылған жоқ қой! — дейді би жігітті мойындата сөйлеп.
— Бірақ менен көп кейін келгендер...
— Жә, ол жағын да қазір анықтаймыз, — дейді би дауласушылардың қастарында тұрған екі кісіге бұрылып. — Қане, сен айтшы, бақшадағы жұмысқа мына шағымданушы жігіттен қанша уақыт кейін кірістің?
Би таяқ сүйенген адамға иек қағады.
— Бір ай шамасында...
— Сен ше? — дейді би дорба асынған кісіге.
— Екі айдың төңірегінде...
— Істеген еңбектеріңе қандай төлем алдыңдар?
— Бес тоқты-ы... — дейді бір көзі соқыр кісі.
— Маған да бес тоқты тиді... — дейді диуана.
— Бәрі түсінікті, — дейді би өз шешімін жариялауға оңтайланып. — Бұл жерде мен ешқандай әділетсіздікті көріп тұрған жоқпын. Ең бастысы, уәде бұзылмаған. Яғни о бастағы келісілген бес тоқты бірінші жалданушының қолына тиіп отыр. Ал кейінгі екеудің аздау жұмыс істегеніне қарамастан бес тоқтыдан алуы — байдың мырзалығы шығар. Дәлірек айтқанда, олардың бірінің кемтарлығы, екіншісінің тұрмыс-жағдайының нашарлығы ескерілсе керек. Ендеше біз, осынау мұқтаж бейбақтарға қайырымдылық танытқан жанды даттаудың орнына, қайта мадақтасақ етті. Қолдан келсе жақсылық істегенге не жетсін, шіркін! Сол үшін де, әсте, біреудің жомарттығын қызғанбаған абзал-ау.
Бидің шешіміне риза болған Кәдір:
— Мен де осыны айтқан едім ғой саған... — деп ала шапан киген жігітті түсіністікке шақыра оң қолын ұсынады.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі