Өлең, жыр, ақындар

Өзін-өзі дамытуға арналған ТОП-5 кітап

Қазіргі таңда, жастар арасында  «Өзін-өзі дамыту» термині кең таралып жатыр. Бұл арқылы жастардың күннен-күнге ой өрісінің дамып, өзгеруге ұмтылатынын байқаумызға болады. Ал, өзіндік даму үшін кітап оқу керектігі белгілі. Тек қана кітап оқып қоймай, сол кітап арқылы дамудың жолдарын біліп, уақытты тиімді пайдалануға болады. Бұл мақалада әрбір адам оқуы тиіс, жаңа өмірге қадам басуға септігін тигізетін, мотивациялық ең үздік кітаптарды жинадық

Америкалық жазушы, мотиватор, коуч Дэвид Шварцтың әлемге әйгілі «Үлкен ойлаудың сиқыры» (The Magic of Thinking BIG) кітабы сіздің ойлау қабілетіңізді толықтай өзгертетіні сөзсіз. Бұл кітап 1959 жылы жарық көріп, бірден бестселлер болған кітаптың бірі. Оқырмандар арасында өте жоғары сұранысқа ие.

Шыққанына 60 жыл болғанына қарамастан, неліктен әлі күнге дейін актуалдығын жоғартпаған? Себебі Дэвид Шварц кітапта уақыттан тыс мәселелерді көтерген: не білімнің, не экономикалық жағдайдың нағыз жетістікке жеткізбейтіндігі. Автордың айтуы бойынша, бұл сұрақтардың шешімін тек – кең ойлау арқылы табуға болады. Кең ойлаудың сиқыры, өзіндік даму жайлы кітапта толық баяндалған.

Екінші ұсынатын кітабымыздың бірі – «Сіздің ойыңызды өзгертетін 101 эссе» (101 Essays that will change the way you think). Авторы Америка Құрама Штаттарынан шыққан танымал жазушы, психолог, поэт – Брианна Виест.

 Бұл кітап ой мен шабыттың нағыз көзі деп айтсақ еш қателеспейміз. Оқырмандардың сенімдеріне, мінез-құлықтарына және көзқарастарына анализ жасауға шақырады. Бұл өзіңізді және әлемді тереңірек түсінуге ықпалын тигізіп қана қоймай, жеке өміріңізді оң бағытқа қарай өзгертетін кітаптың бірі. 

Брианна Виесттің 101 эссесі – жеке даму және философия жанрындағы ойландыратын эсселер жинағы. Бұл кітапта өзіндік рефлексия, өмір философиясы және жеке өсудің көптеген тақырыптары зерттеліп баяндалған. Автордың бұл шығармасы шынайылығы, жазу стилі,  өзіндік анализге жетелеуі, түсіндіру шеберлігімен ерекшеленеді.

 Өз қырларыңызды ашуға, сүйікті ісіңізді табуға жапон ғалымы Кен Могидің «Икигай» атты кітабі еш күмәнсіз көмектесетіні анық. 

 «Икигай» (жап. «өмірдің мәні») кітабымен сіз ұсақ-түйектерге шынайы қуана білуді, сабырлық пен жан тыныштығын, тіпті жаңа хобби немесе өмірдегі мақсатыңызды табуыңыз ықтимал. Өмірдің рақатын сезіне білу, уақытты пайдалы істерге жұмсау, қанағаттану, ұзақ өмір сүрудің құпиялары мен жолдары толық баяндалған. Осы тұрғыда айта кететін жайт жапондықтар –  әлемдегі ең ұзақ өмір сүретін халықтардың арасында бірінші орынды алады. Кітаптағы «Кішкентай қадамдардан бастаңыз және әр қадамыңызды аяғына дейін жетілдіріңіз» - деген қанатты сөздің өзі жанға қуат бітіріп, бір ойландырып жіберетіні анық. Икигайды білгеннен кейін адам ойын ретке келтіреді, айналасындағы сұлулықты байқай бастайды және өмірінің барлық салаларында үйлесімділікке ие болады.

«Ойлан және байы» Наполеон Хилл. Бұл кітап кітапсүйер қауымның жеке кітапханасында міндетті түрде болуы керек. 1937 жылы жарық көріп, бүгінгі күнге дейін жоғары бағаланады. Кітап авторы – Наполеон Хилл әйгілі америкалық психолог, журналист, Франция президентінің кеңесшісі. «Ойлан және байы» дүниежүзілік рейтингте бай болуға арналған кітаптар арасында бірінші орында және барлық уақыттағы ең ықпалды top-10 бизнес бестселлерлерінің бірі. Бай болудың сыры, мақсат қоя білу, сол мақсатқа жету жоспарын күнделікке жазу, автор ұсынған арнайы философияны қолдану арқылы кез-келген жетістікке жетудің жолы қамтылған. Кез келген салада табысқа жетуді қалайтын адамдарға бұл кітаптың берер пайдасы теңдессіз. Ондағы берілген практикалық кеңестер жазушының Генри Фордтан, Билл Гейтстен, Томас Эдисоннан және Стивен Спилбергтен алынған сұхбаттарына сүйене отырып жазылған. Онда автор: «Кедейлік - бұл ақыл-ойдың күйі. Сәттілік- тек жетістікке жетуді ойлайтындарға келеді» деген тұжырымға келеді. Сізге уақытты жоспарлауға, тиімді нәтиже табуға, өзіңізге сенуге үйретеді.  Аңызға айналған бестселлердің 70млн.нан астам данасы сатылып, әр оқырманның жүрегінен ерекше орын алған.

Ең соңғы ұсынатын кітабымыз – Кемел адам кітабы. Авторы қазақтың белгілі жазушысы Қайрат Жолдыбайұлы.

Автор бұл кітапта жан-жақты жетілген идеалды адамның қасиеттері мен ерекшеліктерін түсіндіре отырып, оқырманын кемелденуге шақырады. Кітап «2022 жылдың ең үздік бестселлері» атағын иеленді.  Кітапта кемелденудің психологиялық кедергілері жайлы, адам денсаулығының маңыздылығы, оны дұрыс күтудің жолдары, уақытты тиімді пайдалану және жоспарлау тәсілдері, қаржылық сауаттылық, тапқан табысты нәтижелі жұмсаудың бағыт-бағдары айтылады. Кітапта айтылған тұлғалық дамуға бағдарлаушы құрал ретінде арнайы «Кемел адам күнделігі» ұсынылған.

Абай айтқан нағыз толық адам болу жолы жай-жапсарымен түсіндірілген. Қайрат Жолдыбайұлы кітапта атақты ғұламалар мен ғалымдардың цитаталарын үлгі ете отырып, өмірдің қиыншлығы мен кедрегілерінен сүрінбей өту үшін мотивациялар мен қанатты сөздерді де қамтыған. Қазіргі заман жазушыларының шығармаларының арасында бұл кітап өзектілігі мен жазылуы ерекше, даму жолындағы әрбір тұлға оқуы тиіс кесек еңбек.  


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Жанайым

Кітап оқу адамды білімді, тапқыр етеді

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз