Өлеңдер Бөлімі

Кітаптар мұңы

Мектептің отын қоймасына біреу бір құшақ кітап әкеліп тастады. Есік қайта жабылуы мұң екен, шеткерірек түскен бірі басын көтеріп алды. «Қайда келдім?» дегендей жан-жағына қарап сәл отырды да, жанында жатқан көршісін түртті. Ол қозғала қоймап еді, жұлқып-жұлқып қалды.

— Ей, тұрсаңшы! Қайда келдік? Тірімісің өзің?

— Ойбай, мазамды алма. Бүйткен тірлігі құрсын! Мұнан да парақтарымның пәре-пәресі шығып, желмен ұшып кеткені жақсы еді.

— Не боп қалды? Жалғыз сенің басыңа келді деймісің, бұл қасірет. Біздің де көрген қорлығымыз аз емес. Биылғы оқу жылын зорға аяқтап шықтық. Басыңды көтер. Жөн сұрасайық. Кімсің өзің? Сыртың бүп-бүтін ғой.

— Сыртымды қайтесің?! — деді анау жер таяна орнынан әрең тұрып. Сыртым бүтін болғанмен, ішім түтін. «Ана тілі» оқулығымын. Мен үшін авторлар түн ұйқысын төрт бөліп, қанша қызмет етті десеңші! Баспа қызметкерлері әрбір әрпімді жекелей теріп, көз майын тауыспап па еді? Сонда кім үшін? Балалар оқысын, сауатын ашсын, адам болсын деген ізгі ниет еді ғой бәрінікі. Мен де қолымнан келгенше өз бойымдағы білімімді беріп, балаларды адамгершілік парасатқа тәрбиелеуге тырысып бақтым. Сөйткен күнім не болды? Сорым қайнағанда, Адырбай деген баланың қолына түсіп, бір жыл болмай мынадай күйге ұшырадым. Егер күтіп ұстаса, келер жылы мені екінші бір бала оқымас па еді? Қайтейін, өткен күнім есіме түссе, сай-сүйегім сырқырайды. Іші-бауырымнан сау жерім қалмады. Жыртылмаған, шимайланбаған, сия тамбаған парағым кемде-кем.

— Біздің де оңып тұрған жеріміз жоқ, әріптесім. Ендеше, мұңдас болдық. Мен «Ерте дүние тарихы» оқулығы боламын, — деді бірінші кітап.

— Сотқарбай деген баланың меншігіне тидім. Әдепкіде оқулық болып, мектеп босағасын аттағаныма қуанған едім. Оным көпке бармады. Бірнеше күн өтпей-ақ, Сотқарбай көзімді бақырайтып қойып, суретімді сиямен бастырып-бастырып сызып тастады. Онан көтеріп жүруге ауырсынды ма, кейде өзіне керекті бір беттерімді жыртып алатынды шығарды. Оқу жылы аяқталған күні мектеп ауласында доп қылып тепкілеп-тепкілеп, сілікпемді шығарды да, тастап кетті.

— Әріптестер, қанша айтқанмен «Ана тілімін» ғой. Менің айтқаныма құлақ асыңдар. Бұл жерде тек кішкентайлар емес, жоғары класс оқушылары да кінәлі-ау!

— Дұрыс айтасың, «Ана тілі», — деді қара көлеңкелеу жерде жатқан бір кітап. — Менің оқушым үйінде парақтарымды жыртып алып, кептер жасап ұшырып ойнағанда қой демейді ғой үлкен ағасы. Сондағы сылтауы: «Оқу жылы аяқталды».

— Бірақ, — деді «Ана тілі» сөзін қайта жалғап, — шындығын айтқанда, әркім өз дүниесіне ұқыпты болуы керек қой. Ондай балалар жоқ та емес, бар. Бар емес-ау, көп. Алайда олардың бір кемшілігі — Адырбай мен Сотқарбай сияқтыларға достық ақыл айта алмай келеді. Мысалы, менің өзім сияқты құрдасым болды. Екеуміз мектеп кітапханасына бір күнде түстік. Қызық болғанда, класта да парталас болдық. Міне, оқушы деп оның иесін айт. Ондай баланың қолына түссең, жаманың болмас, шіркін! Кітабына шаң жуытпайды. Керек бетін белгілеу үшін парағын қайырып бүктемейді. Қағаз салып қояды. Сызбайды, сия тамызбайды. Оның «Ана тілі» кітабы қыстан су жаңа күйінде шықты.

— Енді бізді не істер екен? — дейді бір кітап. — Әлде жинап-жинап, отқа тамызық етер ме екен?
«От» деген сөзден бәрі де селк ете түсті. Бір сәтке үндері шықпай, іштен тынды.

— Мүмкін, бір кәдеге жаратар. Түптер, — деді «Ерте дүние тарихы» сәлден соң басу айтып.

— Түптер, — деді оны кекетіп әлгі кітап. — Түптесе сені түптер, ал түптеуге келмейтін тұттай жалаңаш бізді қайтеді? Көрмеймісің, көзге түсуге де ұялып, бір түкпірде бұқпалап отырғанымды.

— Пысықтығыңа қарағанда есеп кітабы боларсың, — деді оған «Ана тілі». — Дұрыс айтасың. Бізден енді оқулық шықпайды. Осы отырған бәріміз де жарымжанбыз.

— Әріптестерім, отқа тамызық қылады деп ұнжырғаларың түспесін, — деді «Ерте дүние тарихы» жұбата сөйлеп. — Мен тарихты білсем, біздің фабрикада жуып, тазартып, сиямыздан, бояуымыздан арылтып, баяғыдай ақ қағаз жасап, баспаханаларға жөнелтеді. Баспахана қайтадан кітап етіп шығарады. Тек келесі жолы ұқыпты оқушының қолына түссек деңдер.

— Соны айтсаңшы, — деді бәрі бірдей жамырап.


Қарап көріңіз

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

×