Өлең, жыр, ақындар

Мұра

Көзі ұйқыға барғанша әжесіне қоярда-қоймай, ертек айтқызатын Айдананың күндегі әдеті еді. Бүгін де:

— Әже деймін, ертек айтып берші! — деп ұйықтамай қойды.       

— Ерте-ерте заманда, ешкі жүні бөрте заманда, түйенің құйрығы келте заманда, қырғауылы қызыл екен, құйрық жүні ұзын екен, — деп бастады әжесі ертегіні. — Үйлері көрші отыратын тату-тәтті үш жігіт болыпты.

 — Олар не қыпты? — деді Айдана ертегінің соңын ұққанша тағатсызданып.

— Айтамын ғой. Үшеуі ұрпақтарына мұра қалдыру туралы келісіпті. Бірінші жігіт «Мен ақша жинап банкке сала беремін» депті. Екінші жігіт «Мен қора-жай салдырамын» депті. Үшінші жігіт «Мен балаларыма өнер үйрете беремін» деген екен.

— Сосын не бопты, әже?

— Талай жылдан кейін үш дос бірінің соңынан бірі дүниеден өтіпті.

— Онан кейін ше?

— Онан кейін олардың балалары үлкейіпті. Үйлі-баранды болыпты. Бір күні жер бетін топан су қаптапты.

— Сосын қайтіпті?

— Сонан кейін, өнер үйренгендер апаттан түгел аман қалыпты.

Бір сәтке ойға шомып үндемей қалған Айдана:

— Әже, мен де өнер үйренейінші! — деп, ұзын кірпігі жиі-жиі қағылып, шанақты қой көздері жыпылықтай бастады.

— Үйренесің, көкем! — деді әжесі әжімді алақанымен немересінің басынан сипап. — «Өнерлі өлмейді» деген сол ғой, балам.

— Әже, сен ертіп барған биік үйден оқимын. Көп тәтелер оқиды екен ғой, сол мектепте? Әл-Фараби атаның тастан жасаған мүсінін көрдім.

— Әл-Фараби аталарың — көп оқыған, көп білетін адам. Сол кісінің атындағы мектеп — сен көрген биік үй. Кейін сол жерден оқисың. Тірі бол, жаным!

Айдана басын әжесінің көкірегіне сүйеп, қатты ұйқы қысқандықтан, қалғи бастады...


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз