Өлең, жыр, ақындар

Әженің қуанышы

Ақжанның ақ әжесі оның ауылға келуін сағына күтті. Қысқы демалыста сәті түсіп, немересі ауылға келгенде, әжесінің қуанышы қойнына сыймай:

— Ақ көгершінім-ау! Сағындым ғой, ақ балапаным! — деп оны аймалай құшып, қарсы алды. Ақ әженің бетіндегі әжімдері сиреп, көзі күлімдеп, нұры жайнап кетті.

— Әжетайым! Мен де Сізді сағындым, — деп Ақжан ақ әжемен құшақтасып, мәз болды. Әжесі «ақ балапанын» аймалап, оның қарақат көзі, қара қасы, тіпті бетіндегі кішкене меңіне дейін өзіне тартқанын енді көргендей, елжірей құшып, бетінен сүйді.

— Аппағым! Ақ балапаным! — деп, сағынышын айта жүріп, ақ әже ас дайындады.
Ауылдағы ақ әженің немерелері мен шөберелері тез-ақ жиналып, Ақжанмен аймаласып, қуанышқа бөленді. Ақжан әжесімен бірге дастарқан жайып, жайраңдап жүр.

— Ақжаным қаладан келеді деп, соғымнан жал-жая, қазы-қарта сыбаға сақтап едім, — деп ақ әже күндей күлімдеп, бір шара етті дастарқанға қойғанда, Ақжан ыңғайсызданып қалды:

— Әже, мен үлкен адам емеспін ғой, осынша сыбағаны...

— Ақ балапаным-ау, сен көптен бері ауылға келген жоқсың ғой... Оның үстіне, Аллаға шүкір, биыл он жасқа толдың.

— Ақ әжем! Аппақ әжем! Әжетайым! — деп, әжесін сүйіп-сүйіп алды да, Ақжан «сыбағадан» дастарқан басында отырған бауырларына «асату» ұсынып, әдеп көрсетіп, мәре-сәре болды.

Сөйтіп Ақжанның ауылға келген сәтін ақ әже той етіп өткізді. Тойда Ақжан:

«Ақ әжеміз — күніміз!
Әженің біз — гүліміз.
Әже, бізді қуантып,
Ұзақ өмір сүріңіз!» —

деп, тақпақ айтып берді.


Пікірлер (2)

Райана

Өте күшті

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз